(3 нұсқа)
Жер –су атауларына байланысты аңыз әңгімелер де ұлттың тарихынан, салт –санасынан хабардар етеді. Солардың бірі – Ертіс өзенінің атауы жайында.
Сонау Шыңғыс ханның заманында қара Ертіс маңында көшіп-қонып жүрген керей, найман рулары жау шапқыншылығы кезінде Ертістің арғы бетінде отырған елге жедел хабар жеткізу үшін «үкілі хат» жолдаған екен. Оны «үкілі хат» деп атау себебі хатты жедел жеткізген адамның қолындағы қамшысының басына бір шоқ үкі тағылады, қамшыны көтергенде оны көрген адам жол беріп, еш кедергісіз жібереді екен. «Үкілі хаты» бар жігіт біраз жол жүрген соң жауға кездеседі. Қуған жауға жеткізбей өзен жағасына жеткен жігіт шешініп, киім –кешегін ердің үстіне байлап, шылбырды бос жіберіп, «үкілі хаты» су болып қалмас үшінтісімен тістеуге мәжбүр болады. Ат малтағанда кеудесі батпас үшін басын бос жіберіп, өзі аттың құйрығынан ұстап, бірге малтап, өзеннің арғы бетіне өтіп шығып, «үкілі хатты» аман-сау жеткізіпті. Осындай ерліктің нәтижесінде ол жердегі ел ерте қамданып, жауларына соққы беріпті. Артынан ел жиналып, той жасап, үкілі хатты жеткізген жігітке «Ер-Тіс» деген ат беріпті де, өзенді де Ертіс атандырыпты.
Әлімхан Айгүл. С. Аманжолов атындағы
ШҚМУ доценті