Көк кеңістігіндегі жұмыстардан шаршаған Құдай–ана жерге түсуді, оның үстіне ең бір көркем, мейрімді жерге түсуді жөн көріпті.
Құдай ана жерге түсе салысымен құздың бейнесіне еніп, бетін күн шығысқа бұрыпты. Әр таң атқан сайын жаңа күннің жарық сәулелері таулар мен шыңдар арасынан сәуле шашып, күншығысқа қараған құдай–ананың бетіне, алақанына түседі екен. Көктен түскен жарық сәулені Құдай-ана шығыстан батысқа, жердің басқа да бөліктеріне таратады екен. Қасиетті мекенге бұратана халық келіп, қорламау үшін Алтай мен оның құзырындағылар тас қабырғалар салып, құдай–ана бейнесіндегі ғибадатхана тұрғызған.
Жергілікті халық бас иіп, одан рақымшылық сұрайды екен.
Талай ғасыр өтсе де күні бүгін адамдар осы ғибадатханаға келіп, тәу етіп тұратын көрінеді. Бірде құз басында барабан соғып отырған басы тақыр, тибет монахын көргендер де бар. «Монах тау басында барабан соғып отыр екен – дейді мектеп мұғалімі Руслан – Мен сөйлескім келіп еді, ол ыңғай танытпады».