(1918-2005 жж.)
Түсіпбек Жұртбай ұлы 1919 жылы қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Жұртбай Тоқтағұлұлы жаңадан орнаған Кеңес үкіметін қолдап, аянбай еңбек етті.
Түсіпбек жеті жылдық мектепті бітірген соң Зайсан қаласындағы педучилищеге түседі, оны ойдағыдай аяқтап, бастауыш класс мұғалімі деген мамандық алып шығады. Елде жаппай колхоздастыру басталғанда, қолдағы азын-аулақ малынан айырылған халық ашаршылыққа ұшырап, бала-шағасын асырау үшін жан-жаққа қаша бастайды. Жұртбайдың туыстары да алды шекара асып, Қытайға кетсе, арты іргелес жатқан Алтай өлкесіне қоныс аударады.
1937 жылғы саяси қуғын –сүргінге ұшыраған Жұртбай «халық жауы» деген жаламен атылып кетеді. Түсіпбек алғашқы еңбек жолын Ақсу, Топқайың ауылдарында бастауыш кластарда мұғалім болып бастайды. Ұлы Отан соғысы басталған кезде ол Топқайың ауылында мектепте жұмыс істейтін. Алғашқылардың бірі болып, соғысқа баруға өтініш білдіреді. Бірақ оның өтінішін кейінге шегеріп, тек 1942 жылы ақпан айында қанағаттандырады. Бірақ майдан шебіне емес, еңбек армиясының қатарында жұмысқа қалдырады. Әкесі Жұртбайдың «халық жауы» деп істі болғанының зардабы баласына тиеді.
Елден шақырылған бір топ жерлестері Зияпат Ластаев, Мырзағұл Абақаев, Уәтай Асанов, Нұрсәли Қоразовтармен бірге оларды Оралдағы Свердлов қаласында орналасқан «Белка» деп аталатын соғысқа қажетті қару –жарақ шығаратын зауытқа жұмысқа тартады. Бұл заводта жоғарғы температураға шыдайтын (100 градус) металл өндіріліп, танк жасайтын, жұмыс тәулігіне екі ауысыммен атқарылатын. Соғыстағыдай атылған оқ, жарылған снаряд, оққа ұшқан жауынгерлер жоқ демесең, мұндағы жағдай да адам төзгісіз қиын еді. 12-14 сағаттық демалыссыз ауыр жұмыс істеген әр адамға 600 гр. нан мен бір мезгіл капуста көже ғана беретін.
Жүрген жерлері поляр шеңберіне жақын орналасқандықтан, қыстың қақаған аязына шыдамай үсіп, ауру-сырқауға ұшырағандар көп болды. Жұмыс жаңдайының қиындығына шыдамай, бұдан гөрі ашық майданда жүргеніміз артық деп қаншшама адам қашып та кетті. Бірде түннің бір уағында көршілес төсекте жатқан Нұрсәли Қоразов: «Әй бала, бәрі кетіп жатыр, біз де кетпейміз бе?» - деп Түсіпбекті оятады. «Қашқанда қайда барамыз, қашып кетсек ұсталамыз, қадірімізден айырыламыз, одан да не болса да шыдайық», - дейді бұл. Ол да жөн екен деп, екеуі бір тоқтамға келіп, қалып қойыпты.
Таңертең жұмысшыларды түгендеп тексерсе, елу шақты адамнан он үш-ақ кісі қалыпты. Ал қашып кеткендер Свердлов қаласында орналасқан әскери комиссариатқа барып, жұмыстағы ауыр жағдайларын айтып, өздерін Қазақстан аумағына немесе майданның алғы шебіне жіберулерін сұрайды. Үш күн өткесін оларды қайта бұрынғы істеген жұмыстарына әкеп салады. Осыдан кейін әкімшілік жұмысшылардың жағдайына көңіл бөліп, жұмыс уақытын аз-маз қысқартып, нанның мөлшерін бір килоға дейін жеткізіп, қосымша паек беріп, жағдайларын жасайды. Тамағы тойған олар жұмыстарын да жақсы атқара бастайды.
Қатардағы жұмысшыдан бастаған Түсіпбек бригадирлікке дейін көтеріліп, Жоғарғы Командованиенің тапсырмаларын асыра орындағаны үшін бес рет ақшалай сыйлық алып, есімі Құрмет тақтасына жазылады. Осы өндірісте 4 жыл 10 ай жұмыс істеген ол 1946 жылы көкек айында еңбек армиясы қатарынан босап, елге оралады.
Мектепте ұстаздық қызметін ары қарай жалғастырып, 1948 жылы Нүрзәпия Тұрысқан қызына үйленіп, шаңырақ көтереді. Дүниеге Гүлнәр, Тұрсынғали, Жұмағали деген балалары келеді. Алайда «ажал айтып келмейді» демекші, 1958 жылы әйелі Нүрзәпия кенеттен қайтыс болады. Әйелін соңғы сапарға шығарып салып, науқандарын өткізіп, үш баламен қалған Түсіпбекке ағайын-туғандары басын құрауға кеңес береді. Ол Мәрзия Исхан қызына үйленіп, өмірінің соңына дейін сол кісімен бірге балаларын өсіріп, жеткізіп, үйлендіріп, немере сүйді.
Түсіпбек Жұртбайұлының 1946 жылдан бастап 1983 жылы қыркүйек айына, яғни құрметті демалысқа шыққанға дейінгі мұғалімдік өтілі 37 жыл. «Қазақ ССР-і халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағын алған ұлағатты ұстаз. Қосымша «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған.