kl kz



>
Шығыс Қазақстан Интернетте
Мәдениеті мен өнері
Туристерге
Тарих беттерінен
Маңызды оқиғалар
«Туған өлкем – тұнған тарих» дәрістер циклы
ШҚО ауылдарының тарихы
Өскемен жайлы не білесіз?
Өскемен қаласының тарихы
Өскемен қаласындағы көшелер тарихы
Ескерткіштер
Аудан паспорттары
Шығыс Қазақстан облысы
Шемонаиха ауданы
Өскемен қаласы
Риддер қаласы
Алтай ауданы
Глубокое ауданы
Зайсан ауданы
Катонқарағай ауданы
Күршім ауданы
Марқакөл ауданы
Самар ауданы
Тарбағатай ауданы
Үлкен Нарын ауданы
Ұлан ауданы
Семей қаласы
Курчатов қаласы
Аягөз ауданы
Абай ауданы
Бесқарағай ауданы
Бородулиха ауданы
Жарма ауданы
Көкпекті ауданы
Үржар ауданы
Уланский район
Урджарский район
Шемонаихинский район
Алтын Алтай фольклоры
Алтай аңыздары
Шығыс Қазақстанның музыкалық мұрасы
Шығыс Қазақстанның әдеби мұрасы
Өлке табиғаты
Табиғи қорықтар
Табиғи ресурстар
Шығыс Қазақстанның 25 ғажайып орны
Шығыстың шипажайлары
Барлық-Арасан шипажайы
«Баян» шипажайы
Рахман қайнары
Уба шипажайы
Киелі орындар
Абылайкит
Берел қорымы
Қоңыр әулие үңгірі
Шілікті алқабы
Ашутас
«Алаш арыстары» үйі (Семей қ.)
Семей полигоны құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» монументі (Семей қ.)
Ф.М. Достоевскийдің әдеби-мемориалды үйі (Семей қ.)
«Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені
Қозы Көрпеш пен Баян сұлу мазары
Мұзтау
Шығыс Қазақстан соғыс жылдарында
Соғыс балалары
Кеңес Одағының батырлары
Ардагерлер еске алады
Соғысқа қатысушылар
Партизандар қозғалысы
Тылдағы аналар
Тылдағы ерен еңбек
30 - Гвардиялық дивизия
Брест қамалын қорғауға қатысқан шығысқазақстандықтар
Еңбек армиясы
Өлкетану альманағы
Өлкетану альманағы 2024
Өлкетану альманағы 2023
Өлкетану альманағы 2022
Өлкетану альманағы 2021
Өлкетану альманағы 2020
Өлкетану альманағы 2019
Өлкетану альманағы 2018
Өлкетану альманағы 2017
Өлкетану альманағы 2016
Өлкетану журналы 2014
Өлкетану альманағы 2015
Өлкетану альманағы 2013
Әріптестеріміздің шығармашылығы
Геология
Өлке зерттеушілері
Тарих. Этнография. Мәдениет
Қаламгерлер жайында
Білім беру
Ономастика
Дін
ҰОС жылдарында (1941-1945) ЕҢБЕК АРМИЯСЫ қатарында болған шығысқазақстандықтар
Бейнетоптама
Шығыс Қазақстан әдебиеті
Шығыс Қазақстанның әдеби және есте қаларлық орындары
Фэнзин фантастикалық журналы
Виртуалды көрмелер
Қ. Мұхамедханов: библиографиялық көрсеткіш
Экран дикторы

linka

Сеңгір сілемдердің сауырын сипай сылқылдаған сұлу Марқакөл! Тау табанына тұнған тұныққа іңкәр еткен жиырмасыншы ғасырдағы Алтайдың алғашқы жыршылары Смағұл Сәдуақасов пен Жүсіпбек Аймауытов көкелеріміз еді. Смағұл 1922 жылы «Өртең» газетіне жариялаған «Қазақстан» атты танымдық мақаласында: «Сарыарқаның күншығыс оңтүстігі өр елдегі айрықша тұрған бір жер. Ол Зайсан, Өскемен үйездері. Ар жағынан тауы, Тарбағатай, бер жағы Ертіс, Зайсан, Марқакөл деген әдемі көлдер бар. Бұл маңайдың әдемілігі Еуропадағы Шуетсария тауларынан анағұрлым ілгері. Шуетсария өзіне Шуетсария, Қазақстанның ішінде Алтайдан әдемі жер жоқ. Алтай – жердің жұмағы, Алтай – біздің жер. Алтайда болған адамда