Күршім өңірінің сайын даласында аңыз бен ертегі болған жападан жалғыз мазар тұр. Жергілікті халық Аманат мазар деп атап кеткен. Ол тірілерге жерленген адамдардың тыныштығын сақтап, бұл өмірдің баянсыздығын еске салғандай. Жақын жерде осы аттас ауыл бар. Мазардың пайда болуы туралы ел арасында аңыз сақталған.
Оқиға ақ тышқан жылы болса керек. Қазақ даласында ақ тышқан жылы болған жұт ел есінде.Сонау алыстағы Сырдария жағасынан Алтай тауларына мыңдаған табын мал айдап келген бай осы өңірге қоныстануды көздейді. Табын мал ұзақ жолды сәтті еңсеріп, Мыңшұңқыр алқабына келіп тоқтайды. Олар келіп тоқтаған алқап малға жайлы, суық желден қорғайтын биік жартастар қоршаған қолайлы мекен. Табын малды бай баласы - жас жігіт басқарды. Ол отбасындағы жалғыз ұл болғандықтан әкесі ұлын алыс сапарға жібергісі келмейді. Бірақ жас жігіт атын ерттеп, жылқыларын өзі қорғайтынын айтып алған бетінен қайтпайды. Жұттан қашқан жұрт қысты осы жерде қарсы алып, көктемге дейін аялдауды жөн көріпті.
Сырдария жағасынан келген адамдар жылқыларын бағып, қардың кетуін, көктің шығуын асыға күтіп жүрді. Күн жылынып, жер қарайса өз еліне де қайтатын уақыт та келер еді. Сол күнге аз –ақ қалғанда жас батырдың аты көп моланың біріне сүрініп, иесімен қоса құлады.
Ауыр жарақат алған жігітті қоныстарына әкеп, емдегенмен, жас батыр оңалмады. Қыстай асыға күткен көктемнің шуақты күнінде жас батыр мәңгіге көз жұмды. Күн жылынып кеткендіктен жігіттің денесін туған жеріне жеткізу мүмкін емес еді. Қаралы хабарды жеткізу үшін Сырдария өңіріне хабаршы аттанады. Жалғыз ұлының жаманатын естіген бай жата алсын ба, туған-туыстарымен Мыңшұңқыр алқабына келіп жетіпті. Қайғыдан есі шыққан бай жұттан аман қалған барлық жылқының құйрық жалын кесуге бұйрық беріпті. Көп жылқының жалы мен құйрығын балшықпен араластырып, биенің сүтіне илеп, кірпіш құйдырған екен. Сол кірпіштен жалғыз ұлына мазар тұрғызыпты.
Қырық күн бойы алыстан келген туыстары жалғыз мұрагерді жоқтап, аза тұтыпты. Қырық күн өтіп, жігіттің туыстары өз елдеріне аттанбақшы болыпты. Бай жергілікті халыққа ұлының мазарын бұзбай сақтауды аманат етіп өз еліне аттанған екен. Сөйтіп мазар «Аманат» атанса керек. Мазардың жанындағы балықшы ауылы да Аманат атанып кеткен деседі.
Аңыз болса да шындыққа жанасады. Географиялық аймақ, елді мекен бар. Мыңшұңқыр алқабында болған адамдар сол жерде еңсені көтертпейтін биоөріс бар деседі. Өлке тарихына үңілсек бұған да түсінік табуға болады. Тура осы алқапта қазақтардың жоңғарлармен кескілескен шайқасы болыпты. Қан судай ағып, екі жақтың мыңдаған сарбаздарының басы шабылған. Сондықтан халық арасында «мың мола» атауы қалып қойған. Осы жерге жақын «Ойран» деп аталатын тағы бір жер – тарихта болған кескілескен шайқастың нақты көрінісі:
Жантыкеев, Р.Тайна древнего мазара: [мифы и легенды] [Текст] / Р. Жантыкеев // Рудный Алтай. - 2004. - 13 ноября - С. 8.