А. С. Пушкин атындағы кітапхана қорына «Тоғас хан шежіресі» тарихнама кітабын Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы, Үздік мемлекеттік қызметші Оспанов Сабыр ағамыз сыйға тартты. Шежіренің жалпы редакциясын басқарған Түйебаев Махмұт Мамырбекұлы.
Еліміздің тәуелсіздігімен бірге келген түбірлі өзгерістер қоғамның барлық саласын қамтыды, соның ең бастысы рухани дамуымыздағы бүкіл болмысымызды жаңартқан ұлттық құндылықтарымыздың қайта оралуы. Сол рухани құндылықтың бірі-қазақ шежіресі. Қазақ шежіресі адамдардың кімнің-кімнен тарайтынын білдіретін есімдер ғана емес, сол адамдардың сан қырлы тіршілік-тынысы туралы айтылатын тарихи ақпарат беретін деректер көзі, ел жұртымыз, ұрпақтарымыз сусындайтын, ауыз әдебиетіміздің, жазба шығармашылығымыздың, төл тарихымыздың, ұлттық құндылықтарымыздың қайнар бұлағы.
Тегін тым болмаса ата-бабаларын, жеті атасын білу-әрбір қазақ азаматының парызы. Бірақ, күні бүгінге дейін көбіміз өз тегімізді біле де бермейтініміз шындық. Білгіміз келгенімен оны айтып беретін құймақұлақ, аузы дуалы қарттарымыз да сиреп кетті. Өзінің жеті атасының аты-жөнін, ұрпағына мұра етіп, жазып кеткен, көзі ашық, көкірегі ояу қариялар азайды.
Уақыт өтеді, дүние тозады, ұрпақ үшін мәңгі құнын жоймайтын мұра-халқымыздың рухани байлығымыздың бірі-шежіре екендігі даусыз. «Тоғас» ұрпақтары күні кешегі өткен кезеңнен бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының басынан кешкен барлық тарих сынынан сүрінбей өтіп, артына ұлағатты із қалдырған ұлы тұлғаларымен мақтанады. Қазіргі кезде Тоғас ұрпақтары баба атына сайын абыройлы ғұмыр кешіп тәуелсіз қазақ елінің мемлекетін нығайтуға лайықты үлес қосуда.
Жаһандану тасқыны, көп ұлтты некелік қатынастар, өз жеті атасын білмей жақын руласымен некелесіп, ақыл-ой, сана, денсаулығы кем ұрпақтың болмауынан сақтанып, батыр тұлғалы, зейінді де зерделі, сапалы ұрпақты өсуі үшін, ұлттың гендік тазалығы үшін, әрбір қазақ баласы өзінің жеті атасын білуі парыз бен қарыз.
Тоғас шежіресі ұрпақ сабақтастығын жалғастырған бүгінгі ұрпақтың болашағын, ұлттық санасын заман талабына сай қалыптастыра отырып, өз елінің нағыз жанашыры болып қалыптасуына үлес қосатын маңызды еңбек. Сондықтан шежіре кітаптың болашақ ұрпақ үшін тарихи, танымдық, тәрбиелік маңызы өте зор болмақ.
Ендеше, құрметті оқырман келіңіздер «Тоғас хан шежіресімен» таныс болыңыздар!