арман жоқ!» деп тебірене жазды. Жүсіпбек сомдаған Ақбілек арудың ақ ауылы – Алтай еліне асықтырған көңіл күздің күрең қабағына қаратқан жоқ. Апта аптығын басты-ау дегенде жолға түстік. Ақбауырды асып, Көктауды көктеп, Тайынтыға тамсанып, Күршімге келгенде күр-күр еткен паром келесі жағаға жеткізді. Бұқтырманың қайық жарған қара суына қарап, қарсы соққан суық желі жағамызды қаусыра көтерткенде ымырт үйірілді. Қоналқадан соң ертеңгілік жазықтағы Жайсаң – Зайсан көлінің күншығыс жағасындағы ауылдарды аралап, Боранға бұрылып, Теректіге тоқтап, Мәрмәр асқарының алқымындағы ирек жолда ирек қамшылап Ұранқайға жеткенде тағы қою түн түсті. Марқакөлдің солтүстік-шығысы Ақсубасы атты сілемнен басталады. Оңтүстік-шығысында Азутас, батысында биік Сарытау Марқаны бөгеп тұр. Көлде алты миллиард текше метр тұщы су бар. Ертеде Марқаның жағасын қазақтың дәулеті асқан бір байы жайлапты. Қыс түсе малын тебінге Шанағатыға апарады екен. Шанағаты – елу градустық аяз болса да, жауған қары қыс мезгілінде малға өріс беретін құйқалы жер. Жазда жайлауға Сарытауға қонады. Қыстамаға дейін отыратын күзеуі Қарағайлыбұлақ өңірі. Оның арғы жағы Шүмек. Көлге елуге жуық өзендер мен бұлақтар құяды. Сөйтсе де, жалғыз Қалжыр өзені ағып шығып, Қара Ертіске қосылады. Қалжырдың көлден шығар сағасы шәугімнің шүмегі сияқты болған соң Шүмек аталған. Марқаны жайлаған байдың жалғыз қызы болады. Өзі хас сұлу. Қыз бой жеткенде керей мен найманның мырзалары бірінен соң бірі құдаласуға сөз салады. Тәкаппар, еркекшора өскендіктен әкесі жалғызының көңіліне қарайлайды екен. Алайда, «қыз – жатжұрттық». Әкесі сонда дүйім елге жар салыпты: «Қызымда көңілі бар жігіттердің бәрі келсін. Бір талабым бар. Соны орындаса қызымды жарты байлығыммен қосып беремін» дейді. Жан-жақтан халық жиналады. Бес қаруын асынып, жүйріктеріне мініп дәмесі бар ер-азаматтар келеді. Ұлан-асыр той үстінде бай талабын айтады: «Марқаның еті піскенге дейін көлді айнала шапқан бәйгеден кімнің аты озып келсе, соған қызымды беремін» дейді. Бұлшық еті ойнаған, жебесі мүлт кетпейтін, сілтеген найзасы қақыратып өтер сырттан, солай болса да кедейшілігінен астында жалғыз күрең бестісі бар жалғыз жігіт те тойға келген екен. Ол да атынан түсіп, жануарын бәйгеге қосады. Қазан қайнап жатыр. Балуандар күресіп, әншілер әуелете ән шырқап, сиқыршы-даршылар өз өнерін көрсетіп той қыза түседі. Марқа еті пісті-ау дегенде алыстан шаң көрінеді. Бәйгеден әлгі кедей жігіттің күрең бестісі келеді. Бастапқыда кедей жігітке күле қараған бай сөзінде тұрып, қызын ұзатып, ұлан-асыр той жасайды. Жігіт байдың байлығына бас ие ұлы болады. Содан бері осы көлдің аты Марқакөл аталған деседі. ...