Сергиополь елді мекені патша заманында салынған бекініс. Іргесі 1831 жылы қаланған. Аягөз қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 5 км жерде Аягөз өзенінің оң жағында орналасқан. Мағынасында Серги деген антопоним жатыр. Ал «поль» сөзі «қала, бекініс» мәніндегі славян сөзі.
Революционер С.Ғаббасовтың патша үкіметіне қарсы ұйымдастырған ұйымының орталығы. 1930 жылдардың бас кезінен ұжымшар орталығы болған. 1957 жылдан ұсақ ұжымшарлар негізінде құрылған сүт өндіру бағытындағы кеңшардың орталығы болды. 1996 жылы кеңшар негізінде шаруа қожалықтары құрылды.
1860 жылдан Сергиополь, 9-тамыз 2007 жылдан Мамырсу аталған елді мекен 1831-1936 жылдар аралығында қазіргі Аягөз ауданының орталығы болған.
Мамырсу ауылдық елді мекеніңдегі тарихи ескерткіштер
Сабыржан Ғаббасов ескерткіші
Ғаббасов Сабыржан Ғарабшаұлы (1889–1918) жылы Семей облысы, Аягөз уезінде дүниеге келген. Большевик-комиссар. Жетісу мен Семейде Совет өкіметін орнатуға белсене қатысушы. Октябрь социалистік революциясы қарсаңында саяси өмірге араласып, Сергиопольда Совет өкіметін орнату жолындағы күресті басқарушылардың бірі болды. 1918 жылы ақ гвардияшылардың қолынан Белтерек деген жерде қаза тапқан. Ескерткіш-бюст Сергиополь селосында 1966 жылы орнатылған. Мемориалдық тақтада - «С. Ғаббасов ескерткіші 1889–1918 жж» деген жазулары бар. Қазіргі кезде С.Ғаббасов атындағы орта мектеп алдына қойылған. Құрылыс материалдары тас, кірпіш, темір, ағаш, гранит.
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге ескерткіш
2005 жылы Мамырсу ауылында Ұлы Жеңістің 60 – жылдығына орай Ұлы Отан соғысында неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғыста қаза тапқан, хабарсыз кеткен боздақтарға арналған ескерткіш мемориалдық тақта қойылды. Құрылыс материалдары ақ кірпіш, гранит плита.
Қасабай батыр
Қасабай батыр Шахарұлы (1753-1793) – аралығында өмір сүрген. Қасабай батыр 1713 жылы қазіргі Алматы облысы, Алакөл ауданының Көктұма елді мекенінде дүниеге келген екен. Жоңғарлармен соғыста Қабанбай батырдың сенімді серігі, жаужүрек батыр інісі болған. Қазақ – қалмақ соғысында ерекше батырлығымен көзге түскен Қасабай батырдың мүрдесі Абылай ханның ордасы тігілген Мамырсу өзенінің жағасындағы төбенің басында жерленген. 1713-1795 жылдар аралығында өмір сүрген, қазақ елін жоңғарлардан азат ету жолында аянбай шайқасқан батыр бабаларын мәңгі есте сақтау үшін алакөлдік ұрпақтары 1993 жылы Қасабай батырдың басына ескерткіш орнатқан болатын. Ал, 2011 жылы қыркүйек айының 17-күні қызыл кірпіштен өріліп салынған биік кесене бой көтерді. Қасабай батыр кесенесі
Мамырсу ауылындағы мешіт
Мамырсу ауылындағы «Қазығұл» мешіті 2009 жылы 11 қыркүйек күні пайдалануға берілді. Бас ұйымдастырушы сол жылдары ауыл әкімі болып қызмет атқарған Аманжол Арғынгелдіұлы. Бас демеушілер Қазығұл Ата ұрпақтары , ауыл тұрғындары.