(М. Әуезовтің Б. Кенжебаевқа жолдаған бір хаты негізіндегі ойлар)
Білімі мен еңбегі алып мұхиттарға теңелетін теңдессіз талант иесі Мұхтар Әуезовтің әлі де ғылыми айналымға ене қоймаған мол мұраларының бірі – эпистолярлық еңбектеріндегі әдебиет тарихы, әдебиеттану мен сын мәселелерінің зерттелуі. Ұлт руханиятының ақтаңдақ беттерін ашып, ғұлама ғалымның ғибратты ғұмырының бізге белгісіз кезеңдерін анықтап, сол сәттегі көңіл-күйі мен психологиялық жайынан хабар беретін бұл дүниелер, әрине, қазақ әдебиетінің тарихы үшін үлкен рухани олжа. Сондықтан М.Әуезовтің қазақ әдебиеті тарихы мен көркем сынының, әдебиеттану ғылымының қалыптасу кезеңінде атқарған азаматтық, ғалымдық, қайраткерлік, ағартушылық еңбектерінің бізге беймәлім беттерін ашатын хаттарына тоқтала отырып, зерттеушінің әдеби-сын жазбаларына ерекше көңіл бөлуді жөн санадық.
Жазушының эпистолярлық мұраларындағы бұл мәтіндер алғаш рет М.Әуезовтің елу томдық толық шығармалар жинағының 50-ші томында ғана жарияланған-ды. Бірақ олар не әдеби, не ғылыми айналымға ене қойған жоқ.
Ұлт тағдыры мен қазақ әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелерін зерттеуде де ұлтжандылық танытқан М.Әуезовтің тікелей жетекшілігімен ұйымдастырылып, жалпы редакциясын басқарған «Қазақ әдебиеті тарихының» 1-2-кітабын жазуға қазақ әдебиетінің жас мамандары, шәкірттері түгелдей қатыстырылған болатын. Соның бірі – Мұхтар Әуезовтің шығармашылық өмірінде өзіндік орны бар тарихи тұлға, көрнекті ғалым Бейсембай Кенжебаев. Әдебиетші ғалым, сыншы, аудармашы. Филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Кенжебаев ҚазКСР КП ОК басуға рұқсат етпей жүрген ескі латын әрпіндегі «Абай» романының бірінші кітабын 1941 жылы Мәскеудегі оқуын бітіріп, Алматыдағы Қазақтың Мемлекеттік біріккен баспасының бас редакторы болып келгенде жаңа әріппен қайта тергізген. Кітап жарыққа шыққан күні Қуандық Шаңғытбаев екеуінің «Социалистік Қазақстан» газетінде (26 шілде) мақала жариялауы да жазушының ерекше ілтипатына ие болған тарихи оқиға еді. Осыдан басталған таза достық, адалдық, сыйластық өмірлерінің соңына дейін жарасымды жалғасын табуы, ұлттық мүдде жолындағы жанкешті рухани ерліктері – бүгінгі ұрпақ үшін өлмес өнеге.
Алайда достыққа қаншалықты адал болса да, М.Әуезов ұлт руханияты турасындағы пікірлерінде әділ бидің төрелігін айтудан танбаған. Төмендегі хатында М.Әуезов сүйікті шәкіртінің мақалаларындағы жақсы жетістіктерін атай отырып, кемшіліктеріне де көз жұма қарамаған. Олқылықтарын орынды түрде көрсетіп, міндерін де мәдениетті түрде жеткізген. Олай болса, хат мәтінімен толық танысалық:
«М.Әуезов – Б.Кенжебаевқа
№ 103 21.VІІІ.1950 ж.
Жолдас Бейсембай!
Екінші томға арнап жазған «Оқу кітап, газет» жөніндегі мақалаңыз, жалпы алғанда, жарамды еңбек болған. Әдебиет тарихы көлеміне ең алғаш рет қосылып отырған тың тақырып туралы еткен еңбегіңіз болашақта молайтып, өсіре зерттейтін істің басы есепті. Сол бастауыңыз ғылымдық фактылар, талдаулар жағынан қарағанда, жалпы алғанда, бағалы, орынды көрінеді. Осымен қатар, бірнеше жерлерде байқалатын кемшіліктер де бар екенін ескерту қажет.
