(1919-1999)
Серіков Дәрібай Серікұлы 1919 жылы 1-ші қаңтарда қазіргі Шығыс Қазақстан облысына қарасты (бұрынғы Семей облысы) Шұбартау ауданы Дағанды болысы 7-ші ауылында, Ақшоқы тауының етегінде дүниеге келді. Қазақ ССР-нің халық ағарту ісінің озық қызметкері. Екпін орта мектебінің негізін қалаушылардың бірі.
Бес жасынан өнер-білімге құмар болып, қисса-дастандарды жатқа білді. Тоғыз жасында сегіз жылдық мектепке қабылданып, сатылап оқып, 14 жасында ұстаздық жолын математика пәнінің мұғалімі болып бастады.
1941 жылдан партия қатарына қабылданып, аудандық, ауылдық кеңестің депутаты.
1943 жылдары тылдағы еңбек армиясына алынып, Сібірде екі жыл ағаш дайындау отрядында еңбек етті. Орманнан ағаш дайындап, жиналған ағаштарды поезбен әртүрлі жерлерге жіберіп отырған. «Ауданнан (Шұбартау) 13 адам аттанып едік, соның ішінде ағам Жақыпов Шайзада, бөлем Буланов Битөлеу де болған еді. Осы аттанған азаматтардан бөлем Буланов Битөлеу екеуміз ғана аман оралдық, Ол бір зұлмат заман, қиын кез болды», - деп күрсіне ойға шоматын» дейді қызы Жанна Дәрібаева әкесі туралы естелігінде.
1946 жылы бір жыл Турксиб теміржолында қызмет етіп, Ақтоғай, Жүзағаш станцияларының құрылысына қатысты.
1953 жылы Семей педагогикалық училищесін, 1964 жылы Семейдің Н.Крупская атындағы педагогикалық институтының физика-математика факультетін тамамдады.
1963-1965 жылдары аудандық партия комитетінің секретары, ауылдық бастауыш партия ұйымын басқарды.
Еңбек жолында Шұбартау аудандық оқу бөлімінің инспекторы, мектеп директоры, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Мектепте ұстаздық ете жүріп, әр түрлі аспапты жетік меңгерген ұстаз, оқушыларды музыкаға тәрбиелеп, ансамбль ұйымдастырды.
Білім саласындағы еңбегі ескеріліп 1969 жылы Қаз ССР-інің халық ағарту ісінің озық қызметкері атанды.
1979 жылы құрметті демалысқа шығып, Еңбекке баулу пәнінен дәріс беріп, оқушыларды қол өнерге баулыды.
1991 жылы Бидайық ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы
Саналы ғұмырын өнер мен білімге арнаған ұстаз, өмірден қандай теперіш көрсе де, моймай бақытты өмір сүріп, 1999 жылы 80 жасында дүниеден озды.
Соңынан «45 жыл ұстаздық етсең де, 45 минуттық сабаққа дайындықсыз барма», «Мақсаты бар адам жалықпайды», - деген ұлағатты сөз қалдырды.
Марапаттары:
1946 жылы «Еңбектегі Ерлігі үшін медалі»
1965 жылы «Тың жерлерді игергені үшін медалі»;
1966 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін»;
1969 жылы «Қаз ССР-інің халық ағарту ісінің озық қызметкері»
1970 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін медалі»;
1975 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы медалі»;
1985 жылы «Ұлы Жеңіске 40 жыл медалі»;
1995 жылы «Ұлы Жеңіске 50 жыл медалі».
Қызы Жанна Дәрібайқызының естелігінен.