Орыс ғалым зоологы, жазушы Анатолий Алексеевич Силантьевке 1897 жылдың жазында Ресей патшалығының Ауыл шаруашылығы министрлігі Алтайдағы мал шаруашылығының жаңа да құнды саласы марал шаруашылығын жан-жақты зерттеуді тапсырыдады. Зерттеу жұмыстары нәтижелі болуы үшін А.А.Силантьев Орман шаруашылығы институтының студенті Алексей Васильевич Серебряниковты көмекші ретінде шақырып, онымен бірге Алтай аймағының көп бөлігін аралайды. Олар Санкт-Петербургтен 28 мамырда шығып 4 айдан астам уақыт жүріп 1 қазанда қайтып оралады. Осы зерттеу сапарының қорытындысы бойынша А.А.Силантьев 1897жылы «Сельское хозяйство и лесоводство» журналында «Марал и его роль в хозяйстве сибирских крестьян» (№3) , 1900 жылы «Исследование мараловодства на Алтае» (№4, 131 бет) тақырыбында мақалаларын жариялайды.
А.А.Силантьевтің осы салада қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі 1898 жылы екінші Николайдың Алтайда маралдарды аулауға тиым салуы туралы жарлығы болды. Жоғарыдағы еңбегінде А.А.Силатьев марал шаруашылығына анықтамалар беріп, оның Алтайда пайда болуына, дамуына зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Ол мақаласында: «Марал шаруашылығы (мараловодства) – бұғыларды, Батыс Сібір немесе Шығыс Сібір маралдарын биік дуалмен қоршалған арнайы орындарда жартылай қолға үйретілген күйде (кейде аулада) ұстау, жыл сайын жаздың бірінші жартысында еркек маралдардан сүйектенбеген жас мүйіздері кесіп алынады, панты деп аталатын осы мүйізді Қытайға тиімді бағамен сатады, Қытайда бұл мүйіздерді емдік өнімдер дайындау үшін пайдаланады.» - деген пікір қалдырады.
Сондай-ақ Алтайда маралдарды қолда ұстау туралы төмендегідей деректерді келтіреді: «Сапарымның түпкі мақсатына келер болсақ, марал шаруашылығы туралы көрген-білгенімнен мынадай қысқаша қорытындыларды ғана айтамын. Алтайда марал шаруашылығы 19 ғасырдың отызыншы жылдарында Бұқтырма өзенінің бойындағы Фыкалка ауылында бастау алған. Бұл іс Савелий Игнатьевич Ушаков деген адамның тірі еркек маралды ұстап алып, оны өз ауласында, яғни сатысында (Бұқтырмада аймағында маралдар қоршауын саты деп атайды) бағып ұстауынан басталады. Оны Фыкалкада Авдей Шарыпов Ушаковтан сатып алып, жаңа жабайы аңдармен толықтырып өз марал шаруашылығын бастайды. Язевой ауылындағы Егор Васильевич Лубягиннің қызын алған Шарыпов, қайын атасын маралдарды пайдаланудың жаңа әдісімен таныстырып, оған бірнеше марал сатып, Язевой ауылында да марал шаруашылығының негізін қалайды. Алтайда марал шаруашылығының бастау алғаны туралы осы деректі қарт болған Шарыповтың ұлдары Роман, Сидор және Афанасий баяндап жеткізді, бұл Белая ауылында естігеніммен сәйкес келетін ең сенімді нұсқа. Бірақ Шарыповтардың айтқандарына Егор Васильевич Лубягиннің немересі Степан Семёнович Любягин атасының пайдасына қарсы пікір айтып отыр. Оның айтуынша, атасы маралды ең алдымен 1835 жылы Язевой ауылында бастап, қызын Авдей Шарыповқа күйеуге беріп, қанжығасына бірнеше марал байлаған. Бірақ бірінші нұсқа маған анағұрлым қонымдырақ болып көрінеді, себебі бұл оқиғадағы Ушаковтың нақты тұлғасы жоғалып қалады, және арсыз мәдениеттің әсеріне ұшыраған, семинариядағы сәнді сөйлеуді меңгерген және өзін бірінші бұғы өсірушінің ұрпағы деп елестететін жас Любягинге қарағанда марал өсіруге басымдық беріп, оны басқа адамға тікелей таңуға онша қызықпайтын қарт Шарыповтардың тұлғалары сенімді көбірек ұялатады. Әрине, мен қателесуім мүмкін, бірақ қалай болғанда да, Алтайдағы ең көне марал өсірушілер Жоғарғы Үймондағы Черновтар емес, Бұқтырмалықтардың айтуынша Шарыповтар мен Любягиндер. Бұл туралы А.М.Никольский 1882 жылы «Алтай тауларына саяхат» еңбегінде марал шаруашылығы ең алғаш Фыкалкада Шарыповтарда пайда болғанын қысқаша баяндайды.