Мақаланың қолжазбасына әрбір беттерде жазылған сындар бар. Солар туралы ойланып, арнаулы түзетулер кіргізуді өтінеміз. Ол ескертулердің елеулі мәселелерге соғатыны да бар. Бұндайлардың кейбіреуін төменде әдейілеп бөліп алып, атап көрсетеміз. Қолжазбаның беттеріне жазылған ескертулердің ұсақ мысалдары да бар. Олар көбінесе, кейбір атаулар мен сөйлем құраудағы стиль, тіл мәселесі жөнінде.
Әуелі осылар жайын айта кетейік. Бұрынғы оқу орындарын бұл қолжазбада «мектеп», «медресе» деп атау бар. Онан соң «орыс-қазақ мектебі» деген атау да бар. Осыларды бірінен-бірін нақтылап айыру үшін, мұсылманша оқытатындарын – «медресе» деп, орысша оқытатындарын – Русско-киргизская школа немесе училище деп айырып атаса, оқушыға түсініктірек болар еді. Онан соң, Қазақстанның өз тарихында «мектеп» деген атау ХІХ ғасырда болған жоқ. Ол кезде көп жерде, ауылдарда медресе де, мектеп те болмаған. Ондай ағарту орынының атауы да болмай жүргені бар-ды. Тек, молда ғана оқытатын да, «Молдадан оқыды» деп айтылатын. Осы жайды анықтау керек.
«Мектеп» деген атау жәдиттікпен бірге ХХ ғасырда кіргенін ескеру керек. Одан соңғы бір мәселе, ескі молданың және медресенің оқытатын кітаптарын санап өту керек. Ол заманда он-он бес жыл оқығанда, класқа бөлу жоқ еді. Шәкірттің оқу шамасын әр кезде оқып жүрген кітабымен атайтын. Сонда ең бастауыш оқу – арабша «Иманшарт», «Әптиектен» басталса, содан ары «Түркі» оқылатын. Осыдан кейін «Қырық хадис» деп басталған арабша оқу кетеді. Олар «Шүрутіссалату» «Фихқа-Кайдани», «Тағлимұссалат», «Тұхфатүл мүлук», «Наху – сарф», «Бидан», «Мұхтасар», «Кафия», «Мантық», «Ғақаид», осыдан ары ең төрінде «Шарх-Ғабдолла» сыяқты кітаптар болатын. Ол кездегі шәкірттер «оқуың қандай?» дегенге «Мұхтасар» оқыдым, «Кафия оқыдым» – деген сыяқты жауаптар берсе, білетін адамдар, оқу шамасын бірден аңғаратұғын. Осы жәйіттерді қатты сынмен аша түсу шарт.
Ұсақ кемшіліктің әсіресе көзге түсетін бір түрі – осы мақаланың бас жағында, үнемі ұшырайтын бір жәйдан байқалады. Автор белгісіз себептен, өзінің жатық тілін бұзып, әрбір сөйлемнің соңын өте бір өрескел қайталаумен аяқтай береді. Әр сөйлемнің соңында, «болар еді», немесе «болмас еді» деген, сан рет қайталайтын бір түрді ұстанып алған. Оқта-текте қолданса бір сәрі, бар сөйлем осылай аяқталғанда, еңбектің құны түскендей болады. Автор өз жұмысын өзі менсінбей, әдейі «Жүрдім-бардым салып» отырған сыяқты. Қолжазбаны осындай өрескел сөлекеттік мысалдардан түгел арылту керек.
Енді қолжазбаның тұс-тұсында айтылса да, тағы бір үш мәселенің жәйін айрықша атап өтеміз. Олар мыналар:
І. «Патша дін оқуын «11-бетте» күшейтті» деу дұрыс емес, оның себебін Шоқан, Алтынсарин, Абайлар айтқандай, жалпы мұсылманшылық үгітті таратқан дінбасылардың әрекетімен байланыстыра сынау керек.
Пантуркизм, панисләмизмді (14 бет) дәлелді, ғылымдық жөнмен, идеялық жағынан өткір салмақты етіп, қатты сынау қажет.
13-бетте екі Россияның жәйін тереңдеп, таратып айту керек. Орыстың халықтық мәдениеті бір бөлек, патшалық саясаты өзіне басқа, соны осы тұста (18-бетте) «Дала уәләяты» газетінің дерегіне байланысты ашып айтып беру аса қажет болады.
Осы жайларды ескеріп отырып, еңбегіңізге түзеулер кіргізуді талап етеміз.