Күнтаудан күн көтерілгенде көрдім. Марқакөл! Ұранқайымыз ұрын келген күйеудей көлдің іргесіне қоныпты. Сол иықтағы төбенің теріскейі ұйысып тұр. Әлдебір шебер суретші сары-жасыл бояуды айқыш-ұйқыш шаша салғандай. Ал күнгей қабырғалар селдір, құбасары түске енген. Қалың қарағай мен қайың, сыңсыған самырсын мезгіл әуенін шертеді. Күздің алтын тәжін киген Алтай табиғаттың тағына отырғандай паң, байсал тартқан. Келбеті өзгермеген Марқа тұнығы! Тау теңізі қашан мұз құрсаулап, ақ етіне аппақ қардан жамылғы жамылмайынша аспан жүзін көріп ұялатын айдын айна көркінен айнымас, сірә! Мұнда екі мәрте Кеңес Одағының Батырлары Валентин Лебедев пен Алексей Губарев, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров сынды атақты ғарышкерлер, КСРО Халық әртістері Роза Бағланова, Асанәлі Әшімов меймандос елдің қонағы болған, демалған. Демалыс демекші, Марқа – әйгілі Сәбит Мұқановтың сүйікті демалыс орны болыпты. Тұнықтың теріскейінде «Сәбиттің теректі мүйісі» атанып кеткен жер бар. Көлге сұғынып жатқан құмды жағалау, көрікті мүйіс. Партия заманында Сәбең Марқакөлге тынығуға келеді екен де, атпен серуендеп, көлге шомылып, аунап-қунап, қуат жинап қайтады екен. Әрине, әйгілі жазушыны құрақ ұшып күтетін жергілікті жұрт. Сәбеңнің қолына су құйғандар бүгінде немерелеріне сөз зергерінің есімін еншілеген теректі мүйіс жайлы жиі айтып жүр. 1962 жылы шілденің шіліңгірінде Алтайды саялап келген Сәбеңе Марқакөл ауданындағы Боран ауылының орта мектеп мұғалімі Құмаш Нұрғалиевтың жазған бір өлеңі сақталған. – Сәбе аға, қош келдіңіз Марқакөлге, Шығыста шығып жүрсіз дарқан төрге. Әлемін Қазақстан сіз білесіз, Бар ма екен сұлу өлке бұдан өңге?! Ну орман самырсынды, қарағайлы, Саясы тіршіліктің жанға жайлы. Біз өскен етегінде Алтай осы – Суы бал, жидегі ем, шөбі майлы. Аңқыған жұпар иісі гүл бәйшешек, Қойғандай жердің беті кілем төсеп. Біз өскен етегінде Алтай осы – Артық па «Жер жәннаты – бізде!» десек. Сылдырап бұлақтары таудан аққан, Үнімен сыңғыр нәзік жанға жаққан. Біз өскен етегінде Алтай осы, Кем бе екен кереметі дәл жұмақтан?! Көгілдір көз ұшында бұйра толқын, Жүздірген қызыл балық нелер сортын. Біз өскен жағасында Марқакөл бұл, Кеудеме тұтандырған өмір отын! Кеңестік «Клуб путешественников» телебағдарламасының жүргізушісі, белгілі саяхатшы Юрий Сенкевич Марқакөлге екі мәрте келіпті. Қайтыс боларының алдында Астанада Елбасымен кездесіп, Шығыс Қазақстанның Күршім, Катонқарағай, Зырян аудандарын аралап шыққан Сенкевичтің сүйіспеншілігі бекер емес. Әріректе түсірген деректі фильмі Мәскеудегі қорда сақталған. Жетпісінші жылдардың ортасындағы фильмде ұранқайлық балалардың суда шолпылдаған балықты ұстап отырған бейнелері тасқа басылып қалғаны бүгінде кімнің есінде дейсіз?!. Фильмдегі балалардың бірі бізді алып жүрген Марқакөл маңайындағы Төсқайың ауылдық округінің әкімі Әлижан Біткенбаевтың сыныптасы екен. Сенкевичтің сырлы таспасындағы Гүлия Мәмиева есімді қаршадай қыз бүгінде Өскеменде тұрады. Әне, уақыт қандай жүйрік! ...