1974-жыл. Көкек айының орта тұсы. Алматыдан Тбилиси қаласына ұшып барамыз. Көне Гүржістанның астанасында әдебиет сыншыларының бүкілодақтық мәжілісі болмақ. М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымыздың директоры Әди Шәріпов бастаған біздің делегацияда: Хасен Әдібаев, Сайын Мұратбеков, Рымғали Нұрғалиев, Қабдеш Жұмаділов, Файзолла Оразаев, Сағат Әшімбаев («Лениншіл жас» гәзетінен тілші) және басқалар бар, жиыны оннан астамбыз. Мен - «Қазақ әдебиеті» гәзетінің өкілімін.
Ұшақтағы орынымыз ең алды екен. Кірген беттен оң қол жақтағы бірінші қатарға жайғасып, бізді түгендегендей жымия қарап отырған Әдекең:
- Ғаббас, бері кел! - деді маған, жанындағы бос орынды нұсқап.
- Менің орыным үшінші қатарда сияқты.
- Дәнеңе етпейді, бұл қатарлардың осы тұсы біздікі, билетке әдейі осылай заказ бергіздім, бірыңғай болайық деп, кел, отыр, - деген Әдекең тілін ала қойған маған алақандай көзін жалт еткізе қарап, жымия түсіп, сөзін жалғады: - Бұл сапарға шығуы керектердің тізімін де өзім жасадым. Әншейінде оны-мұны шаруамен жеке-жеке жүресіңдер, енді өз ағамыз өзбектерге соғып, одан Сосоның-Сталиннің ауылына жеткенге дейін алтыжарым сағат уақыт бар, ал Тбилисиде бір апта боламыз, қайтарда тағыда алтыжарым сағат сендердікі, айыздарыңды қандыра әңгімелесесіңдер, солай ма?
- Солай, Әд-аға, ғажап жақсы болды, қамқорлығыңызға рахмет! - дедім, шынайы риза көңіліммен.
- Мен ағаларымыздың біразымен осындай ұзақ жолда бірге жүрдім. Қазақы әңгіменің туы Сәбең еді ғой... Сәбит Мұқанов... ал Мұхаң, Мұхтар Әуезов... өзіміздің де, басқа жұрттың да арғы-бергі әдебиетінің тірі қоймасы, тұп-тура нағыз энциклопедиясы еді... марқұм Мұхаң... есіме алған сайын ауруханада ақырғы рет көргенімдегі әлпеті көз алдыма келеді, - деген Әдекең арғы жағында ұшқыштар кабинасы бар сұрғылт қабырғаға қарап, үнсіз қалды. Үнінен сағыныш сазын аңғардым да, шомып бара жатқан ойынан серпілткім келіп:
- Әд-аға, Мұхаңның сіз екінші рет шығарған «Қилы заман» романын пәленбай жыл бойы терістеу кімге, неге керек болды? - дедім. Әдекең маған жалт қарап, сонсоң күліп жіберді де, маған қарай жантайыңқырап, иығымен нұқып қалып:
- Ол біздің саясаттың ішіне жақпады ғой, - деді. Ұқтым.
- Қызық екен, - дедім, сөзін сабақтағым келіп. Әдекең түзеліп отырды да:
- Романды «Жұлдыз» жорналынан оқыған боларсың, алғысөзін мен жазып бердім. Кітап күйінде келесі жылы «Жазушы» баспасынан шығады. Орыс тіліндегісі 1972-жылы әуелі Мәскеудің «Новый мир» жорналында жарияланды, алғысөзін Шыңғыс Айтматовқа жаздырдық. Былтыр «Художественная литература» баспасынан «Лихая година» деген атпен кітап болып жарық көрді... Жаңа айттым ғой, ауруханада жатқанымды. 1961-жылдың осындай көктем кезі болатын. Совминнің ауруханасы. Мұхаң да жатыр екен, бірақ ол кісі мен түскеннен кейін төрт-бес күннен соң шыққан. Көңілімді сұрай келіп: «Мен «Алматы» санаторийіне реабилитацияға кетіп барамын, сонда жолғасармыз, тез сауығуыңа тілектеспін!» деген. Содан арада мөлшері үш-төрт күн өткен соң, сағат онбір-ау деймін, палатама кіріп келді. Ойда жоқта. Сәлем беріп, тұруға ыңғайлана бастап едім:
- Пәлі, Әди, қозғалма, саған әзірше тұруға болмайды десті, - деді.
