Өлең, сенің досыңмын, сырласыңмын
Күйін күйттеп жүрмедім бір басымның
Құпиясын іздеген дүниенің,
Бір қызы боп қалармын бұл ғасырдың
Жырым менің, Тәңір берген сыйым менің
Тілегімен үндескен дүйім елдің
Қайғысы бар, мұңы бар жүрегімнен
Шыққан ойдың ең нәрлі түйіні едің, -деп ақын жырлағандай Сарышева Фарида Батырбекқызы кітапхана қорына «Сырғамды қайық қылып» атты кітабының төрт данасын сыйға тартты.
Фарида Батырбекқызы ҚР оқу ісінің үздігі, Ақтөбе облысының екі дүркін «Облыстың ең үздік мұғалімі» грант иегері, «Басқару ойының дамуына қосқан үлесі үшін» Ф. Тейлор атындағы алтын медаль, «Ұлт ұстазы» төсбелгісі және «Еңбек ардагері», «Қазақстанның құрметті азаматы» медалінің иегері.
Фарида Батырбекқызының 2022 жылы «Өмір кітабымның тараулары» кітабының тұсаукесері осы кітапханада өтті.
Ф. Сарышеваның көп жылдық тәжірибесі мен терең ізденіс, зерттеулерінің нәтижесінде «Әдебиет – өмірді таныту құралы», «Қазақ әдебиетін оқытудағы сабақ үлгілері», «Қазақтың төл мысалдарын тереңдетіп оқыту» авторлық бағдарламасы, «Кәсіптік білім беру жүйесінде қазақ әдебиеті пәнін сын тұрғысынан ойлау технологиясы», «Тіл тазалығын сақтайық», «Қазақ әдебиеті және космогония», «М. Құттықовтың ақындық шығармашылығы» еңбектері, «Өмір тараулары» атты кітабы жарыққа шықты.
Автордың оқырманға жол тартқан жаңа кітабы бұрынғы басылымдардан өзгеше. Кітапта ақынның өмір туралы өлеңдері топтастырылған. Жүрек түкпірінен шыққан жырлары ананы сүюге, атамекенді, туған жерді, жас ұрпақты құрметтеуге арналған. Өлеңдері адам бойындағы асыл қасиеттерді қадірлеуге, адамдарды өзара бір-біріне құрметтеуге шақырады.