Қорық әкімшілігі алдындағы аз-кем есендік, білістіктен соң Есенгелді Әубәкіров есімді ағамыз әңгіме тиегін ағытты. Ғұмырының қырық алты жылында Марқакөлдегі орман шаруашылығы мен қорықтың басшысы болған. Бұл кісі жөнінде оқыған едік. Марқа жерін мекендеген, кейін жоғалып кеткен су бүркітінің жоқшысы ретінде есімізде қалыпты. Ақсақалдың айтуынша, елуінші жылдары Ұранқайдағы жүзге таяу отбасының төртеуі ғана қазақтар болған. Ұйысып отырған ұлыстың кетуі қарашекпенділер келгеннен кейін кетті. Катонқарағай мен Марқакөлдің ортасын ертеде Сайбек есімді бай жайлаған дейді Есағамыз. Сайбек – мыңғырған мал біткен адам. Ішімізден қазақтың ен жерінде халық бір байға ғана қарап қалмаған шығар деп қоямыз. Алтайдың биігінде жайлаудың базары қысқа. Тоғыз ай қыстың қаһарына марқакөлдіктер ғана шыдайды. Марал мен елік жүздеп қырылатын қалың қар жиі түседі мұнда. Қалыңдығы үш метрге дейін жетеді. Десе де, солтүстіктен ауып келгендерге қатаң қыс қыр емес. Оның үстіне мүлгіген маң өлке ғаламат ғажап! Кейінгі қос ғасырда Марқакөлді орыстар мен эстондар көптеп қоныстанды. Ұранқайда түгел дерлік орыс пен кержақ тұрса, эстондар Жоғарғы Еловка мен Төменгі Еловканы мекендепті. Қазір қайтадан қазақтың өзіне тиген Еловкаңыз Қарағайлыбұлақ аталады. Шүмекте 1945 жылға дейін 70 эстон отбасы тұрған екен. Бір қызығы, Марқакөлдегі ағайын 1961 жылға дейін қармақ салу дегенді білмеген. Тек Флор Менаев есімді балықшы ғана мөңке балыққа ау құрады. Тонналап майдандағы жауынгерлерге жібереді. Өзгелері балықты қолмен ұстайды. Марқакөлдің мақтанышы – майқан балық. Жалпы, қызыл балыққа жататын майқанның түрі көп. Сібір майқаны, таймень, Қиыр Шығыста кета бар. Ал жергілікті жұрт «ускуч» дейтін майқан Марқакөлді ғана мекендейді. Қазақшасы – ұшқыш. Су бетімен секіргенде құстай ұшып барып шолп ете қалатын жыртқыш балықтың атауына қарап-ақ Марқакөл ежелгі түркілердің атақонысы болғанын бағамдаймыз. Аштық пен соғыс кезінде балықтың өзенге көтерілетін мезгілін бүкіл ауыл-аймақ болып күткен деседі. Уылдырық жаяр өріс іздеп, тау өзенінің ағысына қарсы секіре ұшып, шыңға қарай жүзген балықты қолмен ұстап, тұздап сақтаған. Ол кезде халық негізінен «селедка» дайындайды. Уылдырыққа қарамайды. Тіпті, қара уылдырықты тауықтың жемі ретінде пайдаланыпты. Кәдеге асырар пысық келіншек табылса, әрі кетсе кептірілген уылдырықпен қара нан пісіреді. 1961 жылы Зайсан көлінде нәпақа тауып жүрген Саша есімді қарт балықшы қармақ әкелгенде дүйім ауыл таңғалыпты деседі. 1976 жылы Марқакөл табиғи қорығы құрылды. Егер мемлекеттік деңгейде назар аударылмаса, уыз дүние әлдеқашан құрып кетер еді. Өйткені, адамның қоршаған ортаға көзқарасы біркелкі емес. Мұнда қызылбалық, Қызыл кітапқа енген сирек аңдар бар. Осы биосфераға қорық мамандары, ғылыми қызметкерлер тұрақты мониторинг жасайды. Қорықшылар өздеріне жүктелген аумаққа адам баласының қол сұқпауын бақылауға алған. Табиғат апаты тікелей адамның жауапсыздығынан туып жатады. Әсіресе, қауіптісі – өрт. 1998 жылы орын алған өрт марқакөлдік қорықшылардың есінен кетпейді. Қытаймен шекарадағы Көкжотадан басталған тілсіз жау жолындағыны жайпап, көлге маңдай тірепті. Нарықтың қысып тұрған қиын кезі ғой. Тікұшақтар жұмылдырылса да сүйір тілін сумаңдатуын қоймаған. Тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілген. 