(1917-1992)
Бакенов Оразбай 1917 жылы 15 маусымда Семей облысы, Аягөз ауданы, Сергиополь (қазіргі Мамырсу) аулында дүниеге келген. 1938 жылдың қараша айы мен 1941 жылдың наурыз айы аралығында армия қатарында болған. Ұлы Отан соғысы басталған кезде соғыстан броньмен қалдырылған. Ұлы Отан соғысы кезінінде Сергиопольде 38 колхозды қамтитын ауқымды МТС құрылып, сол МТС-тың бригадирі болған. Әйелдерді, жастарды трактор жүргізуге үйреткен. 1944 жылдың қараша айында Коммунистік партия қатарына өткен. «1943 жылы облыстық партия комитетінің нұсқауымен гвардия генерал-майоры Панфилов дивизиясын жас солдаттармен толықтыру үшін керуен поезбен бір ай жүріп Москва түбіне барып қайттым. Одан кейін бір жарым ай жол жүріп, эшалонмен азық-түлік, аттар апардым. Үшінші рет Семейден оқ, қару-жарақ, соғыс техникалары тиелген поезға жетекші болып бардым. Жаудың назарын аудармас үшін күндіз тоқтап, түнгі уақытта жүріп отырдық. Қайтар жолда жаралы жауынгерлерді алып қайтып, Семейде, Аягөзде ашылған лазереттерге (госпиталь) орналастырдық» - деп еске алатын.
Соғыстан кейінгі жылдары туған аулында бригадир, ұста болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан.
Бакенов Оразбай «За доблестный труд в Великой Отечественной войне 1941-1945гг.»(1945), 1975 жылы «Тридцать лет победы в Великой Отечественной войне 1941-1945 гг.» (1975), «40 лет победы в Великой Отечественной войне 1941-1945 гг.» (1985), «За освоение целинных земель» (1957) медалдарымен, мақтау қағаздарымен марапатталған.
Тыл ардагері Бакенов Оразбай 1992 жылы өмірден озды.
Естелікті жазған келіні Санкешова Аққайша Елжашқызы.