- Мұха, өзіңіз қалайсыз, санаторийдесіз бе? - дедім. Мұхаң орындықты кереуетіме тақай қойып отырды да:
- Санаторийге бармадым, осында жасаған ем-дом да жетер. Мәскеуге жол жүрмекпін. Профессор Сайым Балмұханов сонда емделуімді мақұл көрді, - деп сәл кідірді де: - Пәлі, Әди, мен саған екі аманат айтқалы келдім. Біріншісі: өзің оқуға түсуіне қол ұшыңды берген Мұрат әлі жас, көз қырыңды сала жүр. Екіншісі: «Қилы заманды» қайтадан бастырып шығаруды мойныңа ал, сенің ғана қолыңнан келеді, - деді, қалайда шапшаңдау сөйлеп. Маңғаздана байыпты сөйлейтін ағамыздың онысы және «саған екі аманат айтқалы келдім», «Мұрат әлі жас, көз қырыңды сала жүр» дегені маған ұнамады, іштей қатты тіксініп қалдым, бірақ сыр бермеуге тырмысып:
- Мұха, сапарыңыз оң болып, аман-есен ораласыз, кітапты да шығарамыз, Мұрат та оқуын бітіріп келеді, сөйтіп, өзіңізбен ақылдаса отырып, үш тойды бір-ақ жасаймыз! - дедім.
- Пәлі, Әди, аузыңа - май! Әйтсе де, сен бұл аманаттарымды ұмытпа. Өзің әбден айығып шық, аманшылықпен қауышуға жазсын! - деп еңкейіп бетімнен сүйді де, ай маңдайы жарқырай түрегеліп, ақырын бұрылып кете барды. Қайран жүрегі бір сұмдықты сезді ме екен... Сол Мәскеу сапарынан оралмады ғой... Операция үстелінен бақиға аттанып кетті...
Әдекеңнің ашық үні құмығыңқырады. Қаумалай қалған қалың ойдан тезірек сергітуді ойлап:
- Ауруханадан шыға «Қилы заманды» қолға алдыңыз ғой? - дедім. Ол маған тағыда жалт қарап алып, басын сәл шайқап:
- Жоқ, - деді. - Мен ол тұста совмин председателінің орынбасары болсам да, Мұхаңның аманатын орындау асыл аға аруағы алдындағы парызым, десем де, кітапты қайтадан бастыра қою қолымнан келмеді. Біздің қазақтар «қызық» қой, жоғарыдағы жолдастарыммен сөйлесіп едім, бәрі де: «Ол кітап партияның саясатына қарсы деп жабылып тасталған. Байқа, қате қадам жасама» деді. Содан кейін өзімізге жолды Мәскеу арқылы салмай болмас деп түйіп, романды орыс тілінде шығаруды ойладым. Өзіміз жүндей түте бастаған: Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаевты, Ғабит Мүсіреповті, Ахмет Жұбановты қорғап қалған Мәскеу емес пе?! Сол жақтан күш алуым керек деп білдім. «Қилы заман» 1928-жылы Қызылорда қаласында басылып шығып, «феодал-ұлтшыл жазған кітап, советтік өмірдің өңін айналдырған, жоқтан бар жасалған» деп бассалып айыптауға ұшырап, таралуына тиым салынған болатын. Ал енді шындығында шошынатын ештеңесі жоқ. Белгілі Қарқара көтерілісі негіз етілген, яғни тарихи оқиғаға сүйеніп жазған ғой. Сол үшін күстәналап... соны істеп жүрген - өзіміздің қазақтарымыз, не айтарсың... Сол кезеңде «байдың баласы, қажының тұқымы» деген пәле-жаламен өзім де қуғын көрдім. Менде «Қилы заманның» бір данасы бар еді, соны қалайда ең қымбат мүлкімдей тығып, жұрттан жасырып жүретінмін. Шәкірт шағымда шешем тігіп берген кенеп боқшабайымның түбіне орап-шымқап салып алдым да, Алматыдан қаштым... Қойшы, содан 1966-жылы Совминнен Жазушылар одағы басқармасының бірінші секретарьлығына жіберіліп, еркінірек қимылдауыма жол ашылды. Кітапты мәшіңкеден өткіздіріп, орыс