50 мың гектар орман отқа оранған. Қызыл жалын қар жауған соң ғана тоқтаған. Табиғатты қалпына келтіруге үкімет қомақты қаржы аударады. Әйтсе де, жүзжылдық ағаштардың обалы кімге?.. Бүгінде өрттің алдын алуға біршама мүмкіндік жасалған сияқты. Қорық шаруашылығының базасы өрт сөндіру машинасы, жер жыртуға арналған трактор сынды ірі техникалармен жарақтандырылғанын байқадық. Айтуларынша, орманшылар үнемі «обходта». Бақылау толассыз жүргізіледі. Кеңес өкіметі тұсында қар жаумай даладан бір арба шөп әкелуге рұқсат бермеген екен. Шырпы түссе лап етер жынысты қорғау үшін жамағайын жаға жыртысатын. Таяуда Теректіде болған өртте Қытайдан қоныс аударған он екі отбасының маясы өртеніп кетті. Құдай сақтап, орманға отты алып ұшар жел болмаған. Қарт қорықшыға құлақ түре жүріп, Марқакөлге арналған мұражайды тамашаладық. Аң-құстардың тұлыптары Марқакөлдің фаунасынан біршама мағлұмат береді. Әйтсе де, жетпісінші жылдары бой көтерген ғимарат тозыңқырап тұр. «Ел-жұрт келген кезде бәрін атқа, көлікке отырғызып, орман аралата алмайсың. Сондықтан, осы мұражайды жасақтау қажет болды», деп еске алды Есағамыз. Мұражайды салуға қорықта түрлі қызмет сатысында болған Ізғалиев, Березенкова, Олень, Баймұқанов, Зинченко есімді әріптестері белсене атсалысады. Ауылдан үй табады. Қажетті мүкәмалға толтырады. Мұражайға жиһаз емес, осы көлдің аумағындағы аң-құс керек. Оны оңай жерден тарсылдатып, атып әкеле салуға болмайды. Заң бар. Қорық басшысы Алматыға сапар шегіп, министрлік жанындағы қорық және аң шаруашылығы бас басқармасының бастығы Әмірғазы Жұмаділовпен жолығады. – Ол Семейдің тумасы, соғыс ардагері болатын. Жағдайымызды түсінді. Бір маралды атуға рұқсат берді. Алайда, он екі күн бойы далада қалдық. Күршімнің басын қар басып қалды. Маралды қорықтың аумағында алуға заң бойынша тыйым салғандықтан орман шаруашылығы аумағынан атуға рұқсат алғанбыз. Олжалаған маралдың тұлыбын Өскемендегі Металлургтер көшесінің бойындағы зоокомбинатта жасаттық. Семен Божиков есімді таксидермиямен шұғылданатын досымыз тегін істеп берді. Семен Андреевич – шебер тұлыпшы болатын. Мұражайлардың тапсырысымен жүрген кезінде, яғни 1982 жылы Зырян ауданының Тұрғысын ауылы маңында оны аю жеп қойды, – деді қарт қорықшы. Міне, мұражайда тұрған әр тұлыптың өзіндік тарихы бар. Мәселен, шоқиып тұрған аю мен қонжықтарды тікұшақпен келген браконьерлер орманға өрт қоя беріп, нудан қашып шыққан сәтінде атып алыпты. Қаскөйлерден тәркіленген аю мен қос қонжықтың терісін Кнаревский деген кәсіби аңшы илеген. Ал құстардың мүсінін «Птицы Маркаколя», «Черный аист», «Беркут» кітаптарының авторы, өскемендік орнитолог Николай Березовиков жасаған. Ол қазір Алматы облысында тұрады. Ұстауға тыйым салғандықтан Қызыл кітапқа енген құстар мен жануарлар кейпі мұражайда көрініс таппаған. Қорыққа директор болып тағайындалған жас маман Қуаныш Теңкебаевпен де сөйлестік. Қуаныш Зейнолдаұлының айтуынша, табиғат кешендері мен объектілерін қорғау бөлімінде 16 қорықшы еңбек етеді. Ал ғылым бөлімі табиғатты зерттеп, оның сақталуы, орын алған өзгерістерге орай жағрафиялық, климаттық зерттеулер жүргізеді. Аңның көбею-азаю барысы жөнінде табиғат жылнамасын жазады. Жылнама