Кітапхана қорына кітап авторының баласы Аян Дәуренұлы әкесінің «Ақкөңіл» атты кітабын сыйға тартты. Ақын Дархан Қабдолданов небары 45 жасқа толарында өмірден өтті. Ақынның артына қалған өлеңдерін, жырларын, айтыстарын өзінің ұлы Аянның жинап, құрастырып кітап етіп шығаруы - әкеге деген үлкен құрмет. Дәуреннің жырлары туған жер, құтты мекен, оның адамдары, тәуелсіздік, тіл туралы. Өнер тақырыбына арналған өлеңдерден, арнаулардан тұрады. Айтыстағы ақынның сөз қағысулары да кітапқа енген.
«Ақкөңіл» кітабына таңдамалы өлең жырлары топтастырылған. Ақынның әр алуан тақырыптарды қамтып айтқан құнды сөздері, орамды ұйқастарымен әзілдері оқырманды өзіне еліктіріп отырады. Бұл кітаптың бүгінгі және болашақ ұрпаққа берер тағылымы мол. Аян Дәуреннің ақын есімін ұлықтау мақсатында жыр жинағын құрастырып , кітап шығаруы-әке рухына тағзым, мәңгі ескерткіш деп білеміз. Қорыта айтқанда өлеңдер жинағы-тәрбиелік мәнімен үлкенге өнеге, кішіге керегін сыйлар толымды дүние. Құрметті оқырмандар, келіңіздер кітаппен таныс болыңыздар!