(1910-1992)
Ұлы Отан соғысы кезеңі тарихында еңбек армиясы қатарына шақырылып, көрген азапты өмірі осы уақытқа дейін ашылмаған, мылтықсыз майданда болған азаматтар туралы зерттеп және зерделеп «ақтаңдақ» жылдар құрбандары қатарына жатқызатын уақыт жетті.
Көптеген адамдар Орталық Ресей, Сібір, Орал аймақтарына қара жұмысқа жіберіліп, жан түршігерлік ауыр жағдайда еңбек етті. Тарихи мәліметтер бойынша 200 мың қазақ азаматтары Cібірдің өнеркәсіп орындарына жіберілген.
Қайсин Қабілмәлік 1910 жылы қазан айында Катонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. 7-8 жасынан Молотов колхозының жұмысына араласты. Колхозда өгізбен ағаш дайындап, өгіз арбамен колхозға шөп тасыды.
1943 жылы 33 жасында Молотов колхозынан майданға шақырылды. Әскери комиссариат соғысқа жарамды ер азаматтарды жинап Өскемен қаласына жеткізген. Осы жерден бір тобы майданға, екінші тобы еңбек батальонына жіберген. Еңбек армиясы қатарына алынған азаматтардың денсаулығы, тұрмыс жағдайына мүлде қарамаған, тізім жасап, өнеркәсіп орындарына бөлу жұмысын әскери комиссариат, қадағалау жұмыстарын қаһарлы НКВД жүргізіп, бақылауында ұстаған.
Әкем «Шыңғыстайдан - Исақанов Бөкей, Охин Бурахан, Жамбылдан - Хамитов Қажытай, Медведкадан - Бекенов Құлжыкөш, Абақаев Мырзағұл, Абақаев Жұмағұл, Топқайыңнан -Жұртбаев Түспек, Катоннан -Ластаев Зияпат барлығымыз бір жерге, Оралдағы ірі өнеркәсіп орталығы Свердловск (қазіргі Екатеринбург) құрылысындағы Белка руднигінде түсіп, еңбек армиясы қатарында қара жұмыс атқардық. Жағдайымыз өт е ауыр болды. Еңбек етіуге еш жағдай жасалмаған, азық –түлік жоқтың қасы. Үнемі ашқұрсақ жүріп, ауыр жұмыстар атқару ер азаматтарға қиын болды. Әйтсе де тапсырылған нормамызды орындап жүрдік. Әлсіздіктен, аштықтан жұмыс басында өліп кеткендер көп болды. Кейбіреулер мұндағы қиындыққа шыдамай, ашық майданға сұранды, кейбіреулер қашып кетті. Қашып кеткендерді ұстап алып, қайтадан жұмысқа салатын. Қаланы айналдырып ор қаздық, трактор қазған тоң топырақты қолмен тиеп, орманда ағаштар кестік. Иығыңды езіп жіберердей жас ағаштан жасалған шпалды көтеріп, үңірейген карьерге қарай әзер жетесің. Артыңнан вагон итеріп басқалар ереді..
Тамақ та нашар болды. Бір уақыт ыстық тамақ берген болады, ол қалақай мен саңырауқұлақ қосылған қара көже. Үсіген картоппен тамақтанғандар үсік шалғандай ісініп ауырып қалатын. Ешуақытта тоя тамақ ішпедік, діңкелеткен ауыр, қол жұмысынан әбден әлсіреген адамдар қыстың бораны мен үскірік аязына шыдай алмай қырылды.» - деп еске алатын.
Еңбек армиясындағылар ағаштан қиып салынған, қыста даладан сәл ғана жылы болатын тоң барақта ағаш нарды төсек етті. Жамылатын көрпе де, жастық та сабан болды. Барақтың іші қаншалықты суық болғанымен, соншалықты қапырық, шуаш пен тер иісі тұншықтырып, түнімен қандала талайтын. Киер киімге де жарымады.Ұлтына және дініне қарамастан тірі қалу жолында бір-бірлеріне сүйеу бола білді.Қара жұмыста ас-жалаңаш жүріп қайтпас қайсарлықтың, кісіліктің және адалдықтың үлгісін көрсетіп, жеңіс жолындағы қиындыққа төтеп бере білді. Исаханов Бөкей мен әкем ағайындас еді. Олар Оралда алты жыл жүріп елге аман - есен оралды.
Әкем елге оралған соң 1955-1956 жылдары колхозда әр түрлі жұмыс атқарды. Бір жылдан кейін колхоз бір отар қой бағуды тапсырып, сол қой шаруашылығында 1967 жылға дейін еңбек етті. 1967 жылдан бастап Катонқарағайдағы «Охотсоюз» мекемесіне жұмысқа түсіп, аңшылықпен айналысты. Охотсоюз мекемесінде зейнетке шыққанша жұмыс атқарды. 1992 жылы ақпан айында 82 жасында өмірден қайтты. Соғыстан кейінгі жылдар ішінде атам үлес қосқан Ұлы Жеңістің талай мерейтойлары аталып өтті. Сол айтулы жиындарға атамды, оның жерлес достарын ешкім елеп шақырған жоқ. Олардың қажырлы еңбегі, зардап шеккен психикасы, жоғалған денсаулығы мен жастық шағын ешкім елемеді. Тіпті соғысқа бармады деп кіналағандар қаншама? Мектепте өтетін кездесулерге де шақырылып көрген жоқ.
Өскемен қаласындағы А. С. Пушкин атындағы облыстық кітапханадан библиограф Уалханова Рақия Нұралықызы қоңырау шалып, Жеңістің 75 жылдығына орай кітапхана «Еңбек Армиясына қатысқан Шығысқазақстандықтар» атты жобаны қолға алып жатқанын айтқанда, қуанышымда шек болған жоқ. Өмірден елеусіз өткен әкемнің өмірі көз алдыма келіп, естіген-білгенімді қағаз бетіне түсірдім. Тарихи ақтаңдақ зерттеліп, енді әкем сияқты бірнеше мыңдаған ауыл қазақтарының Ұлы Жеңіске қосқан еңбектегі ерлігі туралы жас ұрпақ білетін болады. Әкемде де бір аунап түскен шығар... Әкемнің еңбектегі ерлігін айтып, менің де кеудемде мақтаныш сезімі ұялады. Ұрпақ сабақтастығы деген осы.
Келер ұрпақ тарихи шындықты білуі керек. Өткен тарихты білмей алға жылжу мүмкін емес. Ұмыт болып бара жатқан тарихты жаңғыртып, еске алып жатқан кітапхана қызметкерлеріне деген алғысым шексіз..
Естелік жазған кенже ұлы Кайсин Оралғазы.
Шыңғыстай ауылы.