жыл сайын кітап болып жарыққа шығады. Сондай-ақ, табиғатты аялап, сақтауға бағытталған экологиялық ағарту жұмыстары жүргізіледі. – Мақтан тұтатын Марқакөл қорығының жалпы аумағы – 102 971 гектар. Көлдің ұзындығы – 39, ені – 19 шақырым. Ең терең тұстары 17-27 метр аралығында. Марқакөлде бес балық түрі мекендейді. Оның ішінде ең әйгілісі – ұшқыш. Ғылыми тілдегі атауы – архимед леногы. Қазақтар майқан деп те атайды. Сондай-ақ сібір хайрузы, пескарь, көкталма (гольян), голец бар, – деді қорық жетекшісі. Ауыл тұрғындарынан қарапайым су құзғынының тым көбейіп кеткенін естіген едік. Қорық басшысынан балықпен қоректенетін құстың фаунаға зияны жайында сұрадық. Ол табиғаттың дамуын өз еркіне қалдыру – қорықтың бұлжымас қағидасы екенін жеткізді. Сондықтан, құзғын көбейсе де, қызыл балық көбейсе де табиғи заңдылық болып қала бермек. Яғни Табиғат-Ананың дамуына адамның қол сұғуына жол берілмейді. Мұражайдан қорық аумағында от үйрек, ұшқыр үйрек, барылдауық, жағалтай, кекілік, шағала, тұйғын, үкі, саңырау құр, ұзақ, қарға, қасқыр, түлкі, бұлан, елік, марал, қоңыр аю, доңыз, сары күзен, бұлғын, тиін, аққалақ, тоқалтіс, дала күзені мекендейтінін аңдадық. Қарабас шақшақ, отқұйрық, шабындық торғайы, бұлыңғыр, сары шымшық, көк теке, сарыторғай, бау айқабағы, шекілдік сияқты ұсақ құстар үшін де бұл жер – ұжмақ мекен. Минералдардан кварцтың мол түрлері кездеседі. Марқакөл маңындағы ауыл тұрғындарына күніне бес кило балық аулауға рұқсат берілген. Алайда, жағада жатқан қайық көрмедік. Бұл да қорық тәртібі болып шықты. Түс ауа орманшы Әбікен Мұсаұлы аулада қаңсыған қайығын ГАЗ-53 жүк көлігіне тиеп әкеліп суға түсірді. Жанына ертті. Бұл ағамыз бір кездері Марқа жерінде демалысқа келген Елбасына өзі аулаған балықтарын сыйға тартқан екен. Табиғат аясындағы Президенттің қолын алып, аз-кем сөйлескен сәтін өмірінің ең бақытты сәтіне балайды. Менің қармағымды ә дегенде бір ұшқыш қапқанымен, одан кейінгі екі сағатымыз айдын бетіне көз сатумен өтті. «Су суыған жоқ. Балықтар жағаға, әдетте, алғашқы мұз қататын, қазан айының соңына қарай шығады» деп түсіндірді мұны Марқаның сырына жетік ағамыз. Көл жағалай қонған ауылдардың дені Төсқайың ауылдық округіне қарайды. Қарағайлыбұлақта 16 адамнан тұратын төрт үй ғана қалыпты. Балықтыбұлақ – Шығыстағы ең шеткі нүкте. Ал Шанағаты – еліміздегі ең суық ауыл. Аязының күші Ресейдің полярлы белдеуіндегі Аймекен қаласымен шамалас. 1969 жылы 56 градустық аяз тіркелген. Шанағатылықтар кеңес кезінде отар-отар қой баққан. Жазда Марқаның жағасындағы Төрқуыс, Дара, Астауша жайлауларына шығады. Шыбынсыз, сонасыз жер, әсіресе, жылқы малына жайлы. Маралдар да жазға салым осы биікке шығып кетеді. Тамыздың соңына қарай төменге түседі. Ә.