1941 жылдың наурыз айында Шыршық қаласындағы 194 атқыштар дивизиясының құрамында қызмет еткен бір топ офицерлер мен сержанттар Өскеменге келіп, бекініске орналастырылды. Олардың алдына жаңа бөлімшелер құру міндеті қойылды. Келгендердің барлығы бөлімшелердегі әртүрлі лауазымдарға тағайындалды.
1941 жылдың сәуірінде олардың қатары жан-жақтан әскерге шақырылғандармен толықтырыла бастады. Сөйтіп, 238 атқыштар дивизиясының 405 атқыштар полкі құрылды. Мамыр айында салтанатты түрде полк туы тапсырылды. Сол ту күні бүгін Мәскеудегі Қорғаныс Министрлігінің мұражайында сақталған. Семей мен Аягөзден орын ауыстырғандар келіп қосылып, тағы ба басқа бөлімдер құрыла басталы. Дивизия штабы Семей қаласында орналасты.
Шығыс Қазақстанда жасақталған дивизияның құрамының негізін жергілікті қазақтар мен снайперлер арасында қазақ қыздары құрады. Шілде айынан 15 тамызға дейін дивизия өте үлкен әскери дайындықта болды. 15 тамызда бас штабтың ұйғарымымен дивизия Иран шекарасына, стратегиялық маңызы бар пункттерге бақылау жасауға жіберіледі. Көп ұзамай Термез қаласында әскери дайындықтарын жалғастырады.
1941 жылдың қыркүйек айының аяғында дивизия Батыс майданға келіп түседі. Тула қаласының маңында Щекино - Ясная Полянада қорғаныс шебіне орналасады. Жау Мәскеуге қарай майдан шебін бұзуға ұмтылған еді. Алексин қаласының түбінде дивизия алғаш рет майданға кіреді. Кескілескен ұрыста жау күшінің артықтықшылығына қарамастан дивизия шепті ұстап тұрды. Тек 6 - желтоқсан күні Бас қолбасшының бұйрығымен Батыс майданы жаппай шабуылға шықты. 1942 жылдың желтоқсан-қаңтар айларында дивизия 260 шақырым алға жүріп, жау әскеріне үлкен шығын әкелді. Осы уақыт ішінде Алексин, Недельное қалаларын азат етіп, Юхнов қаласына жақын келді. Мәскеу түбінде жауға қатты тойтарыс беріп, ерлік көрсеткені үшін, 238-атқыштар дивизиясына 30-Гвардиялық атағы берілді. Ал 405 атқыштар полкі 90 Гвардиялық Полк болып қайта құрылды. Мәскеуді қорғауға қатысқан бес дивизия Қазақстанда жасақталса, оның екеуі әйгілі 316 Панфилов дивизиясы мен осы 238 атқыштар дивизиясы болатын.
1985 жылы Ұлы Отан соғысының 40 жылдық мерекесіне орай 30-Гвардиялық Дивизияның тірі қалған жауынгерлері Өскемен қаласына жиналды. 1985 жылы 9 мамырда шақырылған қонақтардың, қала жұртшылығының қатысуымен салтанатты түрде қаланың бір көшесіне 30 Гвардиялық Дивизияның аты берілді.Көше атауы келешек ұрпақтарға аға буын өкілдерінің ерлігі мен даңқты жолдары туралы сыр шертетін болады.