(Күршім ауданы Шірікаяқ ауылы тарихы)
«Қай елде де іші тар, көрсеқызар Батыраш, Қотыраштар болған ғой. Күршім ауданында «Чердояк» (Шірікаяқ) атанған іргелі ауыл бар және «Қоңыраттың шапқан жолы» атанған жол бар. Осы ауылдың Шірікаяқ атану себебі былай болған екен. Ертеректе Сарыжомарт Тоқпан деген бай қызын Керейлерге ұзатып, қызына шашағына шаң жұқпас, жүйрік қоңыр атын мінгізіп жіберген екен. Сол елдің екі жігіті Құрымбай мен Жұрынбай, Қоңыраттың елден кеткеніне, «ендігі бәйге Қоңыраттан оза алмай жүрген біздің Көкжүйріктікі» деп қуанады.
Көктемде Қоңырат барған жерінен қашып келіп өзінің үйренген үйіріне қосылады. Жылқышылар Қоңыратты жаратып, дайындап жүріп, елдегі үлен тойда бәйгеге қосады. Аттарды Құйған деген жерден жібереді. Бәйгеге қосылған 75 аттың ішінде Қоңырат жеке дара алда келе жатады. Қоңыраттың бәйгеге қосылғанын білген ағайынды екі жігіт Құрымбай мен Жұрынбай орта жолда бәйгені тосып, ұстап алып, басқа аттар ұзап кеткенше жібермей тұрады. Қоңырат шапшып, бұлқынып құрсаудан құтылмақшы болып арпалысады. Тұлпардың жанталасын көріп тұрған інісі: «Тұлпарға қастық қылғанның тұқымы құриды деген» Қоңыратты жіберейік ,-дейді ағасына. Қоңырат жібермесіне көзі жеткен соң ұстап тұрған адамның тізесіне ауызды салып езіп жібереді. Сөйтіп құрсаудан босап шығып, ұзап кеткен аттардың артына қарап тұрып, енді қуып жете алмасына көзі жеткен соң Ертіс өзенінің жиегіндегі жарды жағалап жолсызбен төтесінен тартып, мәреге алдымен келеді. Содан бері ел Қоңыраттың шауып өткен жолын «Қоңырат шапқан жол» деп, ал аяғы шіріп дүниеден жанын қинап өткен жігіттен жиіркеген ел, оның ауылын Шірікаяқтың ауылы деп атап кетіпті. Кейін жайлы мекенге переселен орыстар келіп қоныстанып Шірікаяқ дегенге тілдері келмей «Чердояк» деп атапты. Ал, «Шірікаяқтан», Батыраш пен Қотыраш секілді тұқым қалмаған екен»-деген еді. Иә, біздің аталарымыз жылқыны тегін, киелі, қасиетті мал деп есептемеген. Жылқыға зәбір көрсеткен адамның өмірде жолы болмайды. Жылқы ақылды мал, ол сенің ойыңды, пейіліңді, ниетіңді біліп тұрады. Ол иесін жолда қалтырмайтын сенімді жануар. Сондықтан да оны басқа ұрмайды, аяқпен теппейді.
Атбегі Бошай Кітапбаевтың жазбасы