(1918- 2009)
Қажытай Хамитұлы 1918 жылы «Ақшоқы» деген жерде шаруа жанұясында дүниеге келген. Хамитовтар отбасында тоғыз бала
тәрбиеленген. Әкесі – Хамит, анасы – Қосанова Әлимә. Апайлары Жәбі, Купәш, Нұрғызар, Қайынжамал, Қапиза, қарындасы – Бағжамал. Ең үлкен ағасы – Сүлеймен, екінші ағасы Ескендір.
Хамитов Қажытай 1933 жылы Жамбыл бастауыш мектебінің 1 сыныбына түсіп, 1934 жылы Еңбек ауылындағы 5 жылдық мектебіне барған. 1936 жылы сол мектептің 7 сыныбын аяқтағаннан соң, туған ауылына колхозға хатшы болып жұмысқа орналасады. Артынан сиыр фермасының бастығы және тағы басқа да түрлі қызметтер атқарған.
«Қазіргі өздерің қалаға қатынайтын жолды 1940 жылы біз қолмен салғанбыз» - деп, өзінің «Шығыс шеңбері -Восточное кольцо» деп аталатын жолды салуға қатысқанын айтушы еді. Сол жақта жұмыс істеп жүрген кезінде екінші дүниежүзілік соғыс басталып, әскер қатарына шақырылған. 1941 жылы бір топ Катон-қарағайлық жерлестерімен бірге майдан даласына емес, Свердлов облысы Белка деген рудникке шахтёр болып жұмысқа кірген. Жұмысы өте ауыр болған, тәулігіне 10-14 сағат жұмыс істеген. «Шахтада 300-дей адам бірден жер астына түсетінбіз» - деп әңгімесін айтатын. Бұл шахтадан шығатын металл соғысқа қажетті қару-жарақ шығаратын аса бағалы болған. Халық арасында «Трудовой» атанған бұл еңбек армиясы соғыстағы алғы шептерден де қиын болған. Осы ауыр жұмысқа шыдамағандар өздері сұранып майданға кетіп жатты. «Біз көрген қиыншылықты айтып беру ұзақ әңгіме, соғыс дегенді сендер естімеңдер де, білмеңдер де» - деп ұрпақтарына тілеп кеткен.
1947 жылы Трудовой армиядан өз ауылына келді. 1948 жылдан бастап 1950 жылдар аралығында колхозда бригадир болып қызмет атқарған. 1950 жылдың қыркүйегінде Семейдің ауылшаруашылық мектебіне түсіп, 1954 жылдың қараша айында аяқтаған. Сол жылдың қараша айынан бастап Сталин колхозында жылқы фермасының бастығы қызметіне тағайындалады. 1956 жылдан бастап колхозда агроном қызметін атқарды. 1960 жылдан бастап 1967 жылдар аралығында қайта жылқы фермасының бастығы қызметін атқарды.
1967 жылы Катон-қарағай Марал совхозы болып құрылған Жамбыл бөлімшесінде мал бағу шаруашылығымен айналысқан. 1980 жылы құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққан.
2009 жылы тамыз айында дүниеден өтті.
Қажытай атамыздың 5 ұл, 2 қызы бар. Олардан тараған 18 немересі, 26 шөбересі бар
.