Ерте заманда осы қарағайлы өлкеде жалғыз ғана қызы бар жесір әйел өмір сүріпті. Ол аң аулап, тезек теріп күн кешіпті. Бір күні жалғыз қызы қатты ауырып, әйел аңға шыға алмай қалыпты. Аңға шықпаған соң тамақ жоқ, жағдайы қиындап кетеді. Аштықтан титықтаған әйел бір күні қызы ұйықтаған соң, аң аулауға шығып кетіпті. Жаралы қоянды ұстаймын деп қуып жүріп бейшара әйел адасып кетеді. Күн боран, үйін таба алмай қалыпты. Сол мезетте үйіне құдайы қонақтар келіп қалады. Ауру қыз солардың көзінше қайтыс болып кетеді. Ал анасы сол кеткеннен оралмайды. Ауыл адамдары оны іздеп бірнеше күннен соң орманда тізерлеп отырған жансыз денесін тауып алады. Содан бері қарағайлы қалың орман Қатынқарағай атанып кетсе керек. Бұл атау келе-келе Катонқарағай болып өзгерген деседі.