kl kz



>
Шығыс Қазақстан Интернетте
Мәдениеті мен өнері
Туристерге
Тарих беттерінен
Маңызды оқиғалар
«Туған өлкем – тұнған тарих» дәрістер циклы
ШҚО ауылдарының тарихы
Өскемен жайлы не білесіз?
Өскемен қаласының тарихы
Өскемен қаласындағы көшелер тарихы
Ескерткіштер
Аудан паспорттары
Шығыс Қазақстан облысы
Шемонаиха ауданы
Өскемен қаласы
Риддер қаласы
Алтай ауданы
Глубокое ауданы
Зайсан ауданы
Катонқарағай ауданы
Күршім ауданы
Марқакөл ауданы
Самар ауданы
Тарбағатай ауданы
Үлкен Нарын ауданы
Ұлан ауданы
Семей қаласы
Курчатов қаласы
Аягөз ауданы
Абай ауданы
Бесқарағай ауданы
Бородулиха ауданы
Жарма ауданы
Көкпекті ауданы
Үржар ауданы
Уланский район
Урджарский район
Шемонаихинский район
Алтын Алтай фольклоры
Алтай аңыздары
Шығыс Қазақстанның музыкалық мұрасы
Шығыс Қазақстанның әдеби мұрасы
Өлке табиғаты
Табиғи қорықтар
Табиғи ресурстар
Шығыс Қазақстанның 25 ғажайып орны
Шығыстың шипажайлары
Барлық-Арасан шипажайы
«Баян» шипажайы
Рахман қайнары
Уба шипажайы
Киелі орындар
Абылайкит
Берел қорымы
Қоңыр әулие үңгірі
Шілікті алқабы
Ашутас
«Алаш арыстары» үйі (Семей қ.)
Семей полигоны құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» монументі (Семей қ.)
Ф.М. Достоевскийдің әдеби-мемориалды үйі (Семей қ.)
«Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені
Қозы Көрпеш пен Баян сұлу мазары
Мұзтау
Шығыс Қазақстан соғыс жылдарында
Соғыс балалары
Кеңес Одағының батырлары
Ардагерлер еске алады
Соғысқа қатысушылар
Партизандар қозғалысы
Тылдағы аналар
Тылдағы ерен еңбек
30 - Гвардиялық дивизия
Брест қамалын қорғауға қатысқан шығысқазақстандықтар
Еңбек армиясы
Өлкетану альманағы
Өлкетану альманағы 2024
Өлкетану альманағы 2023
Өлкетану альманағы 2022
Өлкетану альманағы 2021
Өлкетану альманағы 2020
Өлкетану альманағы 2019
Өлкетану альманағы 2018
Өлкетану альманағы 2017
Өлкетану альманағы 2016
Өлкетану журналы 2014
Өлкетану альманағы 2015
Өлкетану альманағы 2013
Әріптестеріміздің шығармашылығы
Геология
Өлке зерттеушілері
Тарих. Этнография. Мәдениет
Қаламгерлер жайында
Білім беру
Ономастика
Дін
ҰОС жылдарында (1941-1945) ЕҢБЕК АРМИЯСЫ қатарында болған шығысқазақстандықтар
Бейнетоптама
Шығыс Қазақстан әдебиеті
Шығыс Қазақстанның әдеби және есте қаларлық орындары
Фэнзин фантастикалық журналы
Виртуалды көрмелер
Қ. Мұхамедханов: библиографиялық көрсеткіш
Экран дикторы

