Өлең, сенің досыңмын, сырласыңмын
Күйін күйттеп жүрмедім бір басымның
Құпиясын іздеген дүниенің,
Бір қызы боп қалармын бұл ғасырдың
Жырым менің, Тәңір берген сыйым менің
Тілегімен үндескен дүйім елдің
Қайғысы бар, мұңы бар жүрегімнен
Шыққан ойдың ең нәрлі түйіні едің, -деп ақын жырлағандай Сарышева Фарида Батырбекқызы кітапхана қорына «Сырғамды қайық қылып» атты кітабының төрт данасын сыйға тартты.
Фарида Батырбекқызы ҚР оқу ісінің үздігі, Ақтөбе облысының екі дүркін «Облыстың ең үздік мұғалімі» грант иегері, «Басқару ойының дамуына қосқан үлесі үшін» Ф. Тейлор атындағы алтын медаль, «Ұлт ұстазы» төсбелгісі және «Еңбек ардагері», «Қазақстанның құрметті азаматы» медалінің иегері.
Кітапхана қорына Күршім ауданының тумасы, журналист Хасен Зәкәрия «Естелік» атты кітапшасын сыйға тартты. Бұл кітап Қойтастан шыққан тұңғыш ғалым, биология ғылымының кандидаты, Өскемен педагогикалық институтының ең алғашқы деканы Қожанов Тыныбек туралы.
Ойламаңдар, «көп қазақтың бірі» деп
Тұлғасы оның өзгелерден ірірек.
Жастайынан үлгі болған талайға
Ерекше адам менің аға Тыныбек, - деген өлең жолдарынан көп нәрсені аңғаруға болады.
Кітапхана қорына кітап авторының баласы Аян Дәуренұлы әкесінің «Ақкөңіл» атты кітабын сыйға тартты. Ақын Дархан Қабдолданов небары 45 жасқа толарында өмірден өтті. Ақынның артына қалған өлеңдерін, жырларын, айтыстарын өзінің ұлы Аянның жинап, құрастырып кітап етіп шығаруы - әкеге деген үлкен құрмет. Дәуреннің жырлары туған жер, құтты мекен, оның адамдары, тәуелсіздік, тіл туралы. Өнер тақырыбына арналған өлеңдерден, арнаулардан тұрады. Айтыстағы ақынның сөз қағысулары да кітапқа енген.
Құрметті оқырман, жыл сайын дәстүрлі онлайн конкурстың нәтижесі бойынша жарық көретін "Алтын тұғырдың" үш томдығы оқырман қауымға жол тартты.
Қаламгерлер қауымы үшін ауыл тақырыбы түгесілмес қазына, таусылмас кен іспетті. Туған жердің топырағына кіндік қанымен байлаулы қазақ жазарманы ауыл тақырыбын толассыз толғай беретініне еш күмәніміз жоқ.
Кеше кітапханаға "Ауыл" партиясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша жетекшісі Ербол Көбентаев "Алтын тұғыр" кітабын сыйға тартты. Кітап үш томнан тұрады, драматургия, поэзия, проза.
14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні. Бұл мереке 2012 жылдың 14 ақпанынан бастау алған. Кітап сыйлау күнін белгілеп, өткізудің мән-мағынасы – адамдар бір-біріне, әсіресе ересектердің балаларға кітап сыйлау арқылы оларды кітап оқу дағдысына баулу және өзара мәдени сипаттағы жылы қарым-қатынасты дамыту болып саналады.
Аталған халықаралық мереке қарсаңында кітапханамызға Өскемендегі «Достық үйі-Қоғамдық келісім» орталығы жанындағы «Атамұра» ансамбліне жылдар бойы жетекшілік етіп келген жерлесіміз Ерболат Садуақасұлы «Ұлағат» атты кітабын сыйға тартты.
Айтқожин Қ. Тарбағатай-Барқытбел тарихыңды тани жүр / Қ. Б. Айтқожин. - Өскемен, АРГО ШҚПК, 2023. - 315 б.
Автор Қайрат Айтқожин "Тарбағатай-Барқытбел тарихыңды тани жүр" кітабын кітапхана қорына сыйға тартты.
Шежірелі Тарбағатай өңірінің тарихи тамыры тереңде жатыр. Тарихымызды көз жүгіртіп қарасақ, көк бөрілі түркі жұртының ту тіккен отаны еліміздің Шығысы болса, оның ұлттық рухын сақтаған өңірдің бірі Тарбағатай деп білеміз.