тіліне жолма-жол аудартып, СССР Жазушылар одағына барған бір сапарымда, 1969-жылы, Мәскеуге ала жүрдім де, кезінде Мұхаңның досы болған Алексей Наумович Пантиелевке апарып көрсетіп, шындықты айтып, әдеби аударма жасауын өтіндім. Мұхаңның аруағын риза етейік дедім. Ол сөзге келген жоқ, тіпті қуана қабыл алды. Кезінде Мұхаңмен жақсы таныс-біліс болған мәскеулік қаламгерлердің бірі еді. Аударманы бас-аяғы төрт айда бітіріп, Алматыға, маған телефон соқты. Ал мен екі-үш күннен кейін Мәскеуге, Жазушылар одағының кезекті пленумына бармақшы едім, сәті түсіп, тіпті жақсы болды. Бардым. Алексей Пантиелевтің қуанышында шек жоқ: - Ғажап шығарма! Қайран Мұхтар! Қайран Мұхтар! - деп жүрегі елжірейді келіп. Аудармасының қаламақысын есептеп, артығымен ала барғанмын, соны ол «алмаймын!» деп әлегімді шығарды. «Мұхтардың аруағына қызмет еттім, онымды пұлдамаймын» дейді. Мен: «Кімнің болсын, қанша болсын еңбегін өтемеу мұсылман қағидасында күнә делінеді, ондайды аруақ кешірмейді», - деп әрең алдырдым. Қойшы, сонымен, аударманы «Новый мир» журналының Бас редакторы Александр Твардовскийге алып барып, кезінде автор мен кітап тап болған шырғалаңды оған да айтып беріп, жақсы таныстығымызды пайдалана салмақ салып: - Саша, давай, жорналыңа тезірек шығар! - дедім. Обалы кәні, ол да Мұхаңмен дос-жолдас болған ғой, бірден: - Мұның жақсы болды, дұрыс істегенсің! Тез шығарамын, бірақ, орыс оқырманы үшін алғысөз керек қой, алғысөзсіз болмайды, кәне, ойланайық, кімге жаздырамыз? - деді. Екеуіміз ақылдастық, ананы атадық, мынаны атадық. Біздің жақтан тез жазып бере қояр кісі табылмасын ішім сезеді. 195І - 1953-жылдары Мұхаңның соңына түскен, тіл тигізгендердің талайы әлі тірі жүр. Олар, бұл оң ісімізді ести қалса, қалшылдап қарсы әрекетті тағы бастаудан тайынбас. Қайсысының ішінде ит өліп, қайсысының ішінде мысық өліп жатқанын қайдан білесің?!. Құрысын, пәледен аулақ!.. Сол жәйтті ойлап отырғанымда есіме Шыңғыс түсе қалды, Шыңғыс Айтматов! Соған жаздырайын! Мұхаңнан бата алған жас пері Шыңғыс тұрғанда басқаның қанжығасына байлап бергенім болмас, мұнымды Мұхаңның аруағы да жөн көрер деп түйдім де, дереу: - Саша, Мұхтар Омарханұлы әдебиеттегі алғашқы қадамына ерекше қуана батасын берген Шыңғыс Айтматов бар емес пе?! Алғысөзді соған - Шыңғысқа жаздырайық! Одан асқан атақтыны іздеп қайтеміз?! Ол осында жүр деп естідім, тауып алайын да айтайын, оның келісетініне шүбәм жоқ! - дедім. Твардовский дереу құптап: - Иә, Шыңғыс Төреқұлұлы осында, келгеніне бір апта болды-ау, мен ертең... жоқ, бүгін іздеттіріп, өзім сөйлесейін! - деді. Алайда оның да басы дау-дамайға ілігіп, саясатшылдардан теперіш көріп жүргеніне біраз уақыт болған еді, әңгімемізден кейін көп ұзамай қызметінен босатылды. Жорналына өте батыл, шыншыл шығармаларды жариялағаны үшін. Әйтсе де, өзі жасақтаған жорнал коллективі оның бағытын сақтады, «Қилы заманды», үшінші жыл дегенде, Александр Трифонович жаздырып алған Шыңғыстың алғысөзімен, бәрібір шығарды. Мінеки, Ғаббас жолдас, осындай хикаят болған, - деді Әдекең.