linka

Биыл жасын мінезді ақын, жалынды публицист, ағартушы, Абайдан кейінгі сөз сүлейлерінің сұлтаны, көреген көсемсөзші – Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығын ел болып атап өттік. Баянауыл ауданында «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, Күн болам» деп армандаған ақсұңқар ақынның туған күніне орай жүзеге асырылған іс-шаралар легіне біз де өз лебізімізді қосуды жөн санадық. Бүгінгі әңгіме классикалық әдебиетіміздің негізін салушы сөз зергерінің шығармашылық баянына емес, адами болмысының бір сырына құрылмақ. Сұлтанмахмұттың Семей, Өскемен сапарына тоқталып, Алтай тауының ару қызына қосыла алмай кеткен күйініші жайлы сыр шертпекпіз. Ақын өмірінің балаң шағында және ғұмырының соңына қарай, Мәлике Мұқтарқызына ғашық болғаны, сөз байласып, жар етпек болғанын жергілікті оқырмандар жақсы біледі. Бұл туралы Сая Молдайыптың «Сұлтанмахмұт сүйген сұлу» атты мақаласы «Сарыарқа самалы» газетінде (12.10.2017) жарияланды. Десе де, Сұлтанмахмұт – ең әуелі адам баласы, содан кейін қалам иесі, сондықтан жас жігіттің өз басынан ғашықтық машақатын әлденеше рет кешуі – заңды деп есептейміз. Біздің мақаламыз осыған дейінгі С.Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығын зерттеушілердің нысанасынан қалыс қалып келе жатқан қаламгердің ШҚО, Катонқарағай ауданы, Шыңғыстай болысына сапарының кей тұсына шолу болмақ.

Қарлығаштың тұмсығындай қысқа, бал арасының қанатындай келте ғұмырында Сұлтанмахмұт білім іздеп: Семей, Омбы, Троицк қалаларын аралады; білім нұрын таратып: Алтай аймағының Катонқарағай, Күршім мен Зайсан өңірлерінде із қалдырды. Әсіресе, Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Шыңғыстай елдімекенінде өткізген бір жыл Сұлтанмахмұт өмірбаянынан ерекше орын алады. Олай дейтініміз, дәл осы сапарында ол бұрынғы «Шәңгіштай» болысының старшины, ағартушы, меценат Әбдікерім Ережепұлының 17 жасар қызы Бағилаға ғашық болады. Қос жүректің қалтарысында тұтанған сезім алауы екі жасқа да ортақ еді. Жиырма бір жастағы ақын жігітті болыстың ақ борықтай бойжеткен қызы да құлай ұнатқаны анық. Осы күнге дейін Катонқарағай ауданын жайлаған қаратай елінің ауызында Бағила айтты деген өлең жолдары сақталған. Соның дені – ақын ағасына назын айтқан, басыбайлы тағдырына базына айтқан бойжеткеннің жүрек сөзі. Әбдікерім болысты айналасы Әпеке деп атаған. Бағиланың ұзатылардағы зары Әпекесіне қаратыла айтылады:

Мұзбелдің мұзартынан шаң тұрмаған,

Қолыма сұңқар қонған саңқылдаған.

Сол сұңқарым қапыда ұшып кетіп,

Әпеке, мен болдым қаз қаңқылдаған...

Бағиланың сұңқары – Сұлтанмахмұт Торайғыров еді.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың алғашқы библиографтарының бірі де бірегейі – Бейсембай Кенжебаев «Әдебиет белестері» кітабының «Жалынды ақын» тарауында төмендегі деректерді келтіреді: «1914 жылдың жазында Сұлтанмахмұт өзінің туған ауылы Баянауылға қайтады. Ондағы мақсаты – ауылда біраз уақыт болып, қаржы жинап алып, үлкен қалалардың біріне тағы да оқуға кетпек болады. Осы оймен ол елде бала оқытады; ел жастарын оқуға оятпақ, мәдениетке талпындырмақ әрекетіне кіріседі. Бұл үшін «Шоң серіктестігі» деп ат қойып, мәдени-ағарту ұйымын ашады. Бірақ, қолдау таппай, сол жылы күзді күні Семейге барады. Мақсаты – орысша оқуға түспек. Бірақ, «қайда барса Қорқыттың көрі» дегендей, тағы да сәтсіздікке ұшырайды: тиісті мектепке түсуге білім жетпейді, кісі жалдап, керегін оқуға қаржысы болмайды. Қатты қысылады, қорынады. Сонан кейін Қатонқарағай жағына оқытушы болып кетеді. Бұл сапары жөнінде Сұлтанмахмұттың өзі былай деп жазады: «Катонқарағай кеткенім – ызаға шыдамадым, ең шыным – күн көру үшін кеттім: қолымдағы қаражатым Семейде бір-ақ ай тұруға жететін болды. Семей қанша айтқанмен қалалы, сынды жер ғой, онда кем көрініп жүргенше, парықсыз қазақ арасына кетейін деп ойладым». (Бейсембай Кенжебаев «Әдебиет белестері» «Жазушы» 1986 «Жалынды ақын» 219-бет).

