Сәрсеке, М. Сексен бестің төрінен : таңдамалы туындылар / М. Сәрсеке. - Нұр-Сұлтан : Фолиант, 2020. - 700 б.
Автордың ой толғанысы: Әрбір қаламгердің өмір бойы толғаған еңбегін қайыра оқып, хал қадірінше іріктейтін межеулі уақыты болады.
Сол кезең маған сексен жастың өрінен өткенде туып, содан былай тыңнан шығарма толғаудан тыйылып, алпыс жылдан астам уақыт жазған және жариялаған әдеби еңбектерімді екшеп, Семейдегі мемлекеттік қорға өткізерде соларды тағы бір мәрте сұрыптауға отырдым. Нәтижесінде он томға жуықтаған қомақты жазбаларымды және солар үшін өмір бойы жиған терген деректерімді тақырыбына қарай іріктеп, тергізіп, солардың екі данасын Семейдегі мемлекеттік арнайы қорға, Абай атындағы және Орталық кітапханаға тапсырдым.
Сол жұмысты қамдау кезінде төтенше ой туып, кейбір жазбаларымды, таңдаулы туындыларымды, әлбетте көлемі қомақтыларын емес, солардың да қажет-ау деген үзінділерін және кейбіріне жазылған әдеби қауым пікірлерін іріктеп әр кезде баспасөз бетінде жарияланған сұхбаттарды немесе басымнан кешкен оқыс та мәнді оқиғалар баяндалған жазбалардың кейбірін қорытынды жинақ ретінде жариялауға ой туды.
Қолыңыздағы соңғы жинақ сол себептен де «Сексен бестің төрінен» таңдамалы туындылардан құрастырылды......
Құрметті оқырман қауым, сексен бес жастың өрінде отырып, іңкәр көңілмен дайындаған осы туындымды өзімді қадір тұтатын оқырманға сый ретінде ұсындым. Ендеше кітап сіздің еншіңізде.
Абайдың киелі даласы = Степная планета Абая = The steppe planet of Abai : фотоальбом. - Өскемен : ИП Бейсембаева С.В., ИПФ Артекс, 2020. - 148 б.
Абайдың киелі даласы атты фотоальбом жоба негізінде шығарылды. Жоба-жазушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар аясында іске асырылды. Жоба бастамашысы-Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, жобаны әзірлеушілер -жоба жетекшісі жазушы Щербаков Б. В., жобаның тең жетекшісі кітапхана директоры Шағиева Б. Ж., кординаторы Сакпанова Ж. С.
Фотоальбом - ұлы жерлесіміз Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы жайлы әңгімелеудің тағы бір мүмкіндігі. Осы күнге дейін ақын туралы 2 мыңнан астам кітап, очерк пен мақала жазылды, қазір ол жайында жаңа дерек айту -оңай іс емес. Ақын тұлғасы қай дәуірдің абайтанушылары үшін болмасын, сыры әлі толық ашылмаған асыл қазына, мүмкін, алдағы уақытта ақын Қара сөздерінің халқының тарихы мен мәдениетіне әсері жайлы әлі де көп жаңалықтар ашылар. Ұлы даланы жан жүрегіңізбен сезінсеңіз, дала өзі жайлы емес, өз төсінде қанат қаққан қазақтардың өмірі, ұлттың асыл перзенті Абай, киелі жердегі Ұлы тұлғалардың өмірі жайлы сыр шертеді.
Кітап сіздің игіліңізде. Келіңіз кітаппен таныс болыңыз.
Нұрлан Мәукенұлы – өмірден ерте өтсе де, соңына өміршең поэзиясын қалдырған талантты ақындардың бірі.
Нұрлан Мәукенұлы 1995 жылы «Жалын» баспасынан алғаш шыққан «Бойтұмар» атты тұңғыш жинағын кітапхана қорына тарту еткен еді. Кітапта «Пушкин ақын кітапханасы рухани әлемнің ордасы бола берсін»,- деген қолтаңбасы бар. Кітап сирек қорда сақтаулы.
«Бойтұмар» жинағындағы өлеңдерде жыраулар дәстүрі, қазақтың қара өлеңі жаңа пішінде түрленіп, терең ой, сабырлы пайым, сыршыл сезімге толы тың бейнелеулер молынан кездеседі. Өлі мен тірі, өткен мен бүгін, жақсы мен жаман туралы толғаулар лирикалық әуенмен көмкеріліп, оқырманын ерекше сезімге бөлейді. Табиғаттағы әр құбылысты қалт етпей бағып, оны астарлы, тұспалды өлеңге айналдырған ақынның бұл кітабына өмірінің соңғы жылдары жазылған таңдаулы жырлары енген.
Танымал есімдер -http://imena.pushkinlibrary.kz/.../pisateli-i.../2004-.html
Толық мәтінін өлкетану электрондық катологынан оқи аласыз.
http://irbis.pushkinlibrary.kz:8087/jirbis2/index.php?
#НурланМәукенұлы #Ақын #Сирекқор #Пушкинкітапханасы
Алаш жылнамасы / құраст. Б. Уәли. - Алматы : Ел-шежіре, 2020. - 120 б.
«Алаш жылнамасы»- Қазақ ренессансының шежіресі. Бұл кітапқа Алаш қозғалысының тарихына байланысты маңызды даталар мүмкіндігінше толық жинақталды.
