Біздің кітапхана қорына ұстаз Сембаева Күлмай «Ардагерлер ұмытылмайды» атты кітабын сыйға тартты.
Бұл шағын кітапшаға 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында болған Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Ұранхай (қазіргі Аблакетка) ауылдық кеңесі аймағындағы «Қызыл Ту» және «Қызыл Жұлдыз» колхоздарына қарасты бұрыңғы Тоқсанбай, Қошанай, Баулық, Төлеке, Шөже, Алдай, Медведка, Көпбала, Бестерек т. Б. Шағын ауылдардан аттанған соғыс ардагерлерінің, бақилық болған жерлес аталарымыздың, қандастарымыздың аты жөні, біраз деректері жинақталған.
Оқырман, келешек ұрпқ өз ауылында да осындай батыр аталары бар екендігін мақтан етсін, үлгі тұтсын. Аталарының қаны төгіліп алынған бейбітшілік шыңын, Жеңіс туын жоғары ұстасын, адал еңбек етіп, Отанын, туған елін, жерін жанындай сүйсін, қорғасын, өркендетсін дегім келеді.
Оқырман кітап сіздің еншіңізде!
Құрметті оқырмандар және ұстаздар!
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Сіздердің назарларыңызға А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы сайтының Өлкетану бөлімінде және YouTobe арнасында «Туған өлкем – тұнған тарих» атты дәрістер циклі ай сайын ұсынылады. Дәрістер Шығыс Қазақстан Өлкетануы, өлкеміздің тарихы, жер-су атаулары, зерттелуі т.с.с. тақырыптарды қамтиды. Дәріскер - С. Аманжолов атындағы ШҚУ «Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының магистрі – Калимолдина Жаннета Амангелдіқызы.
Аталған дәрістер циклінің өлкетанушылар, жас зерттеушілер, мамандар, ұстаздар мен қалың тыңдарман қауым үшін танымды әрі пайдалы болары сөзсіз. Ендеше, баршаңызды туған өлкеміз жайлы толығырақ мәлімет алуға шақырамыз!
http://kray.pushkinlibrary.kz/kz/tarih-betterinde/tu-an-lkem-t-n-an-tarikh-d-rister-tsikly.html
https://www.youtube.com/channel/UCG0c3j2pEcCBAh06yxUnPGQ
А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының кітап қорына жерлесіміз Талғат Қашқынбаев «Тұнық бастаулар» атты 2021 жылы баспадан шыққан кітабын сыйға тартты.
«Тұнық бастаулар» кітабы Талғат Қашқынбаевтың ой-толғаулардан тұратын естеліктер жинағы деп айтуға болады. Кітаптың аты айтып тұрғандай, автор өз өмірінің өзегіне нәр берген бұлақ көздері, яғни кіндік кескен туған жері, шаңын бұрқыратып, жалаңаяқ жүгірген ауылы, білім нәрімен сусындатқан алтын ұя мектебі, бала күнгі достары мен ұстаздары және өзінің ет жақын туғандары жайлы сыр шерткен. Жинақта әр туынды оқырманды бауырмалдыққа, бірлікке, сыйластыққа, ағайын арасының татулығына жетелейді. Адамдарды өзіне берілген қысқа ғұмырды бағалай білуге, өмірді мәнді де сәнді етіп өткізуге баулиды.
Кітаптың авторы Талғатты, сонан соң оның ниеттері аппақ қардай таза, тау бұлағындай мөлдір кейіпкерлерін сағынып отырғаныңызды пайымдайсыз.....
«Тұнық бастаулар».... Кітап тоғыз бөлімнен тұрады екен. Әрине бөлімдердің дәл осындай мөлшерде көбейтпесе де болушы еді. Кітап авторы алғашқы «Туған өлкем –атамекен, ақ мекен» атты бөлімінде, қазақтың шет-шегі жоқ дархан даласы, жаңағы даланың өзіне қымбат бір пұшпағы Төр Алтай, кіндік қаны тамған алақандай ауылы Шыңғыстай, сол түйнемдей мекеннің суын сулап, жерін жерлеп жүрген аяулы да, жанкешті жерлестері хақында тебірене сыр шертеді.