Жастайынан тағдырдан теперіш көрген, ойлаған арманы мен көздеген мақсатына жету жолында жанкештілік жасаған мінезді ақын не Троицкідегі училищеге, не Семейдегі оқытушылар семинариясына түсе алмайды. Тұрмыс бір жағынан тарықтырған шақта мына өлең жолдарын өрнектейді. Бұл туындыдан ақынның Алтай жағына аттануға бекінгені байқалады.

Тайдай толқын тағы кеп,

Ұшты қайық аспанға.

Əзірейіл тұр «болшы» деп,

Қайда барам қашқанда.

Жанталастым тұншығып,

Бір батып суға, бір шығып.

Міне, сол уақытта:

Алтайдан бір тал, білмеймін,

Түсті неғып қолыма?

Кез қылды ма құдайым,

Ажалсыздың жолына.

Талдан ұстап қарманып,

Судан шықтым Аллалап.

Суық өткен, шаршаған,

Бола ма адам, болмай ма?

Соққы жеген қаншадан,

Дауасы яки қонбай ма.

Дауа тегін, ем тегін,

Қайтар Алла еңбегін. (С.Торайғыров «Дүние дөңгелегі айналады» таңдамалы, «Комплекс» баспаханасы, Алматы, 2009).

Бүкіл өмірін білім іздеуге, өзі білгенін біреуге үйретуге асық болған жас жігіттің басына іс түскен қиын-қыстау кезеңде ол Семей шаһарына келген қаратай елінің болысы, Алаш идеясын қолдаушы дәулетті азамат Ережептің Әбдікәрімімен танысады. Болыс мұнда «Алаш» партиясының тұғырнамасын талқылауға арналған жасырын жиынға қатысу үшін келген секілді. Махмұт та сол жиынға атсалысуы бек мүмкін. Жазушы Қалихан Ысқақ «Келмес күндер елесі» ғұмырнамалық романында «денсаулығын түзету, қара биенің қымызына тосап етіп дімкәсін емдету үшін, Сұлтанмахмұттың Шыңғыстайға келуі де Ә.Бөкейхановтың өтінішіне байланысты болса керек» дейді. Қазақтың арғы-бергі тарихынан хабары мол қаламгердің сөзіне сүйенсек, Әбдікерім мен Әлихан бір кездері Петербор қаласындағы Орман шаруашылығы оқу орынында қатар білім алған көрінеді.

Осы орайда, Әбдікерім Ережепұлы туралы қысқаша дерек берген жөн сияқты.

Әбдікәрім Ережепұлы – өз заманының көзі ашық, көкірегі даңғыл, орысша оқыған, озық ойлы қазақ басшысы; ел басқарып жүріп, қазақ балаларының да дәстүрлі ислами біліммен бірге еуропалық ілімді игеруіне жол ашқан тұлға; екі мәрте Мемлекеттік Думаға және Алаш партиясының атқару комитетіне мүше болған. Оны Алашорда қайраткерлері қатарына жатқызуға болады. 1920 жылы Семейде Алаш партиясының жаңа бағдарламасы қабылданған кезде Әлихан Бөкейханнан кейінгі қосымша баяндамашы болған кісі.