Сәлеммен (Мұхтар)»
( Әуезов.М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 50-т. – Алматы. «Жібек жолы» баспа үйі, 2011. 264 -265, 472 бб.).
Ғұлама ғалымның ғибратты сөздері мен ғылыми мәселе қоюдағы талапшылдығы қай кезеңде де құнды тұжырымдар, аса қажетті кеңестер екендігін ескерген жөн. Баспасөздердегі жарияланымға арналған ресми рецензия болмағандықтан мұнда еркін және батыл айту жағы басым. Достық ниеттегі жанашырлық, ертең көпшіліктің мұрасына айналғанда ұятқа қалмайтындай мақаладағы кемшін жерлерді толықтырып, түзеуді талап еткен пейіл хаттағы әрбір сөйлемнен аңғарылып отырады.
Бұл жөнінде Бейсембай Кенжебаев өзі де «Ақылгөй ағамыз» деген естелігінде: «Мұхаңның бір жақсылық қасиеті – ол өте талғампаз, өзіне де өзгеге де талап қойғыш еді. Мейлі өзінің, мейлі өзгенің шығармасы болсын, өте мұқият қарайтын, оларды неғұрлым жөндеп толықтыра беруге тырысатын, ақыл-кеңес беретін еді.
Мұхаңның бұл қасиетін мен онымен «Абай – қазақ халқының ұлы ақыны» (1945) деген кітапшаны бірігіп жазғанымызда, Мұхаңның басқаруымен 1948 жылы шыққан «Қазақ әдебиетінің тарихы» (фольклор бөлімі) деген кітаптың қолжазбасын бірге қарағанымызда әбден байқадым.
Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет секторының қызметкерлері Мұхаңның басқаруымен «Қазақ әдебиетінің тарихы» деген еңбектің 1946-1948 жылдары бірінші томын жазып шығарды да, 1948-1950 жылдары екінші томын жазбақ болды. Екінші томында маған «ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы оқу-ағарту, кітап бастыру жұмыстары және газет-журналдары» деген тақырып тиді. Оны мен жазып, Мұхаңа бердім. Ол кісі қарап, мынадай сын жазды», – деп ағынан жарылып жазады («Мұхтар Әуезов туралы естеліктер. 2-бас. Құраст. – Диар Қонаев, Санагүл Майлыбаева, Әндібек Қуанышбаев. Алматы. «Білім» баспасы, 2007. 76, 288 бб.).
Мұхтар Әуезовпен университет қабырғасында бірге ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарған Бейсембай Кенжебаев мұндай қатал да принципті талапты тек қатарлас әріптестеріне ғана емес, ертеңгі мамандарға да қоятынын өз естелігінде жан-жақты баяндайды: «…Осы сияқты Мұхаң студенттердің дипломдық жұмыстарын басқару, қарауға да мұқият, қатал болатын: олардың кемшіліктерін кешпейтін, болмашы кемістіктерін ерінбей, теріп көрсетіп, жұмыстарын дәл, әділ бағалайтын» («Мұхтар Әуезов туралы естеліктер. 2-бас. Құраст. – Диар Қонаев, Санагүл Майлыбаева, Әндібек Қуанышбаев. Алматы. «Білім» баспасы, 2007. 76, 78, 288 бб.).
Тегінде, талантты тұлға Бейсембай Кенжебайұлының қазақ жазба әдебиетінің тарихын көне дәуірге дейін тереңдетіп, ұлт әдебиеттануындағы зерттеу мектебін қалыптастырған қажырлы еңбегін ешкім ұмытпақ емес. Ал Мұхтар Әуезовтің «Бешім» деп еркелететін Бейсембай Кенжебаевқа деген адалдығы, тазалығы, достығы, шын ниеттегі құрметі өмірінің соңына дейін сол кәусар күйінде екеуінің де қойын дәптерлері мен жүрек жазбаларында сақталған.
Сондай-ақ, заңғар жазушының мұрағатында түрлі диссертациялық енбектерге, қолжазба кітаптарға, оқулықтарға, диплом жұмыстарға, т.б. жазған пікір, тілектері бар. Әлі де не әдеби, не ғылыми айналымға енбеген бұл мұрағат дүниелер өз іздеушілерін тосып, тасада жатыр.
Гүлзия ПІРӘЛІ,
Филология ғылымдарының докторы,М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
«Әуезов үйі» ҒМО-ның бас ғылыми қызметкері // Қазақ әдебиеті, 2019. - 29 қазан