Сиезхан Дәулетханұлының «Ғұмырдария» атты кітабын автордың қарындасы өлкетанушы Гулзира Құдабаева кітапхана қорына сыйға тартты.
Сиезхан Дәулетханұлы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, ұстаз, алаштанушы, шежіреші, өлкетанушы.
Сиезхан-ата анасы үшін тынышты да еңбекқор бала болды. Мектеп пен ұстаздар үшін, аяулы шәкірт, шіліңгір суретші, жауырыны жер иіскемеген палуан, сандаған ауылдардың жүдеу мектептерінің өмірін жаз қылған басшы, туып өскен Топқайыңның, мұқым Төр Алтайдың абыройы мен ожданы, шаттанып айтар оғланы болды. Бәрін айт та бірін айт-ол нағыз азамат еді.
Ғұмырының отыз жылын шежіре жазуға арнады. Шәкірт тәрбиелей жүріп, екі томдық «Дат-даланың ауызша тарихы» атты шежіре кітабын жазды.
Шығармашылығының көп жылдарын шежіре жазуға арнаса да, Сиезхан Дәулетханұлының артында өлеңдері, әңгіме, очерктері қалды. Туыстарының қолдауымен шығарылған бұл кітапқа бұрын жарияланбаған біраз шығармасы, естеліктер, мақалалар топтастырылған.