Қоңыр әулие үңгірі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Шыңғыстаудың батыс жағындағы Шаған өзенінің оң жағалауына орналасқан. . Үңгір ішіндегі көлдің ұзындығы 25 метр, ені 10, кейбір жерінің тереңдігі 5 метрге дейін, көлемі әр жылы бір түсіп, бір көтеріліп тұратыны анықталған. Көл суының орташа температурасы 4С. Жергілікті қариялардың айтуына қарағанда бабаларымыз ерте заманнан көлдің емдік қасиетін білген, жоңғарлармен шайқастан соң жараларын емдеу үшін көл суына түскен. Шыңғысхан әскері де осы көлге тоқтап, жараларын емдеген. Аңыз әфсаналарға құлақ түрсек 15 метрлік су астындағы құпия есік арқылы үлкен қуыс – үңгір - жұмбақ хан Шыңғыс ханның соңғы мекені болуы да мүмкін.
1892 жылы «Витебские губернские ведомости» газетінің №63 санында Қоңыр әулие үңгірі жайында мақала жарық көріпті. Онда бұл үңгір жайында: «Қоңыр әулие – қазақтардың Семей маңындағы әулие үңгірі, онда адам бойындай әйелдің мүсініне тәу етуге көптеген адамдар келіп жатады. Оның айналасында тастан жасалған ұсақ заттар, моншақ және қола мүсіншелер шашылып жатады. Әулие маңында құрбандық шалынады, індет болған жағдайда ауырған мал да осы жерге әкелінеді» деп жазылған екен. Кейіннен «Семипалатинские вести» басылымында Семей өлкесін зерттеуші Виктор Брюхановтың Қоңыр әулиеге жасаған сапары туралы жазбасы жарияланады. В. Брюханов - 1897 жылдан Семей қаласында тұрған. Семейдегі қалалық училищенің 5-класын бітіріп, 1900-1904 жылдары Семей облыстық статистика комитетінде қызмет істеген. Сол жылдары шаруалар бастығының іс-қағаздарын жүргізуші қызметін атқарған В. Брюханов Абаймен бірнеше рет жүздесіп, ақынның балалары, туған-туыстарымен, әсіресе, Тұрағұл, Шәкеріммен араласып тұрған көрінеді. Қоңыр әулие үңгіріне қатысты деректерде, осы үңгір қабырғаларының бірінде Ұлы Абайдың арабша жазылған қолтаңбасы бар екендігі де айтылады.
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының «Өкініште» атты тарауында да Абайдың Петербордан келген Әбішті сергіп, серпіліп қайтсын деп Қоңыр әулиеге жіберетіні баяндалады. Сонда үңгірдің маңындағы қорымдарға таңдана қараған Әбішке Абайдың шәкірті, әрі інісі Көкбай ақын Қаракерей Қабанбай батырдың Абылай ханның тапсырмасын орындап, қалай «Дарабоз» атанғаны туралы әңгімені айтып береді.
Көнекөз қариялар бұрын осы үңгірде шалқалай жатқан әйелдің тастан қашалған мүсіндері мен 15 шақты балбал тастардың, кіреберісте «лотос» тұрпатында тұғырда отырған адамның тас мүсіні болғанын да айтады. Бірақ уақыт өте келе ол мүсіндер қолды болғанға ұқсайды. Немесе ол мүсіндердің осы маңда қырық жыл бойы болған ядролық сынақтың нәтижесінде үңгірдің төбесінен опырылып жерге құлаған алып тастардың астында қалып қоюы да ғажап емес.
Үңгірдің өзі және ішіндегі көлшіктің суы қасиетті саналып, ғасырлар бойы елдің тәу етіп, құрбан шалатын жеріне айналған. Үңгірінің түп жағында жылап аққан бұлақ көзі бар. Қоңыр әулие үңгірі көпшілікке бұрыннан белгілі, мұнда дертіне шипа іздеген, құдайдан бала тілеген жандар осы күнге дейін көптеп келіп жатады. Қоңыр әулиеге қатысты аңыздар да баршылық.
Save