Фестиваль аясында баспадан шыққан «Абай әлемі» кітаптар топтамасының 2024-жылғы шығарылымының тұсаукесер салтанаты өтті. 15 атаумен шыққан 7500 дана кітаптың ішінде «Алтайдың ақын арулары» атты жинақ баспадан шықты.
Бұл жинаққа әр жылдары жыр жазумен шұғылданып, әр жылдары сол жырларымен оқырмандарының жүрегінен жол тапқан ақын аруларымыздың жырлары топтастырылған. Әрине әр ақынның сөз саптауы, стилистикасы, лирикасы әр түрлі деңгейде. Десек те те баршасына ортақ дүние-барлығының бұл дүниеге өлердей ғашық екендіктері, өздерінің туып-өскен Алтайына деген өлшеусіз махаббаты.
Кітапта ақындар Алмагул Аубакированың, Алмагул Уалханованың, Гулманат Әуелханның, Жұлдыз Ғабдуллинаның, Әйгерім Жүрекбаеваның, Гүлнұр Зұлқаршынның, Нұржанат Иқсанованың. Гулжан Құсайынованың, Гүлнар Райымбекованың, Назым Слямқызының, Назым Тауфиқованың, Шұғыла Төлеубектің, Толқын Уызбаеваның өлеңдері топтастырылған.
Кітаптың мақсаты-Төр Алтай мен ерке Ертіс бойында қаулап өсіп-өніп келе жатқан жас қаламгерлердің шығармаларын жария ету. Шығыс Қазақстан атты жер ұйық өлкенің кешегісі мен бүгінгісін қамтитын жерлес қаламгерлердің шығармаларын жарыққа шығаруды мұрат еткен «Абай әлемі» кітаптар топтамасы дүниеге келгеніне, мінеки жетінші жыл болған екен.
Бұл топтама ғылыми зерттеулер немесе сыни мақалалар жариялап, тек Абай бабамыздың төңірегін насихаттауды мұрат тұтпайды. Абайды алға сала отырып, ол абыз ақынның ізін жалғап келе жатқан жаңа дәуір ақындарының шығармаларын оқырман қауымға насихаттауды өзек етеді.
Тағы да бір тілге тиек етер дүние, жоба бастау алған жылдардан бері жастар шығармашылығына баса назар аударылып келеді.
Бұл жинақ оқырманын бей-жай қалдырмасы анық.