Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Баршатас елді мекенінен батысқа қарай 110 км жерде Жорға тауының солтүстік беткейінде ағып жататын шипалы бұлақтар – «Әулие қыз» бұлағы деп аталады.Суының емдік қасиеті мол, қан толтыру, қан айналымын жақсарту мақсатында пайдасы бар.
19 ғасырдың орта шені Қоянды жәрмеңкесіне барған Садыр–Матайдың бір байының қызы қайтар жолда айықпас дертке ұшырапты. Сырқатынан жазылмасын білген қыз әкесіне:
«Әке, жәрмеңкеге бет алған жолымыздағы ат шалдырған бұлақ басына жеткенде мен бұл дүниеден өтемін. Тағдырдың жазуына белді бекем буыңыз да, денемді сол бұлақ басына жерлеңіздер!» - депті.
Айтқанындай бұлақ басына жеткенде қыз о дүниелік болады. Әкесі қызының өтінішін орындап, сүйегін бұлақ басына жерлейді. Күн суытып қызының басына үй тұрғыза алмасын сезген әке үй тұрғызуды келер жылға қалдырып ауылына аттанады.
Жорға өңіріне саят құратын аңшылардың қатарында сол заманның серісі, сөзге шешен Төлеңгіт ішінде Қанайдан тарайтын Айнаң деген адам болады. Қыс түсе қырдың қызыл түлкісін жүйрік атпен өкшелей қуған сері жігіт түлкі жалт бергенде бұлақтың желке тұсындағы жартасты биіктен төмен құлайды. Алайда қаншама биіктіктен құласа да еш жері жарақаттанбайды. Өзінің амандығына көзі жеткен саятшы: «Менің аман қалуыма бір тылсым күш әсер етті. Сірә, мына бұлақ басына жерленген адамның аруағы, киесі қорғаса керек» - депті. Көпшіліктен сұрастыра келіп, бұлақ басына жерленген адамның тарихына қанығады. Көктем шыға қыздың басына мазар салғызады.
Көп ұзамай қыз әкесі де қызының басына үй тұрғызу үшін адамдарын сайлап, малын айдап бұлақ басына келіп тоқтайды. Қарлы күзде өзі жерлеп кеткен қызының басында тұрған мазарды көріп таң-тамаша болады. Сұрастыра келе мұндай жомарттық Айнаң сияқты серілердің ғана қолынан келгенін біледі. Ризашылығын білдіріп, Айнаңның қарсылығына қарамастан айдап келген малын тарту етеді, тіпті өзі алмаса да мазар тұрғызуға қатысқан жандарға бөліп беруді сұрайды. Содан Айнаң құлаған биік «Айнаң ұшқан», қыз жерленген бұлақ «Әулие қыз бұлағы» атаныпты.
Деректер:
Жұмабаев, М. "Әулие қыз" бұлағы ұмыт қалмаса екен [Мәтін] / М. Жұмабаев // Дидар . - 2017. - 13 қаңтар. - Б. 6.