«Абай әлемі» сериясымен шыққан кітаптың бірі де бірегейі Ақтан Нұрбаевтың «Таңдамалы» өлеңдер жинағы.
Мыңдаған жылдар тарихы бар әйгілі Алтай, оның ішінде Қатонқарағай бір қазақтың ғана емес, бүкіл Түркі жұртының, түркі әлемінің алтын бесігі. Жер жаннатына айналған сұлу өңірдің атақты Мұзтауға иек артар тұсында көркіне, тамаша сұлу табиғатына кез келген адам тамсанатын Берел ауылы жатыр. Ол- дүниеге Ақтан Нұрбаевты әкелген өнерпаз ауыл.
Жырды сүйетін, бағалай білетін есті жұртты аузына қаратқан Ақтан өзіндік қолтаңбасы бар, ешкімге ұқсай бермейтін ерекше талантты еді.
Төр Алтайдың төл жыршысы Ақтан Нұрбаев-елімізге белгілі лирик ақын. Оның шығармалары табиғатпен біте қайнасып, қамшы таспасы сынды өріліп жатыр.
Жайқалып жасыл майса мақпал қырдан
Толқындап тобығымен мақпалды ұрған.
Түстік жерден түрленіп көз тартады,
Ақ торғын алқа таққан ақ балдырған
Па, шіркін, Шығыс неткен шуақты едің,
Көрген жанның көңілін шаттандырған!...
Ақиық асқар таулар тізбектеліп,
Тұрады-ау төбесіне мұз бөктеріп.
Ақ марал-аяулы аң, жақындасаң,
Қарайды ботакөзді қыз беттеніп.
Па, шіркін Алтай неткен сұлу едің,
Талай жан тамашалар іздеп келіп!...
Торқалы жасыл мақпал майса кілем,
Көркіңе тең келер ме жайса кілем.
Құлпырған өз өлкемнің осы өңірін,
Соңғы демім шыққанша айта жүрем!...
Бұл Ақтанның Ақжарма сөзі. Бұл-ақынның туған жері, ыстық мекені, балғын балалығы, желкөкірек жастығы, мұқым саналы ғұмыры өткен, Төр Алтайына берген ұрпақтық анты.
Наз Катоным өлеңінде
Катоным өз мекенім, өз Отаным,
Көлшігі жанарындай боз ботаның
Бұл күнде нұр жамылды, гүл жамылды,
Көз тартып көркіменен наз Катоным!
Алпыс ұлттан ағайын меймандаған,
Шипалы қасиетті Арасаным.
Па шіркін менің Катонқарағайым,
Бүгінгіден зор ертең болашағың !
Лирикасыз-поэзия тұл. Лирикасыз ақын-ақын емес. Сюжеттік өлеңдер ақынның автопортретін бере алмайды. Ақтан ақынның лирикасы ерекше. Ақтан ақынның өлеңдерін оқып отырып, оның жыр әуендері жаныңды байыз таптырмай, өз иіріміне шым-шымдап тарта беретінін байқайсыз.
Ақтан ақынның мынау опасыз фәниден тым ерте қол сермеп, өте шығуында да осындай бір тамыры тереңге тартатын философия жатқан шығар, кім білсін?!
Алайда мен білетін бір ғана шындық бар, ол- Ақтан бақытты ақын. Артында өлеңін ұнатып оқитын мыңдаған оқырманы барда, Ақтан өлеңдері мәңгілік. Ендеше жыр сүйер қауым кітап сіздің еншіңізде.