- Әд-аға, «Қилы заманды» ортамызға оралтқаныңыз ғажап еңбек болды, Мұхаңның аруағы да, оқырман қауым да сізге бек риза деп ойлаймын, - дедім, қаламгер ағаның сол қайратына іштей қуанып та, масаттанып та.
- Мұхаңның сол бір аманатын орындай алғаныма шүкіршілік еттім... Пантиелев «Новый мирде» шықты деп сүйінші сұрап телефон соққанда, несін жасырайын, қуанғаннан көзімнен жас ыршып кетті. Ал «Лихая година» делініп кітап болып, қолыма тигенде кабинетімді ішінен жауып алып, балаша еңкілдедім, - деген Әд-ағаның үні тағыда құмықты. Ұмтыла еңкейіңкіреп отырып, қалтасынан қолорамалын алып, көзіне басты. Мен не дерімді, қайтерімді білмей састым. Көңілімнің қобалжуы қоюланып, жүрегім тулап кеткен...
(Соңғы жылдары әдебиетші ғалымдардың қайсыбірі «Қилы заманның» қайтадан жарық көруі, орыс тіліне аударылып басылуы – Шыңғыс Айтматовтың ерлігі дегенді айтып, өздерінше «жаңалық ашып» жүр. Егер сол жолы Әдекең Шыңғысты атамаса, немесе іздегенде Шықаң табыла қалмаса, алғысөзді Мұхаңның мәскеулік орыс достарының бірі жазар еді. Яғни, кім болсаң да, көзің жетпеген жәйтті беталды айта бермеу керек, қазекем: «Өтірікті шындай, ақсақты тыңдай ететіндерді» ұнатпаған.
Тбилисидегі жиналысымыз бір аптаға созылды. Әдеби сынның небір жайсаңдары мен қасқалары келген. Әсіресе Мәскеу мен Ленинград, Киев қалаларынан жол тартқан делегациялардың құрамы мығым. Сол жәйтті айтқанымызда Әдекең: «Совет әдебиетінің ауа райын жасайтындар ғой бұлар» деп, әрқайсысы туралы біраз әңгімелеген. Ал солардың қайсысы болсын біздің ағамызға қолын ала жүгіріп: «О, Адеке! Саламалейкум!» деп, «Ади Шарипович, дорогой!» деп құшақтап амандасады. Біз болсақ, төбеміз көкке жетіп тұрамыз. Сондай сәттердің бірінде Сайын Мұратбеков маған: «Мәскеуде Әдекеңнің беделі Шолоховтың, Ғамзатовтың беделінен кем емес!» деп қалды. Бір жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары, Ұлттар кеңесіне төраға болған Әдекеңнен қолдау, қамқорлық көргендері аз болмаса керек.
Сағат Әшімбаев екеуіміз сапырылған сөзден, сарылып отырудан қажи бастадық та, екінші күні түстен кейін жиналыстан кетіп қалдық. Жиналыста не түске дейін, не түстен кейін болуға, басқа уақытта қаланы аралауға келісіп алдық. Әдекең соны байқап қойса керек, келесі күні кеште сол кісінің бөлмесіне жинала бастағанымызда: «Ғаббас, Сағат! Екеуің қу екенсіңдер, ә?» деп қарқылдап күлді...
