Түркістан –Сібір теміржолының салынуы - шежірелі Аягөз өңірінің арғы-бергі тарихында халықтың рухани –әлеуметтік жағдайының өсуіне, мәдениетінің дамуына экономикасының өркендеуіне айрықша ықпал етті.
Түріксіб құрылысы 1927 жылы сәуір айында оңтүстікте Луговойда, солтүстікте Семейде бастау алып, 1929 жылы 28 сәуірде толықтай пайдалануға берілді.
1930 жылы 1 мамырда Түрксіб бойынша «Семей - Арыс» арқылы өтпелі пойыздар қозғалысы ашылды. Дәл осы жылы Ақтоғай стансасының іргетасы қаланып, №32 айырық (разьезд)дүниеге келді. Алғашқы үйлер, мекеме кеңселері бөренелерден тұрғызылды. Небәрі 7-8 үйден құралған №32 айрық 1941 жылдары өсіп, өркен жайды. 1941 жылға дейін Қызылқия (Тарлаулы) ауыл советінің қарамағында болып, осы жылы маусым айында станса атауына ие болып, Ақтоғай поселкелік кеңесі ашылды.
Алғашқы тараптық партия ұйымының хатшысы Қожатай Садықов, комсомол ұйымын Рахымбай Мамарбеков басқарған. Бір аштықтың бір тоқтығы бар дегендей жаппай тәркілеу кезінде зардап шеккен қазақтардың көбі осы осы Түрксібке келіп жан сақтаған. Шойын жолға келіп, абырайын еңбектен тапқан ұрпақ өкілдері осылай қалыптасқан еді.
1956 жылдары Достық (Дружба) теміржолының құрылысы басталды. Қытай халық республикасының шекарасына дейінгі 304 шақырымдық шойын жол салынды. Ақтоғай стансасында дүкендер, мәдениет үйі, балабақша, мектеп, асхана, байланыс үйлері салынып, тұрғындар ұлғая түсті. Құрылыс 1960 жылы қарқын алып, 32 айрық болып тұрған ауыл 1980 жылы «Ақтоғай - Саяқ» теміржолы пайдалануға берілген соң тез өсіп, кентке, тоғыз жолдың торабына айналды.
Түрксіб теміржолы салынып, пайдалануға берілуіне ерен еңбек сіңіріп, осы салады еңбек еткендер «Ленин» орденімен, 13 азамат «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен марапатталды. Тәуелсіздік жылдары Ақтоғай кенті дамудың жаңа белесіне өтті. Кент аумағында екі жалпы білім беретін мектеп, балабақша, ауылдық аурухана, мәдениет үйі, 70 дүкен, үш дәріхана, үш мейрамхана, үш кафе, төрт жанар –жағар май стансасы наубайхана, үш асхана, электронды қызмет көрсету орталығы, «Қазпошта», «Халық банкі» және 16 теміржол мекемесі орналасқан.