Жер бетінде дәл Талғаттың әкесіндей әке, дәл Талғаттың анасындай ана, дәл Талғаттың аға-бауыр-қарындастарындай кіндіктестер мүлдем жоқ сияқты. Таусыла жырлайды, таусыла сағынады. Берікбол, Серікбол, Жанұзақ ағаларымыздың соқтықпалы-соқпақсыз ғұмыр жолдарын толқымай, жүрек дірілінсіз оқу-аса қиын. Талғат осы жинағында бірнеше әулеттің шоң шежіресін жазып шығыпты.
Кітап сізді адамзатты өлердей сүюге, өлердей сағына білуге тәрбиелейді. Неге десеңіз, бұл кітап - Сағыныш сабағы ! Ендеше, кітап сіздің еншіңізде !
Уалханова Рақия Нұралықызы
Ұлы Жеңіс мерекесіне орай А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы «Майдан хаттарынан» виртуалды акциясын ұйымдастырады.
Акцияның мақсаты - жеңімпаз сарбаздардың ұрпақтарына жеткен майдан хаттар арқылы Ұлы отан соғысының тарихын айта отырып, жас ұрпақтың бойына 1941-1945 жылдардағы ұмытылмас оқиғалардың каһармандарына деген құрмет сезімін қалыптастыру.
Акцияға өлке тарихына бейжай қарамайтын, барлық шығысқазақстандықтар қатыса алады
Қатысушыларға:
-Отбасылық, т,б, мұрағат көздерінен, музейлерден, кітапханалардан( кітап немесе мерзімді басылым беттерінен,мүмкіндігінше шығысқазақстан тумасының) майдан хаттарын табу;
-Хат иесін, хаттың кімге жазылғанын жариялай отырып, майдан хаттарын оқуды бейнежазбаға түсіру (костюмдер, декорациялар, музыкалық сүйемелдеу және т.б шығармашылық тәсіл құпталады:.). Бейнероликті өз бетінше жазуға немесе кітапхана қызметкерлерінің көмегіне жүгінуге болады;
-Бейнежазбаны 2021 жылдың 22 маусымына дейін pushkinlibrary@yandex.kz электронды мекенжайына
«Майдан хаттарынан» деген тақырыбын көрсетіп жіберуіңіз керек. Мүмкіндігінше бейнероликпен бірге майдан хаттарының сканерленген нұсқасы мен хат авторының, яғни жауынгердің суретін жіберу қажет
-Модерациядан өткеннен кейін бейнероликтер (мазмұны тақырыпқа сәйкес болса) Facebook-тегі кітапхана тобына орналастырылады.
Майдан хаттары орасан зор құндылығы бар құжаттар. Түтін исі аңқыған жолдардан соғыс тынысы, ерен ерліктер мен оған қатысушылардың айбыны сезіледі.
Бүгінгі күні майдан хаттарын оқи отырып, оларды жазған аға ұрпақ өкілдерінің ерлігіне бас иіп, рухына тағзым етеміз.
Байланысшы: Кемешева Меруерт,
тел.: +77052819343
Сәрсеке, М. Сексен бестің төрінен : таңдамалы туындылар / М. Сәрсеке. - Нұр-Сұлтан : Фолиант, 2020. - 700 б.
Автордың ой толғанысы: Әрбір қаламгердің өмір бойы толғаған еңбегін қайыра оқып, хал қадірінше іріктейтін межеулі уақыты болады.
Сол кезең маған сексен жастың өрінен өткенде туып, содан былай тыңнан шығарма толғаудан тыйылып, алпыс жылдан астам уақыт жазған және жариялаған әдеби еңбектерімді екшеп, Семейдегі мемлекеттік қорға өткізерде соларды тағы бір мәрте сұрыптауға отырдым. Нәтижесінде он томға жуықтаған қомақты жазбаларымды және солар үшін өмір бойы жиған терген деректерімді тақырыбына қарай іріктеп, тергізіп, солардың екі данасын Семейдегі мемлекеттік арнайы қорға, Абай атындағы және Орталық кітапханаға тапсырдым.
Сол жұмысты қамдау кезінде төтенше ой туып, кейбір жазбаларымды, таңдаулы туындыларымды, әлбетте көлемі қомақтыларын емес, солардың да қажет-ау деген үзінділерін және кейбіріне жазылған әдеби қауым пікірлерін іріктеп әр кезде баспасөз бетінде жарияланған сұхбаттарды немесе басымнан кешкен оқыс та мәнді оқиғалар баяндалған жазбалардың кейбірін қорытынды жинақ ретінде жариялауға ой туды.
Қолыңыздағы соңғы жинақ сол себептен де «Сексен бестің төрінен» таңдамалы туындылардан құрастырылды......
