Қонақүй «Баян» деген, емі қандай,
көгорай, сыңғыр бұлақ – жері қандай!
Саумал ма, сарықымыз, бестісі ме –
бас қойып қылғытасың тегі қанбай !
Фариза Оңғарсынова
«Баян» шипажайы – 2007 жылдан бері марал өсіріп, осында ағылған жұртқа қызмет көрсетіп келе жатқан өңірге ғана емес, елімізге белгілі туристік фирмалардың бірі. Тұмса табиғаттың аясында орналасқан шипажайға келушілер түрлі ем-шаралар қабылдап, дерт-дербезінен айығудың жолын іздейді.
Пантымен емдеу кешені 2007 жылы ашылған.Демалушылардың саны күн санап артты. Сұранысқа сай Марал шаруашылығы жанынан жаңа ағаш үйлер демалушыларға қызмет көрсетеді. 2013 жылы панты өндіру зауыты іске қосылды. Зауыт панты мен шөптен 16 түрлі дәрі-дәрмек өндіреді. Алтайда мыңнан астам дәрілік шөптер өседі. Оның 26-сы Қызыл кітапқа енген.
«Баян» шипажайына демалу үшін келетін халықтың саны көп. Сондықтан, шипажай қызмет түрлерін мүмкіндігінше жылдан-жылға көбейтіп келеді. Қазіргі уақытта панты ваннасында емдеудің жолын жақсы игерілген. Панты ваннасына 15 күн бойы түседі. Әр жолы 15 минут отырады. Одан артық отырса, зияны тиюі мүмкін. Себебі, пантының қуаты күшті. Бұдан бөлек фито бөшкеге салу, панты бөшкемен булау, панты ингаляциясы, панты сорпасына орау, панты-бар, фито-бар арқылы емдеу, панты маскасы арқылы бет-әлпетін әрлендіру, аяқ ваннасында буын-буыны ауырған жандарды терлету, желқұзынан айықтыру, панты майы арқылы массаж жасау – бәрі өзіндік қағидасы бар емдеу тәсілдері..
20-45 жас аралығында бала сүюге зар болған жұптар көп келеді. Пантының күшін, қасиетін білетіндердің дені осында келіп емделіп, сәби сүйіп, бақытты отбасына айналып жатады. 70 жасқа дейінгі егде кісілер негізінен буын сырқатымен көп ауырады. Тізелері бүгілмей, буын-буыны қақсайтын кісілер осында келіп емделсе, ауруынан тез айығып кетеді. Пантымен емдеудің тәсілін дұрыс қабылдасаңыз, түрлі аурудың алдын алып, денсаулығыңыз тез оңалады. Ең бастысы, адамның иммунитетін көтеріп, тамақтануы жақсарады.
Шетелден келген қонақтар Алтай маралдарының қадірін жақсы бағалайды.. Германия, Ресей, Швейцария, Израиль, Қытай секілді елдерден жыл сайын келетін тұрақты туристер бар.