(1900- 1962)
Аманов Манап 1900 жылы Шығыс Қазақстан облысы Көке болысында (қазіргі Ұлан ауданы,Тарғын ауылдық округі, Манат ауылы) орта шаруа отбасында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке ерте араласқан Манап әке шешесін асыраған. Қараужасық елінің қызы Әміреқызы Қайшаға үйленіп, отбасын құрған.
Дүниеге 1919 жылы желтоқсан айының 15-ші жұлдызында ұлы Досқазы келген, арасында бірнеше балалары шетінеп 1939 жылы кенже ұлы Батырхан туған.
Ұжымдастыру науқаны басталып, колхозда жұмыс істеген. Ұлы Отан соғысы басталған соң 1942 жылы ұлы Досқазы соғысқа шақыртылып, майданға аттанған. Ұлын майданға аттандырғанда, өзіне қара жұмысқа, еңбек армиясына шақыру қағазы келген.
1942 жылдан 1945 жылдың тамыз айына дейін Ресейдің Красноярск өлкесіне еңбек армиясына қатысқан. Орманда ағаш кесіп, окопқа, блиндажға ағаш даярлап жіберіп отырған. Ағаш баракта тұрып, Сібірдің аязына шыдап жеңіс жолында аянбай еңбек еткен.
1945 жылы соғыс біткеннен соң, үлкен ұлы Досқазы жараланып аман- есен елге келді. Өзі де аман- есен оралған. Әкелі-балалы екеуі біреуі соғыс, біреуі еңбек майданында жүргенде жұбайы Қайша кенже ұлы Батырханды асырап, колхоздың жұмысын істеп, майданға шұлық тоқып, астық даярлау науқанына қатысқан.
Аманов Манап 1962 жылы Ұлан ауданы Манат ауылында қайтыс болды. Манат ақсақалдың ұрпақтары Тарғын ауылдық округі елді мекенінде, Өскемен, Алматы қалаларында тұрып еңбек етуде.