Құрметті оқырман қауым, сексен бес жастың өрінде отырып, іңкәр көңілмен дайындаған осы туындымды өзімді қадір тұтатын оқырманға сый ретінде ұсындым. Ендеше кітап сіздің еншіңізде.
Абайдың киелі даласы = Степная планета Абая = The steppe planet of Abai : фотоальбом. - Өскемен : ИП Бейсембаева С.В., ИПФ Артекс, 2020. - 148 б.
Абайдың киелі даласы атты фотоальбом жоба негізінде шығарылды. Жоба-жазушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар аясында іске асырылды. Жоба бастамашысы-Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, жобаны әзірлеушілер -жоба жетекшісі жазушы Щербаков Б. В., жобаның тең жетекшісі кітапхана директоры Шағиева Б. Ж., кординаторы Сакпанова Ж. С.
Фотоальбом - ұлы жерлесіміз Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы жайлы әңгімелеудің тағы бір мүмкіндігі. Осы күнге дейін ақын туралы 2 мыңнан астам кітап, очерк пен мақала жазылды, қазір ол жайында жаңа дерек айту -оңай іс емес. Ақын тұлғасы қай дәуірдің абайтанушылары үшін болмасын, сыры әлі толық ашылмаған асыл қазына, мүмкін, алдағы уақытта ақын Қара сөздерінің халқының тарихы мен мәдениетіне әсері жайлы әлі де көп жаңалықтар ашылар. Ұлы даланы жан жүрегіңізбен сезінсеңіз, дала өзі жайлы емес, өз төсінде қанат қаққан қазақтардың өмірі, ұлттың асыл перзенті Абай, киелі жердегі Ұлы тұлғалардың өмірі жайлы сыр шертеді.
Кітап сіздің игіліңізде. Келіңіз кітаппен таныс болыңыз.
Нұрлан Мәукенұлы – өмірден ерте өтсе де, соңына өміршең поэзиясын қалдырған талантты ақындардың бірі.
Нұрлан Мәукенұлы 1995 жылы «Жалын» баспасынан алғаш шыққан «Бойтұмар» атты тұңғыш жинағын кітапхана қорына тарту еткен еді. Кітапта «Пушкин ақын кітапханасы рухани әлемнің ордасы бола берсін»,- деген қолтаңбасы бар. Кітап сирек қорда сақтаулы.
«Бойтұмар» жинағындағы өлеңдерде жыраулар дәстүрі, қазақтың қара өлеңі жаңа пішінде түрленіп, терең ой, сабырлы пайым, сыршыл сезімге толы тың бейнелеулер молынан кездеседі. Өлі мен тірі, өткен мен бүгін, жақсы мен жаман туралы толғаулар лирикалық әуенмен көмкеріліп, оқырманын ерекше сезімге бөлейді. Табиғаттағы әр құбылысты қалт етпей бағып, оны астарлы, тұспалды өлеңге айналдырған ақынның бұл кітабына өмірінің соңғы жылдары жазылған таңдаулы жырлары енген.
Танымал есімдер -http://imena.pushkinlibrary.kz/.../pisateli-i.../2004-.html
Толық мәтінін өлкетану электрондық катологынан оқи аласыз.
http://irbis.pushkinlibrary.kz:8087/jirbis2/index.php?
#НурланМәукенұлы #Ақын #Сирекқор #Пушкинкітапханасы
Алаш жылнамасы / құраст. Б. Уәли. - Алматы : Ел-шежіре, 2020. - 120 б.
«Алаш жылнамасы»- Қазақ ренессансының шежіресі. Бұл кітапқа Алаш қозғалысының тарихына байланысты маңызды даталар мүмкіндігінше толық жинақталды.
Алаш қозғалысы бар болғаны ширек ғасырға да жетпейтін мезгілге созылып қайғылы аяқталғандай көрінгенімен, бүгінгі күн биігінен көз салсақ оның таңқаларлықтай жемісті болғанын байқаймыз. Жылнама-күнтізбе емес. Жылнаманың ауқымы одан әлдеқайда кең.
Кітап шартты түрде бірнеше тарауға бөлініп, Алаштың басталуынан, аяқталуына дейінгі кезең қамтылған.
Қадірлі оқырман! Алаш жылнамасы қажеттеріңізге жараса-біздің мақсатымыздың орындалғаны. Азашқа қызмет ету-қашанда асқақ борышымыз.