Жетісу Алатауының Барлық бөктерінде, теңіз деңгейінен 579 м биіктікте орналасқан республикалық мәні бар бальнеологиялық шипажай.
Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Қабанбай (бұрынғы Жарбұлақ) ауылынан 18 км, Алматы темір жолының Жалаңашкөл станциясынан 55 км, Алакөл көлінен 22 км жерде, Барлық ауылының батыс жақ шетінде орналасқан.Өскемен мен Семейден 600-700 шақырым қашықтықта жатыр.
Шипажай маңында 1,5 шақырым аралықта 13 термалды минералдық су көздері бар. Суларының құрамында күкірт, хлорлы сульфат, кремний қышқылы бар. Судың температурасы 20-43 С°. Шипажай суы химиялық құрамы жағынан Цхалтубо, Сары-Агаш, Алма-Арасан шипажайларының суларына ұқсас. Минеральды сулармен тері ауруларын, буын жүйке, асқазан ауруларын, тыныс органдарын, гинекологиялық т.б. ауруларды емдейді. Демалушыларға физиотерапевтік, сылау, гинекологиялық кабинеттер, емдеу-сауықтыру бөлмесі, 1, 2.3 адамдық номерлер қызмет көрсетеді. Күнделікті арнайы көлікпен Алакөлге апарып тұру ұйымдастырылған.. Санаторий аяқ-қол, буын, жүйке жүйесі, тері ауруларын емдеуге арналған.
Барлықтың жотасында бұрқылдап шығып жатқан қайнарларды ел іші «көз суы», «жүрек суы», «асқазан суы» деп айдарлап айтады. Шындығында, атауында тұрғандай, жанары нашарлаған қариялар «көз суын» қарашығына тамызып, асқазаны ауырғандар «асқазан суын» ішіп, ем-домын алып жатады. «Көз суының» құрамында күміс бар. Әрине, шипажайдың ішінде астауға құйылатын ыстық су басқа. Ыстық демекші, бұл судың температурасы 42-43 градусқа дейін жоғары. Жалпы, мұнда 13 термалды минералдық су көздері бар. Су құрамы күкірт, натрий, хлорлы сульфат, кальций, кремний қышқылына бай. Арасан суы жыл сайын тексеріледі. Геологиялық экспедиция мамандары жүргізетін жұмыстардың қаржысы да қомақты. Өткен жылы 2 млн. 500 мың теңгеге зерттеу жұмыстары жүргізіліпті. Мамандардың айтуынша, Барлық-Арасанның суы химиялық құрамы жағынан Цхалтубо, Сарыағаш, Алма-Арасан шипажайларының суларына ұқсас келеді. Жүйке жүйесі мен тері, буын ауруларына таптырмас ем. Содан ба, бұл шипажайда кеңестік әйгілі ғарышкерлер Павел мен Марина Поповичтер де емделген. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовтың жақсы көретін қайнарларының бірі осы Барлық сулары екен. Қайнар суы қыста қатпайды. Шипажай басшылары қар түсе ыстық суды далаға ағызып жібереді. Егер кранды жапса, жерасты суы басқа жаққа ауып кететін көрінеді.
«Барлық-Арасан» шипажайының қызмет көрсетуі Алакөл жағалауындағы демалыс маусымына тікелей тәуелді екенін айта кету керек. Арасан суына келушілердің басым бөлігі көл жағалауында демалушылар. Сондықтан сауықтыру орталығы жаздың екі айын ғана тиімді пайдалана алады. Яғни, 15 маусымнан бастап есігін айқара ашатын санаторий тамыз айының соңына дейін жұмыс істейді. Сауықтыру орнына негізінен Өскемен мен Семей, Алматы қалаларының тұрғындары келеді. Соңғы жылдары еліміздің батыс өңірлерінің демалушылары да келе бастапты. Екі айға созылатын маусымда мыңға жуық адам демалады.
Әдебиеттер:
Жақсыбаев Д. Дертке дауа, жанға -шипа "Барлық -Арасан" [Мәтін] / Жақсыбаев Д. // Ертіс өңірі. - 2004. - 8 шілде.- Б.4
Камалов Ә. Алтынның қолда барда қадірі жоқ [Мәтін] : ["Барлық- Арасан" санаторийінің проблемалары] / Камалов ә. // Дидар. - 1999. - 17 сәуір.- Б.
Шүркімбаев М. "Барлық-Арасан" санаториі [Мәтін] : [Шипалы судың ашылу тарихы мен бүгінгі күнгі атқарып отырған қызметі жайында] / Шүркімбаев М. // Уақыт тынысы. - 1998. - 8 тамыз
Нұрпейісова, Гүлмира. Қасиетті Алакөл, шипалы Барлық-Арасан [Мәтін] / Г. Нұрпейісова // География және табиғат : республикалық ғылыми-педагогикалық журнал. - Алматы, 2010. - N 1.- Б.50-55.