Біткенбаевтың айтуынша, Маралды мен Матабайдың жігіттері жазда бұғы тастаған мүйіздерді жинауға аттанады. Мүйізді кезінде корейлер дәрі жасауға алатын. Әлемдік қаржы дағдарысы панты саласына да әсер етті. Алтыннан қымбат мүйіздің құны бүгінде он есеге дейін төмендеп тұр. Қазір құрт қазу – қызу. Килосы қара базарда жарты миллион теңгеден сатылатын құрт – таушымылдық (марьин корень) гүлінің тамырында болады. Адам жасын ұзартатын дәрілік шөп табылды, деп жар салып жүрген құртшөп қазаққа ертеден белгілі екен. Ата-бабаларымыз емдік шөпті ежелден пайдаланса да, ысырапсыз бүлдірген емес. Бүгінде құрт жинауға жан-жақтан ағылып келетіндердің қарасы азаймай, қасиет-кепиетті білмей жүргені рас. Орманшылар рейд жасап жатқанымен, оларды тоқтату қиынға түседі. – Еліміздегі ең суық, ең қарлы ауылдық округ – Төсқайың. Әйтсе де, соңғы кезде ауылға көшіп келушілер көп. Төсқайың, Ақжайлау ауылдарына қандастар қоныстанып жатыр. Жетісу жеріне көшіп барған қандастар оңтүстіктің ыстығына шыдамай, Марқакөл маңына көшіп келуге ниет білдіріп отыр. Ұранқай ауылының өзінде 436 адам тұрады. 86 бала мектепке барады. Сәтін салса, жаңа мектеп салынбақ. Балабақшада 25 бүлдіршін тәрбиеленеді. Облыстық мәслихат депутаты Ержан Нұрбаев «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында жекеменшік ғимаратын балабақшаға тегін берді. Ғимаратты жөндеп, ыстық және суық су құбырларын жүргіздік. Мектепалды дайындық сыныбында балаларды оқытудамыз, – деді ауыл әкімі. Тәрбиеші Мейіргүл Бақбергенова балабақшада 9 адам жұмыс істейтінін айтты. Туризмді дамытуға субсидия алып жатқандар да бар. Раушан Мұстафина, Гүлшарат Түйсікбаева есімді тұрғындар қонақүй салуға 3 млн. теңгеден жеңілдетілген несие алыпты. Ұранқайды аралағанда көріп келеміз, әр жерде таудың тұмасы бұрқылдайды. Үш жерден 50 метрлік тереңдікте бұрғылау жұмыстары жүргізіліп, құдық орнатылып жатыр екен. «Бұл – еліміздегі ең таза, дәру су», деді ауыл әкімі мақтанышпен. Марқакөлдің жағасындағы Матабай, Ұранқай, Қарағайлыбұлақ ауылдарының тұрғындары негізінен балықпен, азын-аулақ малмен және қорықшылықпен айналысады. Ал мал шаруашылығы бұл маңайда Шанағаты, Бұғымүйіз, Балықтыбұлақ, Төсқайыңға тән. Марқа мекеніне ең қолайлысы – жылқы. Жылқы жарықтық қыста 2-3 метрлік қардың көбесін тұяғымен сөгіп отырады. Ал қой-ешкі қазан түсе қолға қарап қалады. Кейде ашыққан аюлар ауылға да кіріп кетеді. Бірде абажадай қоңыр аю Қарағайлыбұлақтың көшесіне шығып, еркін тайраңдаған көрінеді. Тапа-тал түсте Иванов ныспылы тұрғынның қорасындағы шошқаларды қапсыра көтеріп кетіпті. Марқакөлдің ар жағында Жетіқаба өзендері теңіз деңгейінен үш жарым мың метр биіктікте жатқан Мұзбел, Түменбайдара, Үлкентақыр атты шыңдардан басталады. Ол жерлерде бес метрге дейін қар жауады деседі. Адам беттетпес асқардың қары ерігенде тауды шөміштей сапырады. Картада «Сарымөңке» деп жазылған өзенді жергілікті жұрт Жаманқаба дейді. Бұл атау Бұғымүйіз бен Төсқайыңнан балыққа ағылғандардың өткел бермес өзеннен өтеміз деп суға жиі кеткенінен аталса керек. Одан әрі қарай Төсқайың тұсымен Қарақаба ағады. Балықтыбұлақтың қасында Арасанқаба бар. Арасанқабаға Теміртіқаба құйылады. Теміртіқабаның жағасында темір кені мол. Ар жағында – Аққаба. Аққаба десе Аққаба. Тау басынан көз салғанда тастары да, суы да аппақ болып ағып жатқанын көресіз. Шанақ сыбызғышы күйге қосқан, Дидахмет