(1923-1989)
Валентин Оттович Зигле 1923 жылы Азербайжан ССР –і Ханлар қаласында дүниеге келді. Мектепті бітірген соң әскери училищеге оқуға түседі. Бірақ басталған соғыс жас жігіттің бар жоспарын бұзады. Әкесі жау ретінде тұтқындап, өздерін Қазақстанға қоныс аударуға мәжбүрледі. Сөйтіп Зигле отбасы Шығыс Қазақстан (бұрынғы Семей) облысы Құлынжон кенішіне келеді. 1941 жылдың аяқ шенінде ұлдары Валентинді Соликамскіге ағаш дайындауға, ал шешелерін Куйбышев қаласының маңында мұнай құбырын салуға еңбек армиясына алды. Валентин Соликамскіде 1944 жылға дейін жұмыс істейді. Ауыр жұмыс пен нәрсіз тамақтан қатты ауырып ауруханаға түскен кезде грузин дәрігер әйел қарайды. Валентин орысша сұрақ қойған грузин әйелге таза грузин тілінде жауап беріп дәрігерді таңқалдырады. Ол азербайжан, неміс, орыс тілдерін жақсы білетін. Егер соғыс болмағанда полиглоттың өмірі қандай болар еді?
Грузин дәрігер »Балам, сен тірі қалуың керек. Мен саған барлық құжаттарыңды дайындап берейін, сен Қазақстанға кет» - деп кеңес береді. Сөйтіп Валентин Жаңғызтөбе станциясында түседі. Әрі қарай кенішке жету керек, қара қатқақ күздің суығы онсыз да жүдеу, нашар киінген жас жігітті жауратып жібереді. Шамасы келгенше жылдам басып келе жатқан жігітті ат-арба қуып жетіп, «Әй бала, қайда барасың? Отыр» - деп арбасына отырғызып алады. Арба айдаушы үйіне алып келіп, тамағын беріп, жылынған соң кенішке жеткізіп салады. Соғыс аяқталған соң еңбек армиясынан анасы да оралады. Олар кеніште алтын өндіреді. 1950 жылы Валентин Оттович мектепке орналасып неміс тілінен сабақ береді. Мария Ивановнамен бас қосып, отбасын құрайды.
"Әкем өте талантты адам еді. Қазақ тілін тез меңгеріп, спортты мылтық атумен айналысты. Шаңғы тебуден, суға жүзуден разрядтары болды. Фотографиямен әуестенді, ауыл балалары соңынан қалмайтын. Қазақ тілінде таза сөйлегендіктен қазақтар оны қатты құрметтеді. «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озаты » төсбелгісін иеленді. Еңбек армиясындағы ауыр жылдар әкемнің денсаулығына әсерін тигізбей қоймады. Әкем 1989 жылы қайтыс болды." - деп еске алады қызы Надежда.