Кітапхана қорына Күршім ауданының тумасы, журналист Хасен Зәкәрия «Естелік» атты кітапшасын сыйға тартты. Бұл кітап Қойтастан шыққан тұңғыш ғалым, биология ғылымының кандидаты, Өскемен педагогикалық институтының ең алғашқы деканы Қожанов Тыныбек туралы.
Ойламаңдар, «көп қазақтың бірі» деп
Тұлғасы оның өзгелерден ірірек.
Жастайынан үлгі болған талайға
Ерекше адам менің аға Тыныбек, - деген өлең жолдарынан көп нәрсені аңғаруға болады.
Кітаптың негізгі мақсаты-арқалы азаматтың есімін бір жаңғырту. Тыныбек Қожанұлының көзін көрген, емен-жарқын араласқан адамдардың қатары сиреп қалғаны рас, бұл кітапша оны көрген, атын естіген немесе есіміне қанық қауым үшін қызықты болатынына күмәніміз жоқ.
«Жақсы адамдардың ғұмыры неге қысқа болады екен?», - деген сауал көлденеңдейді. Дегенмен, ол кісінің жақсы аты, ол туралы жылы естеліктер ешқашанда көнермейді, өшпейді деген ойдамын. Екінші ғұмыры басталды, кітап мәңгілік.
Асылдарымыздың аты өшпей, есімдері ел назарынан шықпасын!
Ендеше оқырман, кітаппен таныс болыңыздар. Кітап сіздің еншіңізде.