Кімді болсын ең алғаш көргендегі әсерің есіңде ерекше берік, ұзақ сақталады екен. Көкейіңе тұңғыш түскен бейне суреті сол күйінде тұра береді екен. Кейінде сен сол адамды неше мәрте кездестірсең де, тіпті күн сайын көріп жүрсең де, оның бет-пішінінен, жүріс-тұрысынан, сөйлеу мәнерінен сол әуелгі байқаған белгілеріңді іздейді екенсің. «Бір көрген - біліс, екі көрген - таныс» деген кісің о дүниелік болып кеткеннен кейінде де онымен тұңғыш дидарласқан, сөйлескен сәтің ол есіңе түскен кезде ойыңа орала қалады екен.
1966-жылдың орта тұсы болар, «Жазушылар одағының бірінші басшысы болып Әди Шәріпов келді» деп естіген күннің ертеңінде Бас редакторымыз жазушы Нығмет Ғабдуллин бізді жиып алды да: «Жолдастар, ертең сағат онда бізді жаңа басшымыз Әдекең қабылдайды. Одақпен танысуды әдебиет гәзетінің коллективімен дидарласудан бастағысы келген ғой. Меніңше, мұнысы дұрыс. Анда-мында «баратын шаруаларыңды ірке тұрыңдар, төрт көзіміз түгел кіріп шығалық», деді.
Айтылған мезетте Әдекеңнің қабылдауына бардық. Кабинетінің ішкі есігі ашылған сәтте кең бөлменің төріндегі үлкен үстел басында отырған мол денелі, қасқа бас, қыран көз, аққұба өңді кісі орнынан жеңіл көтеріліп, бізге:
- Ә, жігіттер, келіңдер, төрлетіңдер! - деді. Күткен меймандарын қуана қарсы алып тұрған үй иесіндей көңілді, ақжарқын. Бізбен қолдасып амандасты. Бөлменің сол жақ қапталына қойылған ұзын емен үстелді нұсқап, жайғасуымызды өтінді. Өзі оңаша креслосына емес, біздің арамызға отырды да, Нығаңа қарап: - Кілең сайдың тасындай жігіттерді іріктеп алған көрінесің, кәне, сарбаздарыңмен таныстыра баста, - деп жымыңдады.
Нығаң әрқайсымыздың аты-жөнімізді, редакцияда қай бөлімде, кім болып істейтінімізді, не жазғанымызды айтып шықты. Әдекең басын изеп қойып, қыран көзі жалт-жұлт етіп, бәрімізге жылы қарап отырды. Содан кейін бізден қай оқуды бітіргенімізді, бұл редакцияда қашаннан бері істейтінімізді, отбасымыз, пәтеріміз бар-жоғын байыптап сұрап білді.
- Шікірейіп шылым шегетіндерің, сылқитып сыра-арақ ішетіндерің бар ма, шындарыңды айтыңдаршы! - деп жымиып, жағалай қарады бізге.
- Шылымға әуес бір ғана жігітіміз бар, ал араққа әуейіміз жоқ, ол жағына «ұяттымыз», Әдеке, - деп редакторымыз әзіл жауап қайтарды.
Әдекең қарқылдап күліп:
- Уай, тусаң ту екенсіңдер ғой! - деді. Күлкісінен ризалықтың лебі есті.