Әбдікәрім болыс өзі тұратын Өр Алтай өлкесі Катонқарағайдағы Шыңғыстай ауылында 1907 жылы екі кластық қазақ-орыс мектебін салдырады. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Баянауыл дуаны Ақкелін болысындағы Сәдуақас Шорманов салдырған қазақ-орыс мектебі (1903 ж.) халыққа қалай қызмет етсе, Шыңғыстайдағы мектеп те сондай ағартушылық жұмысын атқарған. Осы оқу мекемесі туралы өскемендік қаламгер Тоқтарбек Мағзұмов архив деректерін келтіре отырып, «Байберді мектебі» хикаятын жазды. Онда мынадай мәліметтер кездеседі: «Батыс-Сібір генерал губернаторының 1898 жылғы Жарлығына сәйкес, Шыңғыстай болысына бір мектеп бір мешіт салуға рұқсат берілген болатын. Кейін Әбдікерім 1905-1906 жылдары Омбының далалық генерал-губернаторы Смиттің канцеляриясының бөлген қаржысымен өзінің билігіне қарасты 14 ауылдың әр үй басына екі бөренеден салық салып, екі жылда жүз орындықты екі корпусты 7 жылдық мектеп тұрғызып, 1907 жылы күз айында құрылысын аяқтады... 1907 жылы 90-100 орындықты орта мектептің өзін «үлкен корпусын», ал 1911 жылы 20-30 кісілік жабық пансион «кіші корпус» түгел аяқталып қолданысқа берілді».

Алтай тауының қойнауында, Бұқтырма өзенінің өрінде салынған шығыстағы алғашқы білім ордасына Шәңгіштай болысының старшины Әбдікерім Ережепұлы жоғары білімді орыс мамандары – Вавилов И.Н. – меңгеруші, Подойников В.И., Терентьев Н.Д., Коморов М.Г. және қазақтан шыққан семинарист Сейітовты шақырған. Болыс оқытушыларды саяси себеппен жер аударылып келген оқығандардан жинап, саяси науқандарға араласпайды деп губернаторға қолхат берген екен. Әбдікерімнің мектебінде ұстаздық еткен Сұлтанмахмұт өзі де Михаил Коморовтан орыс тілінен сабақ алған. Семейде білімін толықтыру мүмкіндігі болмаған соң, өкпесінің ауруын оңалту үшін де Алтай тауының бір саласына кетіп қалып, қымыздың тосабымен емделгісі келген Махмұт Әбдікерім болысқа ризалығын білдіріп, оның демократтық ойларынан қанаттанса керек. Өзінің бір өлеңінде былай дейді:

Жаңғырып Алтай тауы саласынан,

Майысқан ағаш, шөптер арасынан.

Деді маған тырысып құтылмасаң,

Сахараның боқ іздейсің даласынан.

Телміріп бар өмірде жемтік жеген,

Қарғаның жаман-ақсың баласынан.

Онан да талаптанып, қолың созып,

Алланың несібеңді ал панасынан.

Маңдай тер, жанды қинап, жігер етіп,

Тұрмысты алып соқшы жағасынан.

Ұқпайды бұл сөзімді басқа кісі,

Махмұттың Әбдікерім ағасынан.

(С.Торайғыров «Дүние дөңгелегі айналады» таңдамалы, «Комплекс» баспаханасы, Алматы, 2009).

Сұлтанмахмұт Катонқарағай жері, қаратай еліне келгенде Бағила Әбдікерімқызы 17-ге жаңа шыққан, толған айдай толықсып тұрған кезі еді. Уылжып піскен алмадай ажарымен ғана емес, ақыл-парасаты, ақындық өнерімен де талайдың таңдайын тамсандыратын. Домбыра, гармонь тартып, ойын-сауықтың гүлі болған қызға жас ақын ынтық болып қалады. Екеуінің арасындағы махаббат хикаясы әйгілі жазушы Оралхан Бөкейдің «Сарыарқаның жаңбыры» әңгімесіне арқау болғанын көзі қарақты оқырман біледі. Сол көркем шығармада: «Ол əлі өзі ғана білетін, өзі ғана дейміз-ау, үшеуі ғана білетін, жұмбақты сыр. Əр үміттің түні бойы ұйықтатпай, беймаза ететін қиялды сəулелері иіндесе келіп, үлкен арманға, ыстық махаббатқа ұласқандай еді. Бір-бірін жан-тəнімен қиыла сүйетіні ашылмаса да, ауызекі сұхбаттасудан əлдеқайда күшті құдіретті сезім жеткізіп қойған. Бұл үнсіз сүйіспеншіліктері бой бермей билеп əкетсе, түбі неге апарып соғатынын, мына Бағиланың əкесі не дейтінін ойлаудың өзі аса сұмдық еді» -деп суреттейді. Сол уақытта Сұлтанмахмұт Бағилаға арнап бірқатар өлең жазады.

