2022 жылға арналған күнтізбенің толық нұсқасын жүктеп алуға болады. Жүктеу
2021 жылы 13 желтоқсан күні А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапхана қонағы ақын Қабылов Мырзабектің жұбайы Қабылова Райхан Халыққызы кітапхана қорына «Тау самалы», «Я с Алтая вечный зов услышу...», «Ашайын жан сырымды ашылмаған», «Земля родная ты мне колыбель», «Биікті жүрек аңсайды», «Мой отчий край-начало из начал», «Бір ұлыңмын өзіңді ұлықтаған» атты кітаптарын, «Алтайдың ақ сұңқары» бейнежазбаны сыйға тартты. Өкінішке орай, жерлесіміз Мырзабек Қабыловтың маңдайына жетпісті ғана жазыпты. Бір сәтте үн-түнсіз мәңгілікке кете барды. Қолдан келер жоқ.
Кітаптардың авторы Мырзабек Қабылов-инженер-механик. Катон-Қарағай өңірінде, алып Мұзтаудың етегінде Белқарағай ауылында дүниеге келген. Өрел орта мектебін алтын медальға бітірген. Қазақтың ауыл шаруашылық институтын үздік тәмамдаған инженер-механик.
Елімізде сирек кездесетін қос тілді ақындарымыздың бірі, бірі емес бірегейі десек қателеспейміз. Ана тіліндегі өлең шығармаларын былай қойғанда, орыс тіліндегі поэзиялары 2019 жылы Ресей Федерациясының Бунин атындағы сыйлығының лауреаты дәрежесін иеленді. Ондаған өлеңдерінің сөзіне Марат Қондыбаев, Болат Әшірбаев өлең жазды. Қазір бұл әндер кеңінен таралып, айтылып жүр. Мырзабек лирикасының бір ерекшелігі-қайталап айтуға да, ұғымға да қарапайымдылығы.
Сонымен қатар екінің біріне дари бермейтін үздік сынықшы. Қазақстанның халық емшісі қауымдастығының құрметті мүшесі.
Қара жердің өлгені-
Қар астында жатқаны.
Өлмегенде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді,-деп Бұқар жырау жырлағандай, Мырзабектің адамгершілігі, елжандылығы, оның атын көзі тірісінде шығарып еді, енді өміршең жырлары оның рухын, елге, табиғатқа деген сүйіспеншілігін ұзақ уақыттарға өлтіре қоймас.
Ақын Мырзабек Қабыловтың жыр жинақтары азаматтық үнімен, ақ адал сыршылдығымен, туған жерге деген шынайы іңкәрлігімен ерекшеленеді. Ақынның отаншылдыққа, адалдық пен арлылыққа шақыратын өлеңдері, дос жаран, ағайын-туыс мерейтойына арнаулары, әсем әндері енгізілген жинақ жырсүйер оқырманның көңілінен шығады деп сенеміз.
Кітапты толықтыру бөлімінің жетекшісі Уалханова Рақия Нұралықызы
Ақын, Қазақстан Республикасы «Дарын»мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Өскемен қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қалқаман Сариннің «Ғазал-ғұмыр» атты өлеңдер жинағы кітапхана қорына келіп түсті. Кітап республикалық бюджет қаражаты есебінен әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару, тарату» кіші бағдарламасы бойынша жарық көрді. Ақынның біздің кітапханада «Екеуіміз» атты өлеңдер жинағы ғана бар еді, енді мемлекеттік тапсырыспен облыстағы барлық кітапханалар алатын болды.
Қалқаман Айымғазыұлы Сарин – 1978 жылдың 2 қаңтарында қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданының Арқат ауылында дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Бірнеше республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, «Алтын қалам» әдеби сыйлығының жеңімпазы. «Арманымның бейнесі», «Құс жолындағы керуен» атты жыр жинақтарының авторы.
Ақынның жинағына әр жылдары жазған лирикалық жырлары мен аудармалары енді. Ақынның жүрекжарды тебіренісі оқырманды да бей-жай қалдырмайды.
#Жаңакітап #ҚалқаманСарин #Ғазалғұмыр
Танымал есімдер -http://imena.pushkinlibrary.kz/.../pisateli-i.../261-.html
«Мен Катонқарағай ауданының тумасымын. 40 жылдан астам Атырау қаласында тұрып жатырмын. Сонау батыста тұрып жатсам да, туған жерімнің - Төр Алтайдың жаңалықтарына құлақ түре жүрем. А.С. Пушкин атындағы кітапхананың «Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбек армиясына қатысқан шығысқазақстандықтар» атты жобасына қызығушылығым артты. Себебі менің әкем Бурахан Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбек армиясына жұмылдырылып, Свердловск облысының Белка руднигінде шахтер болып еңбек еткен еді. «Огнеупорная глина» деген ақ топырақ қазып, одан метал балқытатын қазан жасаған. Майданға жіберілетін қару-жарақ жасайтын металды осы қазанда балқытатын. Демалысты білмей, жанталаса қимылдап жеңіс жолында еңбек етті. Еңбек армиясындағы жанталасқан жұмыс майдандағы алғы шептен еш кем емес болатын. Ауыр жұмысқа шыдамағандар майдан даласындағы қарша бораған оқ астында жүруді артық санап, соғысқа сұранып, майданға кетіп жатты. Адам төзгісіз жағдайда Жеңіс жолында еңбек еткен әкем 1947 жылы ауылға оралды. Кітапхана сайтындағы еңбек Армиясына қатысқан азаматтар тағдырымен, кітаптың электронды нұсқасымен танысып шықтым. Асқан төзімділікпен еңбек көрігін қыздырған менің әкем сияқты азаматтардың еңбегін зерделеп, бүгінгі ұрпаққа жеткізіп жатқан еңбектеріңізге алғысымды айтайын, деп сіздерге ат басын әдейілеп бұрдым. Өзім филолог болған соң кітап мәтінінің стилистикасы ұнағанын айта кеткім келеді. Құрастырушыларға көп рахмет!
Кітапханамен, ұжымдарыңызбен танысып бір марқайып қалдым. Кітапханада еңбек десе ізденіп, жайнап тұрған қыздарды көрдім. Өскеменде осындай тамаша кітапхана барын білмеппін. Өскемен менің көз алдымда басқа ұлт өкілдерінен тұратын осындан қырық жыл бұрынғы кейпінде қалып қойыпты. Елу жылда ел жаңа дегендей, жағымды өзгерістер көп екен. Еңбектеріңізге жеміс, шығармашылық табыс тілеймін. Өзім қырық жылдан астам мұғалім болып зейнетке шықтым. Азды көпті еңбегім бағаланып «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Ы. Алтынсарин төсбелгісімен марапатталдым», – деп ақжарма тілегін білдірді. Еңбек Армиясының ерлері туралы кітап «Арыс» баспасына тапсырылды. Баспа директоры, Ғарифолла Әнес мырза демеушілік танытып, кітаптың келер жылы баспадан шығатынына уәде берген еді. Гүлсім Бураханқызы «Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына 20 жыл» фотокөрмесімен танысып, кітапханашылармен естелік суретке түсті.