АҚШ-та тұратын қандасымыз, медицина ғылымдарының докторы, профессор Қасым Қабылхақты білесіз бе?
Ол ғалымды Қытай мен Жапон елі жақсы таниды. Себебі ол Қытайдың Үрімжі қаласынан 120 шақырым қашықтықтағы Ақсу деген қазақ ауылында 1964 жылы дүниеге келген. Сол жерде он жылдық қазақ мектебін бітіріп, Бейжің педагогика университетін үздік аяқтап, сол университетте физиология мамандығы бойынша аспирантураны тәмамдаған.
Осы жерде айта кететін жайт, ол университетке оқуға түскенде ағылшын тілін білмеген, тек өзінің жанталаса үйренуі себепті, оқу бітірерде қатарластарынан озық шыққан.
1993 жылы Жапонияның Хоккайдо университетінің докторантурасына түсіп, қабыну мен рактың байланысын зерттеген.
Зерттеу еңбектері халықаралық беделді журналдарда жарияланып, ғалымдардың назарын өзіне аудартады.
1998 жылы медицина ғылымдарының докторы атағын, Жапония Медицина Қоғамының сыйлығын иеленеді.
1999 жылдан АҚШ-тың "Маунт Сайнай" Медицина орталығының шақырумен Нью-Йорк қаласына келіп, өз бағдарламасын жалғастырады.
2005 жылдан Iowa университеті тарапынан қолдау тауып, дербес өз зерттеу лабораториясын құрады. Еңбегі жанып, профессор атағын алады. Қазір өз зерттеулерін қарқынды жүргізуде.
Мені қатты қызықтырғаны ғалымның ата-тегі. Ол елімізге белгілі Шыңғыстайда мектеп ашқан, екі дүркін Мемлекеттік Думаға және Алаш партиясының атқару комитетіне мүше болған, болыс Ережепұлы Әбдікерім болыстың жиеншары болып шықты.
Әбдікерімнің Бағила, Бағдат атты сұлу қыздары болғанын бәріміз жақсы білеміз.
Бағдат сұлуға кезінде Сәрсен Аманжолов ағамыз ғашық болған, бірақ Бағдат Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген, қазақтың алашордашыл зиялы азаматы Ғазез Қалбановқа тұрмысқа шығады.
Ғазез кейін алашшыл әрі байдың қызын алғаны үшін жазаланып, қуғынға түседі, Қытай асады.
Үрімжі қаласында Шыңжаң қазақ-қырғыз қоғамының төрағасы, "Шыңжаң" қазақ газетінің бас редакторы болған. Аймақта қазақ мектептерінің ашылуына көп еңбек сіңірген.
Сталинмен байланысқан Шың Шысай үкіметінің жендеттері Ғазезді, Әбдікерім болыстың ұлдары Қамбар мен Шабданды т.б. бір топ адамды Кеңес Одағына ұстап береді. Оларды Новосібір абақтысына қамап, артынан көздерін жойған.
Қасым осы Ғазез Қалбанов мен Бағдаттың ұлы Қабылхақтың ұлы. Ал Ғазездің әкесі Қалбан қажы да өлкемізге белгілі адам болған.
Р.С. Осы жайлы тереңірек білгіңіз келсе, "Ақ желкен" журналының 2017 жылғы 4 санынан журналист Сержан Тоқтасынның "Қасым Қабылхақ: Мың досың болса да..." атты мақаласын оқыңыз.
Мақаланы "Ақ желкен" журналының сайтынан да тауып оқуға болады.
Өлкетанушы Құдабаева Гульзира Дәулетханқызы