(12.06.1915-12.08.1999)
Ұлы Отан соғысы кезеңі тарихында еңбек армиясына шақырылғандардың тағдыры осы уақытқа дейін «ақтаңдақ» болып қалғанын атап өту әділдік болар еді. Сұрапыл соғыс жылдары еңбек армиясына республикадан 200 мыңнан аса қазақ шақырылды. Олар Сібір, Орал, Орталық Ресей аймақтарындағы өнеркәсіп орындарына жұмысқа жіберілді. Соның бірі менің әкем-Бикенов Құлжыкөш.
Бекенов Құлжыкөш 1915 жылы 12 маусымда Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Медведка (қазіргі Белқарағай) ауылында дүниеге келген. 1941 жылы Еңбек Армиясы қатарына шақырылды. Ауыл молдасынан сауат ашып, арабша сабақ оқыған.
Жұмағұл Абақаев, Мырзағұл Абақаев, Хамзин Қажытай, Исаханов Бөкей т.б. бір топ жерлестерімен бірге оларды Оралдағы Свердлов қаласында орналасқан «Белка» деп аталатын соғысқа қажетті бұйымдармен қамтамасыз ететін өндіріс орнына жұмысқа тартады.
Адамдарды шақыру және оларды ары қарай кәсіпорындарға жөнелту көбіне олардың денсаулығы, отбасылық, қарапайым тұрмыс жағдайы ескерілмей жүргізілді. Еңбек армиясына алынғандарды жергілікті әскери комиссарианттар жинақтаса, ал оларды жеткізуді және кәсіпорындарға тапсыруды НКВД қызметкерлері орындады. Еңбек армиясындағылар зауыттар мен шахталарда, бұрғылау мұнараларында ауыр жұмыс істеп, ағаш құлатып, көпірлер салып, көмір мен кен қазды.
Танк жасайтын бұл заводта, жоғарғы температураға шыдайтын (100 градус) металл өндірілетін, тәулігіне екі ауысыммен жұмыс істелетін. Соғыстағыдай атылған оқ, жарылған снаряд, оққа ұшқан жауынгерлер жоқ демесең, мұндағы жағдай да адам төзгісіз қиын еді. Кей кездері 12-14 сағаттық демалыссыз ауыр жұмыс, адам басына 600 гр. нан мен бір мезгіл беретін капуста көже болатын. Олар ауыр жұмыстарға жегіліп, құбырларды тиеу, түсіру, тасу, балғашылар ретінде пайдаланылды. Барлық жерде техника жетіспегендіктен, көп жұмыс қол күшімен атқарылды. Еңбек армияшыларын әдеттегідей қара жұмысшы ретінде пайдаланылды, жағдайлары өте ауыр болды. Аштық, қатты суық, жұқпалы аурулар адамдарды баудай түсіретін.
Жұмысты он-он екі сағаттық кезеңмен істеді. Қазатындары «Огнеупорный глина» деп аталатын ақ топырақ, экскаватор қазған тоң топырақты қолмен тиеу және ну орман ағаштарын кесу жұмыстарын жасады. «Кеппеген жас ағаштан жасалған шпал мен иығыңды езіп жіберер темір жолды көтеріп, үңірейген карьерге қарай мықшыңдайсың. Сенің артыңнан тырмыса вагон итеріп басқалар ереді... Арпалысқан адамдар, жанталасқан қимыл, жан тапсыра қимылдаған жұмысшылар. Таусылып бітпес қозғалыстан әбден қажыған, салдары суға кете итырықтағандар орман арасында құмырсқаша құжынайды.
Жүрген жерлері поляр шеңберіне жақын орналасқандықтан, қыстың қақаған аязына шыдамай үсіп, ауру-сырқауға ұшырағандар да болды.
Құлжыкөш аға өмір жолдарын әңгімелеп отырғанда, өзінің еңбек армиясын қалай тап болғанын былай түсіндерген еді: «Жерлестеріммен бір поезда соғысқа кетіп бара жатқан кезде, бір станцияға тоқтадық. Әбден шөлдеп, «ыстық су», «кипяток» аламыз деп поездан түсіп, жүгіріп келе жатқанда, сендер майданға барғыларың келмей қашып бара жатырсыңдар деп, бізді НКВД нің адамдары тоқтатты. Ешнәрсенің байыбына бармастан бізді Орал жаққа, басқа составқа отырғызып қоя берді. Сөйтіп, біз еңбек армиясына тап болдық. Тағдыр деген осы...шахтада ауыр жұмыс істеп, соғыс аяқталғаннан соң әзер елге оралдық.»
Одан кейін колхозда, одан кейін совхозда жылқы баптады. Соңында құрылыс саласында еңбек етумен өтті. 1977 жылдан бастап зейнеткерлікте болды.
Жары Тоқтасын Тайлаққызы екеуі тоғыз бала тәрбиелеп өсірді. 21 немересі, 35 шөбересі бар. 1999 жылы 12 тамызда дүниеден қайтты.
Еңбек армиясындағылар жеңіс жолында жан аямай еңбек етіп, қалыпты соғыс экономикасын жасауға өз үлестерін қосты. Сол азапты жылдарды бастарынан кешірген жерлестеріміздің біршамасы туған жеріне оралса, кейбіреуі жат жерде, суық жер қойнында мәңгілікке қалып қойды. Тірі қалғандарын Жеңіс қуанышы, аз да болса тіршілік ету сияқты қым-қуыт өмір күтіп тұрды.
Естелік жазған: қызы Бикенова Күләш