Бүкіл Алтайды марал шаруашылығы тұрғысынан келесі төрт аймаққа бөлуге болады:
I. Оңтүстік немесе Бұқтырма – өзеннің алабын алып жатқан ең көне және ең көп марал шаруашылықтары;
II. Орталық немесе Үймон –Көксу өзені және Қатын өзенінің бір бөлігін батыстан шығысқа қарай қамти отыра Аргут өзенінің сағасына дейін, көнелігі жағынан екінші марал шаруашылықтары;
III. Солтүстік батыс –Чарыш, Ануй өзендер жүйесін және солтүстік батысында Қатынның өзенінің сол жақ салаларымен Онгудаймен, Үймоннан жоталармен бөлінген марал шаруашылықтары;
IV. Солтүстік шығыс немесе Ұлалы – Қатын және Обь өзендерінің шығысында орналасқан барлық марал шаруашылықары.»
А.А.Силантьевтің жүргізген зерттеулеріне сәйкес Оңтүстікте яғни Бұқтырма аймағында маралдарды қолда өсіру 1835 жылдан, Орталық немесе Үймон аймағында 1857 жылдан, Солтүстік батыс –Чарыш аймағында 1872 жылдан, Солтүстік шығыс немесе Ұлалы аймағында 1880 жылдары бастау алған. 1897 жылы жүргізілген есеп бойынша ең көп марал Оңтүстік, яғни, Бұқтырма аймағында болған. Онда 115 марал сатыларында 163 марал иесі 1854 марал ұстаған. Салыстырмалы түрде басқа аймақтар туралы айтар болсақ, сәйкесінше Орталық немесе Үймон аймағында 46 марал сатыларында 75 марал иесі 741 марал, Солтүстік батыс –Чарыш аймағында 25 марал сатыларында 27 марал иесі 417 марал, Солтүстік шығыс немесе Ұлалы аймағында 15 марал сатыларында 21 марал иесі 168 марал ұстаған.
Ресми деректерге қарағанда 19 ғасырда ауданымыздың Бекалқа (Фыкалка) және Жазаба (Язовая) ауылдарынан басқа Ақсу (Белая), Коробиха, Аққайнар (Черновое), Берел, Аршаты, Жамбыл (Заимка Болтовский), Белқарағай (Медведское), Қайыңды (Березовка) ауылдарының маңында да марал сатылары болып, марал ұстағандары туралы деректер бар.
Берел ауылында алғашқы болып марал ұстаған Белоусов деген адам болған. Американдық журналист, саяхашы, жазушы, «Сибирь и ссылка» кітабының авторы Дордж Кеннан 1885 жылы ескі діни сенімдегі Белоусовпен танысқаны жайлы былай деп жазады: «Діни сенімі бойынша ол ескі дін бағытын ұстаушы (расколтник) болды және Алтайдың жабайы табиғат аясына діни сенім еркіндігі үшін қашып келген, сәті түссе мифтік Жерұйықты (Беловодье) табу немесе ежелгі орыс құлшылық етушілерінің сеніміндегі Қиыр Шығыста Моңғолия шекарасындағы бейбітшілік пен молшылық мекенін табу. Ол басты мақсаты болған Сібір Эдемін таппай, оның орнына Бұқтырма алқабын тауып, оның сұлулығы мен құнарлылығына, өмір сүруге жайлылығына тәнті болып, Бұқтырма мен Берел өзендерінің қиылысында өзіне үй салып, саятшылық құрып, мал және марал өсірумен айналысып байып алған...»