Келді хатың мен шаршап,

Отырғанда қамығып.

Хабарыңа бек аңсап,

Созылып көзім талығып.

Сөзіңнен көріп өзіңді,

Құшақтай алдым жамығып.

Бағила дәулеті шалқыған Әбдікерім болыстың үлкен қызы болса, ағалары Петербор, Мәскеу, Қазан, Омбы, Уфа қалаларынан білім алған азаматтар. Бойжеткен орысшаны әкесінің мектебінде дәріс беретін, патша үкіметінен қуғын көріп саяси жағынан сенімсіз танылған М.Г.Комаровтан оқып үйренсе, қазақша жыр-дастандарды оқуды Сұлтанмахмұттан меңгерді. «Айқап» журналында жауапты қызмет істеген, өз заманының алдыңғы қатарлы білімді азаматы ретінде танылған, ой-өрісі кең, білімі кемел Сұлтанмахмұт ә дегенен мектеп оқушыларын үйіріп әкеткені анық. «Ауыл балалары ақынды да айналшықтап, жақсы көріп, ол берген сабаққа, білімге ұмытыла түсті» дейді көзін көрген ауыл қариялары. Аталмыш ағаш мектеп кейін ақынның есіміне берілді.

Жазушы Тоқтарбек Мағзұмовтың жазуынша, қажы атасы Ережеп немересі Бағиланы бесігінде жатқанда-ақ, Шүй болысының байы Бұқабайдың (кей деректерде Бұқарбай делінедіА.О.) баласы Ақсолтанға атастырып қойған екен. Қытайдан сауда жасап оралған Бұқабай саудагер Ережеп қажының келісімін алған күні болашақ келінінің «қарғы бауы» деп бір үйір жылқының құнындай жүк артқан тоғыз түйені қажы жайлап отырған Шарықтыбұлақ бастауындағы Қарасаз жайлауында отырған Әбдікерім болыстың он екі қанат ақ үйінің алдына бір-ақ шөгерткен деседі. (Тоқтарбек Мағзұмов «Алтай Алашы» «Байберді асуы» хикаяты. 12-бет).

Сұлтанмахмұт пен Бағиланың арасындағы сезім байланысын сезіп қойған Әбдікерім от өршімей тұрғанда қызын құдандалы жеріне едел-жедел ұзатып жібереді. Бағила елден аттанарда еліне, әкесіне деген өкінішке толы бір ауыз өлең жолдарын мәңгілікке ел аузында қалдырды:

Жаз жайлауым – Қарасаз, Мұзбел, Татан

Кешір жұртым ісімде болса қатам.

Әпекем алыс жерге бермес еді,

Атастырып кетіпті қажы атам.

Мұзбелдің мұзартынан шаң тұрмаған,

Қолыма сұңқар қонған саңқылдаған.

Сол сұңқарым қапыда ұшып кетіп,

Әпеке, мен болдым қаз қаңқылдаған.

Айта алмаймын өзгеге сырымды ашып.

Жақсыға болған еді көңіл ғашық.

Тым нәзік, үкілі үміт артта қалып,

Барамын қимастықпен мен қоштасып.

Бағиланың көңілі мен жанын түсініп, шын қолдау көрсеткен ағасы Қаһан ғана еді. Ол Уфадағы Ғалия медресесін үздік бітіріп, өз ауылы Шыңғыстайға келіп ұстаздық етіп жүрген болатын. Қаһан Сұлтанмахмұтты «Айқап» журналына үзбей жариялап тұратын мақалалары арқылы танып, Алтайға келгенінде де ақынға деген көңілі ерекше болған сияқты. Бірақ, ол да дәстүрден аттап кете алмаған.  

Бағила қазіргі Ресей Федерациясы мен Моңғолия мемлекеттерінің шектесер тұсындағы Шүй болысына ұзатылған соң, өзінің қасында болып елге қайтқан жастар арқылы ауылда қалған Сұлтанмахмұтқа жүрек жарды өлең жолдарын жолдайды.

