Бір әйелдің басынан кешкендері...
Содан бері 75 жыл өтіпті. 75 жыл бойы болашақ ұрпақ бақыты үшін өз жандарын қиып, Отан үшін мерт болған қаhармандарымызды еске аламыз. Қанды майдан жорықтары ғасырдан ғасырға аңыз болып таралмақ. Өмірге келген әр ұрпақ аталар мен апалар ерлігін жыр ғып таратуға тиіс.
Ұлы Отан соғысының ауыр күндерінен зардап шекпеген отбасы жоқ. Соның бірі менің отбасым. Менің атам мен апам - Майер Таисия Михайловна мен Майер Павел Иванович
еңбек ардагерлері болатын. 9 май Жеңіс мерекесіне орай жиналған сәттерде менің әжем соғыста басынан кешкен оқиғаларын жыр ғып айтушы еді. Соғыс атты сұмдықтың қайталанбауын, жас ұрпақтың ондайды басынан өткізбеуін тілейтін. Оның әңгімелерін ести отырып, басқаның қайғы қасіретін түсінуге, жанашырлыққа, басқаларға көмек қолын созуға үйрендік.
Әжем өз анасын білмейді екен, анасы толғақ кезінде қайтыс бопты. Әкелері көзі көрмейтін мүгедек, үш бірдей жас баламен қалыпты. Тася ес білгеннен соқыр әкесін жетектеп, қайыр тілеген екен. Өз әңгімесінде «қол жайып қайыр тіледік» деген сөзді жиі айтып, жылай беретін. Тася 16 жасқа толғанда соғыс басталады. 1943 жылға дейін әкесімен бірге қайыр тіледі. 1943 жылы 3 маусымда Тасяны Зырян кен басқармасы машинист етіп қабылдады. Бес жыл сонда жұмыс істеп, жатақханада тұрды. Жас қызға шахтада жұмыс істеу өте қиынға түсті. Бірақ Жеңіске жетеміз деген үміт небір қиындыққа шыдауға үйретті. Соғыс біткен соң 1948 жылы Белоусовка кентіне көшіп келген. Осы жерде атаммен кездесті. Майер Павел Иванович әжем жұмыс істеген бригадада бригадир болып істеген. Соғыс жылдарын қосқанда 5 жыл бойы ауыр жұмыс істеген, анасыз жетім қалып, соқыр әкесін жетектеп тағдыр тауқыметін тартқан әжемді атам үйленген соң жұмыстан шығарып алады.
Атам екеуі 5 бала өсіріп, 9 немере 14 шөбере, 1 шөпшек сүйді. Мен әжемнің қолында өстім. Әжем маған оқуды, санауды үйретті. Әжемнің арқасында көбейту таблицасын қатарластарымнан бұрын меңгердім. Тағдыр тауқыметін тартса да адамдарға деген сүйіспеншілігін, сенімін жоғалтпаған әжем бәрімізді махаббатына бөлеп, 93 жасында өмірден өтті. Менің әжем - менің Батырым, отбасымыздың Батыры. Адамдардың қайғы – қасіретін түсінуге, жанашырлыққа, қиналған жанға көмек қолын созуға, мейірімділікке тәрбиелеген әжеме алғысым шексіз.
Джамбирова Наталья Сергеевна,
«№1 Белоусовка орта мектебі» КММ- нің биология пәнінің мұғалімі.