19 ғасырдың екінші жартысының басында Н.М. Ядринцев Бұқтырма өзенін жағалап жүріп: «Біз Бұқтырма бойындағы ең шалғай Черновая ауылына келдік... Алқапқа тығылған шағын ауыл... Бізді ауылдың негізін қалаушы дәу мұрынды, ақ шашты, басына мамық тәріздес қалпақ киген, ширақ қимылды Иона Первов бастаған күшті де қуатты ауыл халықы қоршап алды. Ауылдың шетінде марал сатысы (қоршалған жер) болды, онда шаруалар маралдарды қолға үйретуде... Маралдарды қолға үйрету біздің шаруалардың мәдени өнертабысы болды.» - деп жазады.
Н.М. Ядринцев 1872 жылы «Раскольничьи общины на границе Китая» деген мақаласында былай деп атап көрсетті: «Ясакшылардың гүлденуі айтарлықтай болды; олар егіншілікпен табысты айналысады, ауқатты шаруалар 15 гектарға дейін жер өңдейді. Арпа, сұлы, қара бидай, жасымық, жаздық бидай, ақ түрік егеді. Олардың әрқайсысы 20-30-дан сиырлар мен жылқылар ұстайды. Барлық ауылдарда омарта шаруашылығы дамыған, 1000 дейін ұялары бар омарта иелері бар. Бұқтырмалықтар омарта шаруашылығымен әйгілі, Ертіс бойымен Омбыға дейін 8 мың пұт бал, 500 пұтқа дейін балауыз (воск)апарады. Тері шаруашылығы тасшылар арасында әлі де маңызды рөл атқарады, олар бұлғын, түлкі, жабайы бұғы мен тау ешкілерін аулайды. Бұлғын аулау Бұқтырма мен Катун шыңдарында жүргізіледі. Алтай бұлғындары 4-тен 20 сомға дейін бағаланады. Ал марал аулауға келетін болсақ, мұнда теріден басқа Қытайға дәрі-дәрмек үшін сатылатын мүйіздердің рөлі ерекше, 8 сомға бағаланатын қос мүйіздің құны Қытайда - 150 сомға бағаланады. Маралды аулап, ату үшін үлкен өнер керек. Қазір Бұқтырмада үй маралдары өсіріледі. Маралдарды аулап ұстап, арнайы сатыларда өсіреді, әр көктем сайын мүйіздерін кесіп алады. Мал шаруашылығының бұл жаңа саласын Алтайда орыс шаруалары өмірге әкеген. Қалай болғанда да, тасшылар қауымдастығы гүлденген деуге болады» [57, 24 б.].
Қорыта келгенде марал шаруашылығының отаны - Катонқарағай ауданы. Марал шаруашылығы 19 ғасырда пайда болып, ауданымызда ең өрістеп дамыған уақыты Кеңес өкіметінің кезеңі. Ол кезде марал шаруашылығымен ауданымызда Катонқарағай және Жоғарғы Катон кеңшарлары айналысты. Сол уақыттарда жануардың көптігінен туған жеріміздің «белі» қайысатын, 20 мыңға жуық кербұғы болған. Тәуелсіздік алып, кеңшарлардың барлығы жекешеленіп кеткеннен кейін олардың саны күрт кеміп, марал басы сиреп кетті. Марал шаруашылығын дамытуға мемлекеттік деңгейде назар аудару керек деп ойлаймын. Бүгінде көптеген ел бүкіл ұлттың саулығын пантымен жақсартуға күш салуда. Елімізде марал шаруашылығын жандандырып, оның өнімдері ұлтымыздың денсаулығын арттыруға пайдаланылса құба-құп болар еді.
Суреттерге түсініктеме (суреттер 1897 және 1917 жылдары түсірілген):
1. Фыкалка ауылы
2. Фыкалка ауылындағы «каржақ» маралшылар
3. Язавая ауылы
4. Ақсу ауылы
5. Печи ауылында мүйіз кептіру
6. Берелдегі маральник 1905 жыл
7. Печи ауылындағы маралшы И.К.Коноваловтың үйі
8. Ұсталған марал
9. Ұсталған марады шанамен әкелу
10. Мүйіз кесу
11. Мүйізді бұғыны жығып кесу
12. Мүйіз қайнату
13. Мүйіз кептіру
Дүйсен Бралинов, өлкетанушы