- «Қазақ әдебиеті» гәзеті - маңдайымыздағы әдеби жалғыз гәзетіміз ғой, - деді ол содан соң. - Бұл гәзетті өз басым сонау алғашқы нөмірінен бері ұнатып оқимын. Бұл гәзеттің ыстық-суығынан өткен ағаларың бір-екеуі қазір ардагер ақын-жазушыларымыз болып отыр. Ең бірінші тілегім: сендерге солардың абырой-атағын, қадір-құрметін берсін! Ертең сендер де үлкен қаламгер болыңдар! Аяқ алыстарың жаман емес, қайсыңның не жазып жүргендеріңді білемін, оқып жүремін. Гәзетті жақсы шығарып келесіңдер. Бойда күш-жігерлерің жалындап тұрғанда қоғамдық жұмыстан аянбаған жөн. Жұртшылықтың көкейіндегі мәселелерді байыптап, батыл жазу керек. Әдебиетіміздің атқарылмай жатқан шаруалары әлі де көп, соларды зерттеп, дәлелді, ғылыми жазуға төселе түсіңдер. Әрқашан ақ сөйлеңдер, әділ сөйлеңдер!..
Әдекең ағалық ақыл-кеңесін аяған жоқ. Бізге біржарым сағат уақытын бөліп, әрқайсымызбен қысқаша әңгімелесті. Атақты адамның ақ-жарқындығы жақсы әсер етті бізге. Ұлағатты ұстаздан өмір-тірлігімізге татым-тынымы мол дәріс алған шәкірттей шат-шадыман болдық.
- Қайсыңа қандай көмек-жәрдем қажет, оны Нығметке, маған қорғанбай айтып тұрыңдар. Бір мәселе пәтер екен, оны көп ұзатпай шешерміз, ол жағын мен білейін, ал гәзеттің әрбір нөмірін тартымды ету жағын сендер біліңдер! - деп Әдекең бәрімізді қолымызды қысып шығарып салған-ды. Ол уәдесінде тұрды, айналасы бірер жылда бізге ғана емес, Жазушылар одағы аппаратының, «Жұлдыз», «Простор» жорналдары редакцияларының, Әдебиетті насихаттау бюросының, Әдеби қордың үйсіз жүрген қызметкерлеріне пәтер әперді. Жазушыларға арнап кең де еңселі он алты пәтерлі үй салдырды. Әдекең іргетасын қалаған Шығармашылық үйімізді, қырық пәтерлі тұрғын үйді салдырып алуға кейінде мен басшылық еттім (КСРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің директоры кезімде). Халыққа еңбегі сіңген қаламгерлерді жоғары құрметтеп, олардың мерейтойларын өткізу, награда алып беру, қажет еткендеріне автокөлік әперу, басқа да қамқорлық жасау жағынан, яғни Жазушылар одағымыздың материалдық жағдайын жақсарту дегенде, Жазушылар одағында отыз жыл жұмыс істеген адам ретінде айтсам, көркем әдебиетіміздің бұл қарашаңырағында Әдекеңдей іскер, абыройлы басшы болған емес. Сөз ыңғайына қарай атап өтетін бір жәйіт: қазақ әдебиетін шет елдерге танытуда, яғни одақтың моральдік бейнесін биіктетуде Әнуар Әлімжановтай басшы болған жоқ.
Енді халықтың біртуар ұлы Әди Шәріповтің өмір белестерін шолуға кезек берелік.
Әдекең 1912-жылы қаңтар айының 19-күні Семей үйезінің Жарма өңіріндегі Мариновка селосында дүниеге келген (үйез кейінде Семей облысы болды, ал бүгінде Шығыс Қазақстан облысы). Атасы би, қажы, әкесі бай болған. Ол 1932-жылы Қазақтың Абай атындағы педагогика институтына оқуға түсіп, 1934-жылы «байдың тұқымы» ретінде қудаланып, оқудан, комсомолдан шығарылды. Тұтқындалу қаупі төне бастағанда түнде Алматы теміржол вокзалына жасырынып барып, өтіп бара жатқан бір пойызға жармасты. Пойыз Түрікменстанның Қызылсу деген қаласына тоқтағанда түсіп қалды. Вокзалда екі күн түнеп, «құдай деген жолаушымын» деп жүріп, бір орналасты. Қалада нендей оқу орны барын сұрастырып, педагогика техникумы барын білді де, соған барып, басшыларына шынын айтты. Олар иманжүзді жандар екен, жағдайын түсініп, оқуға алды.