қаламгер көркем шығарма қылып жазған Аққаба. Қарақабаның суы қап-қара болып көрінсе, Арасанқабаның суы мөлдір, жап-жасыл болып жатады. Екі өзен қосылған тұста да судың түсі қабыспай, екі бөлек болып айқын көрінеді. Жетіқабаның екеуі Қытайда қалыпты. Оның бірі ертедегі ақсақалдардың айтуында Далақаба болса, Марқа өңіріне қоныс аударған қандастардың айтуында Нарынқаба мен Бұйыршынқаба екен. Осы өзендер Ертістің арнасына қосылып, Боран ауылының тұсынан Қазақстанның кең-байтақ даласына бағыт алады. Түп мекені – Солтүстік Мұзды мұхиты. Жетіқабаны ойлағанда дүниеден өткен сөз зергері Қалихан аға Ысқақтың «Біздің жақтың өзендері қым-қиғаш, бір отбасын қырыққа бөліп бірі ары ағады, бірі бері ағады, ақыры айналып келіп Ертісті табады» деген сөзі еске түсті. «Алтайдың әр томпағы, әр соқпағы ел тарихы. Австриялық тұтқындар салған Иректің серпантинінде ел тағдырының куәгері болған із жатыр – қанды із: он алтысы бар, жиырма сегізі бар, отыз екісі мен отыз жетісі бар – бұл жол қасіретпен қазылған; қабырғасы қорғасынмен кептеліп, табаны Қаратайдың жеті атасының қаңқасымен тапталған...». Бұл да қаламгер сөзі. Жуырда Семейдің әуежайында Австриядан келген тілшілермен танысқанбыз. Бірінші дүниежүзілік соғыста австриялық тұтқындарды патша өкіметінен Әбдікерім болыс беделін салып сұрап алып, осы Иректің асуындағы жолды салдырғанын жеткізген едік. Таяуда келіп, деректі фильм түсіріп кетіпті. Алтайда бүгінде заман бейбіт болғанымен, табиғат райы келісімге келе бермейді. Бағжан Бітімбаев есімді жүргізуші Иректің асуынан асып бара жатқанда Қалжырдың ар жағындағы Қызылкеріште жолда қалғанын әңгімеледі. Одан әрі бір кездері Чехия, Алмания, Австрия, Голландия мен Франциядан интераңшылық қуған туристер көп келгіштеп кеткенін де айтты. Аулаған аңын кеудесінен кесіп алып, ұшақпен әкетіп жатады екен. Интертуристер Қытайдан да жиі келіпті. Заман түзелген соң олардың екпіні азайған, дұрысы келісін тоқтатты. «Теледидардан Аляскіні көреміз. Шаңырақ мүйіз бұғылар жосып жүреді. Ал бізге жеріміздің аз-кем көркем пұшпағын сақтап қалуымыз қажет қой. Келешек ұрпағымыз да риясыз сұлулықты көруге құқылы емес пе!» дейді джипті арқыратып келе жатқан жігіт. Расында, шекараның арғы бетіндегі Қытай жұрты Алтайға ішкеріден турист тартамыз деп табиғи фаунаны бұзғанына бармақ шайнап отырған көрінеді. Көрші қателігінен сабақ алсақ, қанеки... Соңғы уақытта көл маңайын дамытудың кешенді жоспарлары, инвестициялық жобалары жиі сөз болып жүр. Ал Марқаны мәңгі сақтап қалудың жобасын жасаған жан бар ма?!

Егемен Қазақстан газетінің тілшісі
Думан АНАШ

М.О. Әуезовтың өмірі мен шығармашылығына байланысты викторина біліміңді тексер

Викторина!

pllinkz

А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы

шығыс қазақстан әдеби картасы

Шығыс Қазақстан танымал есімдер

addressbook001

addressbook002

© А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан Облыстық Кітапханасы | Восточно-Казахстанская областная библиотека имени А.С. Пушкина. 1998-2024
Besucherzahler
счетчик посещений