Кешірер серттен тайсам ақын аға,

Бодауға байланып тұр басым аға.

Ілетін ақ сұңқарға қаз табылар,

Қанатым қайрылды деп жасыма аға.

Көз жасын ағайынның аттай алмай,

Алтынға бақыр басты сақтай алмай.

Көз жұмып көрмегенге кетіп барам,

Топырағын туған жердің даттай алмай.

Жеткенше басым жерге сағынармын,

Мың мәрте суретіңе табынармын.

Аршыған жұмыртқадан арым таза,

Алдыңнан таңда мақшар табылармын.

Бағила ұзатылысымен-ақ ақын қаратай елінен кітап толы қоржынын бөктеріп, Төрқуыс, Шарықты бұлақ, Марқаны басып өтіп, Зайсан жаққа аттанып кетеді. 1915 жылы күзде Зайсан қаласына келген оны досы Мәулет Шамсутдинов қарсы алады. Зайсандық бай әрі саудагер Мәулеттің үйінде жатып ақын «Кім жазықты?» романын жазады.

Сұлтанмахмұттың:

Қайтермін іште дерті симағанмен,

Болар ма көз жасымды тимағанмен.

Дұғаға, жалынғанға тағдыр саңырау

Дауа жоқ ашу қылып қирағанмен.

«Ол сенікі» деп мені нанғыза алмас,

Жүз әулие мың келіп милағанмен

Жан қимақ пен жар қимақ бәрі - бір бәс

Қидым, қидым, амал жоқ қимағанмен... - дейтін өлеңі осы кезде жазылған. Оның ғашықтық жырларының бір бөлігі Бағилаға арналғаны шүбәсіз.

Мені қайран қалдыратын бір жайт – Бағиланың босаға аттаған жерінде ұзақ жасай алмауы. Ол екінші перзентіне босана алмай, туыт үстінде үзіліп кете барған. Бұл – Сұлтанмахмұт дүниеден өтетін 1920 жылдар шамасы. Осы оқиға маған екі ғашықтың арасындағы рухани байланыс сияқты сезіледі де тұрады. Бұл ретте, Мәликенің де ғұмыры келте қайрылып, көкірек ауруынан 28 жасында өмірден озғаны – ойландырарлық жайт.

Бағиланың сүйегі Шүй өзенінің бойында «Шәкіртқарағай» атты тоғайдың шетіне жерленіпті. Сонда Әбдікерім болыстың Бағиладан кейінгі Бағдат есімді қызы адамның есінен кетпес жоқтау шығарып, жыр мұңын айтып зарлады дейді өзінің «Алтай Алашы» кітабында жазушы Тоқтарбек Мағзұмов. Сөз соңында сол жырдан үзінді келтірейін:

Дақ түсірмей таза арына,

Аз ғұмыр сүрген жолында.

Ғашықтық дертке өртеніп,

Ажалдың түсті-ау торына.

Тіршілік – кәміл, өлім – хақ,

Ешкім жоқ мәңгі қалатын.

Дүние – таза жұмақ бақ,

Жұбымен жүрсе болатын.

Ақын Бағила, асыл Бағила «Аршыған жұмыртқадан арым таза, Алдыңнан таңда мақшар табылармын» - деген сертті сөзін Сұлтанмахмұтқа бекер арнамаса керек. Бірінің соңынан бірі өмірден асығыс аттанып кетсе де, екеуі мақшар таңында табысатынына сенімдімін.  

Айбек ОРАЛХАН

Павлодар қаласы

Мақала «Найзатас» журналының №5 санында жарық көрген

М.О. Әуезовтың өмірі мен шығармашылығына байланысты викторина біліміңді тексер

Викторина!

pllinkz

А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы

шығыс қазақстан әдеби картасы

Шығыс Қазақстан танымал есімдер

addressbook001

addressbook002

© А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан Облыстық Кітапханасы | Восточно-Казахстанская областная библиотека имени А.С. Пушкина. 1998-2024
Besucherzahler
счетчик посещений