Оқуға ынталы, ыждағатты, іске белсенді, ұйымшыл Әдекең соңғы курста оқып жүргенінде техникумның оқу ісі бөлімінің меңгерушісі міндетін де атқарған. Әйткенмен, «...өз елінде ұлтан болғысы» келіп, Алматыдағы сенімді дос-жолдастарымен хат алысқан. Институттың басшылығы түгел жаңартылғанын, сонау кездегі алақұйын сөздің, алашапқын әрекеттің тиылғанын естіп-білген Әдекең тәуекелге бел буып, Алматыға оралып, өзі әу баста оқыған институттың жаңа ректорына барған. Ол мән-жайын түсініп, Тіл-әдебиет факультетінің үшінші курсына оқуға қабылдаған. Факульетет дипломын алған жігіт (1938-жылы) «Қаскелең» орта мектебіне мұғалімдікке жіберілген.
Ұлы Отан соғысы басталысымен Әдекең майданға аттанып, Беларусь жерінде басқыншылармен соғысты. 1943-жылдың желтоқсанынан бастап партизан қозғалысының Смоленск штабында қызмет істеді.
Әди ағаның соғыстан кейін: Қазақ КСР Оқу министрінің орынбасары; Оқу министрі; Қазақ КСР Министрлер төрағасының орынбасары; Қазақ КСР Сыртқы істер министрі; Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы және КСРО Жазушылар одағы басқармасының хатшысы; Қазақ КСР Ғылым академиясының М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болғаны мәлім.
Мемлекет және қоғам қайраткері Әдекең, егер қателеспесем, 1962-1965-жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағасының ұлт мәселелері жөніндегі орынбасары болған. Одақтық, республикалық деңгейлердегі еларалық мәселелерді шешу шаруасымен қырықтан астам шет елде болған, сол халықаралық сапарлары «Алыс жағалаулар» кітабында көрініс тапты.
Жазушылық еңбегіне тоқталсақ, Әдекеңнің қаламынан: «Партизан қызы», «Ормандағы от», «Тон», «Қапастағы жұлдыздар» хикая-әңгімелері және «Сахара қызы», «Дос сыры» романдары туды. Оның «Орман хикаясы» киносценарийі бойынша түсірілген көркемсуретті фильм Азия мен Африка елдерінің Ташкентте өткен фестивалінде жүлде алса, Кеңес Одағы әскери фильмдерінің Алматыда өткізілген байқауында КСРО Қорғаныс министрі арнаулы силығымен марапаттады.
Әдебиет ғылымы саласындағы еңбегі де елеулі. «Жұмағали Саинның өмірі мен шығармашылығы», «Сырбай Мәуленовтің шығармашылығы», «Қазақ әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдық», «Қазіргі дәуір және қазақ әдебиетінің даму жолдары» атты монографиялардың, көкейкесті көптеген мақаланың авторы. Сол еңбектері үшін филилогия ғылымдарының докторы атағы берілген.
Жауынгер, қайраткер, қаламгер Әдекеңе ұзақ жылғы қалтқысыз еңбегі бағаланып берілген наградалар: Ленин ордені, Еңбек Қызыл Ту ордені (екі мәрте), Қызыл Жұлдыз және Құрмет белгісі ордендері. КСРО медальдары. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталары. «Қазақ КСР-на еңбегі сіңген мұғалім» атағы.
Әлхисса, сөзімді Алматы – Тбилиси (қала атының мағынасы – жылы су) сапарымыздан бастаған соң, Тбилиси – Алматы сапарымен аяқтауым шарт қой.
...Біз Грузияда бір апта болдық. Әдебиетші-сыншылардың пікір алысулары төрт күн болды да, басқа күндері Гори, Кутаиси, Боржоми қалаларына сапар шектік. Сол бір апта бойы көзім жеткен, көңілім марқайған көрініс: одақтас республикалардан, Мәскеу мен Ленинградтан келген небір атақты әдебиетші-сыншылардың Әдекеңді қошеметтегені. Олардың құрақ ұшқандары біздің де мәртебемізді өсіргені анық.