Алаш қозғалысы бар болғаны ширек ғасырға да жетпейтін мезгілге созылып қайғылы аяқталғандай көрінгенімен, бүгінгі күн биігінен көз салсақ оның таңқаларлықтай жемісті болғанын байқаймыз. Жылнама-күнтізбе емес. Жылнаманың ауқымы одан әлдеқайда кең.
Кітап шартты түрде бірнеше тарауға бөлініп, Алаштың басталуынан, аяқталуына дейінгі кезең қамтылған.
Қадірлі оқырман! Алаш жылнамасы қажеттеріңізге жараса-біздің мақсатымыздың орындалғаны. Азашқа қызмет ету-қашанда асқақ борышымыз.
Естеліктегі Алаш. - Нұр-Сұлтан : Алашорда, 2020. - 488 б.
Кітапта Алашорда қайраткерлерінің мемлекетшілік сана биігіндегі жасампаздық ғұмырларының тарихи тағылымына байланысты түрлі жанрдағы естеліктерден үзінділер берілген. Тоталитарлық жүйе қылмысын айғақтайтын Алаш зиялыларының жарлары мен ұрпақтары, мұраттас серіктері мен ізбасар тұлғалардың, елшіл азаматтардың қанмен жазылған естеліктері тәуелсіздігімізді қастерлеуге, асылдарымызды бағалауға ой салады.
Ғылыми-танымдық басылым ұлтымызды азаттық пен рухани кемелділікке бастаған марғасқаларымызды өзгеше бітімдегі бекзат болмысы мен асыл қасиеттерін, өнегелі өмірі мен қайсарлыққа толы табанды күрескерлік қызметін танып білуге арналған.
Кітап сіздің еншіңізде.
Әдебиетте «Абайдың ақындық айнасы» деген ұғым қалыптасқалы біраз жыл болды. Осы бастаманың негізінде Абайдың айналасындағы сөз зергерлерінің шығармалары жарық көріп, жұртқа таныстырылып келеді. Сол бір әдеби үрдістің аясында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық музейі ақын Ахат Шәкәрімұлының шығармалар жинағын жарыққа шығарды. Ахат шығармашылығына қатысты ақпарат музейдің Фейсбук парақшасында жарияланды.
Музей қызметкерлері бірнеше ғылыми концепция негізінде жұмыс атқарады. Соның бірі – концептуалды бағыт деп аталады. Бұл бағыттың негізінде Абай музейі өздеріне тікелей қатысы бар тұлғалардың мұрасын қорда бар деректермен толықтырып шығару және монографиялар мен ғылыми зерттеулер жазуды жоспарлапты. Соның ішіндегі соны тақырыптардың бірі ретінде Ахат Шәкәрімұлының шығармаларын бір томдық жинақ қылып жарыққа шығарған. Ақынның 120 жылдық мерейтойына орай жарық көрген «Ахат Шәкәрімұлы. Шығармалары» атты кітаптың жалпы редакциясын музей директоры Тұрдықұл Шаңбай басқарған.
– Бұл жинақ негізінен Ахат Шәкәрімұлының зайыбы Бәтима Жакенованың Абай музейіне өткізген материалдары негізінде дайындалды. Жинақта ақынның өлеңдері мен поэмалары және естеліктері берілген. Ахат Шәкәрімұлы поэзиясының жанрлық тұрғыда да тынысы кең. Оны ақын өлеңдерінің тақырыптық-мазмұндық молдығы, поэмаларының эпикалық ауқымы көрсетеді. Сонымен қатар Ахат ақсақалдың естеліктері хакім Абай, данышпан Шәкәрім және Абайдың ақындық мектебінің ірі өкілдерінің өмірі мен шығармашылығына шынайы сәуле түсіретін терең тарихи мазмұнымен де өзгешеленеді», – деді музей директоры Тұрдықұл Шаңбай.
«Жәрдем» баспасынан жарық көрген бұл кітап 448 бетпен қатталыпты.
Алтай Ғали-Асқар
А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының қоры журналист Оңдасын Елубайдың «Ғұмыр дастан» атты кітабымен толықты.
Қазақ спорты журналистерінің көшбастаушылар тұғырынан белгілі қаламгер Оңдасын Елубайдың көрінуі заңдылық, оның есімі спорт десе ішкен асын жерге қоятын ел оқырмандарына жақсы таныс. Бұл жинаққа автор өзі туын -өскен Кенді Алтайдың , бүкіл елімізге әйгілі спорт сайыпқырандары, сондай-ақ Алаштың көк байрағын Әлемдік дүбірлік додаларда желбіреткен майталман спорт жұлдыздарының жеңісті сәттері енген. Автордың журналистикадағы қадамы, спорт әлеміне неліктен терең бойлауы жайлы да айтылады.
Автордың жаңатуындысында өңірдегі бұқаралық спорттың дамуы, жас ұрпақтың бойында Отансүйгіштік, патриоттық сезімдердің қалыптасуына әсер ететін жайлар баяндалады. Кітаптың тілі жеңіл, өзі куә болып, түсірген суреттері енгізілген.
Құрметті оқырмандар!
Назарларыңызға 2021 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша аталып өтілетін және еске алынатын күндер күнтізбесін ұсынамыз.