Қайтқан жолы да Әдекең мені жанына шақырып, мәжіліс, саяхат жайындағы ойларымды барлады. Әңгімеден әңгіме туындады. Бір әредікте Әдекең маған қыран көзін төңкере қарап, жылы жымиып:
- Ғаббас, сен менің кім, қайдан екенімді білесің бе? – деді. Жылы жымиысы мені еркінсіткен соң тартынып қалмай:
- Жазушылар одағын басқарғаныңызда бізге ондай мағлұмат берген жоқсыз, алайда Сізді Семейден, Абай топырағынан деп естігенмін. Сонда арғын ағаның қай бұтағынансыз? – дедім. Ол шалқалай қарқылдап күлді де:
- Саған айтар бір қызық нәрсе: арғынның қаратаяқтары мені «найман» деп, ал найманның қаратаяқтары мені «арғын» деп ойлайды. Ал анығында мен – Найман шалдың баласымын, матаймын, Ілияс Жансүгіров ағаңның інісімін. Менің ата қонысым Ұлан ауданының орталығы Бозаңбай ауылынан солтүстік-батысқа қарай он бес шақырымдай жерде, Қайранбай ауылы, бірақ... қазір ауылдан белгі жоқ. Көпшілік тірлік қамымен жан-жаққа көшіп кеткен... Семейдің Мариновка селосында туған себебім: шаруа қуып барған әкеміз сонда бірнеше жыл тұрған екен. Ал сен найманның қай бұтағынансың? - деді.
- Көкжарлымын.
Сол сәтте ұшақтың радиосы: «Тыңдаңыздар! Белбеулеріңізді бекемдеңіздер, самолет Ташкент аэропортына қонуға ыңғайланды», - деп «сүйінші» сұрады. Одан кейін, біржарым сағат өте бере, ұшағымыз әуеге көтеріліп, Алматыға бет түзеді. Сол сәтте ғалым-жазушы Хасен Әдібаев:
- Әдеке, Тбилисиде сізбен бірге өткізген бір апта біз үшін айға бергісіз қымбат күндер болды. Кешкісін сіздің бөлмеңізде өткізген әрбір сағатымыз институт-университеттердегі дәріс тыңдауға ынтық студенттік шағымызды қайта оралтты. Рахмет, Әдеке, жүз жасаңыз! - деді. Біз дабырласа құптадық. Әдекең:
- Өй, айтқышсыңдар, ә? – деп жарқырай күлді.
Хасен ағаға қатысты бір қызық болғанын да айта кетейін. Хаскең Тбилисиден жарты метр шамасы жіп бау тағылғын әдемі дөңгелек қағаз қорап ала қайтты. Сыртындағы жазулары грузин әрпімен, әрине, грузин тілінде жазылған.
- Хас-аға, мұныңыз не нәрсе? Жарылатын пәле емес пе? - дедім, әзілдесе беретін әдетіме басып, Ташкентте ұшақтан шыққанымызда.
- Жеңгеңе сәлемдемеге алған торт қой, - деді. Ду күлдік. Жігіттердің бірі, сірә, Сайын ғой демін:
- Мына күн ыстықта тортыңыз су болып кетпей тұрғанда, бері әкеліңіз, жеп алайық! – деді. Тағы ду күлдік. Әд-аға қарқылдап күліп:
-Ай, жігіттер! Өздерің келіншектеріңе, құдай біледі, жарты кәмпит те алған жоқсыңдар, сонсоң Хасеннің тортын қызғанып тұрсыңдар, ә? - деді.
- Әд-аға, келіндеріңізге біз өзіміз-ақ ең қымбат сәлемдемеміз ғой! – деді Қабдеш. Күлкіміз Ташкенттің әуежайын жаңғырықтырған шығар!..
Ғаббас Қабышұлы,
жазушы, журналист, сыншы, аудармашы,
халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты