(1916-1997 жж.)
Абақаев Мырзағұл Абдоллаұлы 1916 жылы 1 мамырда, Шығыс Қазақстан облысы, Катон-Қарағай ауданы, Белқарағай (бұрынғы Медведка) ауылында дүниеге келген. Руы Қаратай – Көшкінші. Әкесі Абдолла жаңадан орнаған Кеңес үкіметін қолдап аянбай еңбек етті. Бес жасында аналары дүниеден қайтып, балалары Жұмағұл, Мырзағұл әжесінің қолында тәрбиеленді. Апасы Самиға құран ұстап, намаз оқыған адам болған. Әкеміз әжесінің жақсы тәрбиесін көріп өсті.
1939 жылы Күлжамал Тұрымқызына (Сарыжомарт) үйленіп, 1941 жылы ұлы Тоқтарбек, 1942 қызы Қамария дүниеге келді.
Әкем 1942 жылы қаңтар айында бір топ азаматтармен бірге майданға аттанады. Елден шақырылған бір топ жерлестерді Ластаев Зияпат, Асанов Уәтай, Бекенов Құлжыкөш, Абақаев Жұмағұл, Атантаев Қабыш, Қоразов Нұрсәлилермен бірге оларды Оралдағы Свердлов қаласында орналасқан «Белка» деп аталатын соғысқа қажетті қару–жарақ шығаратын зауытқа жұмысқа тартады.
Майдан даласындағыдай атылған оқ, ысқырған снаряд, оққа ұшқан жауынгерлер жоқ демесең, мұндағы жағдай да адам төзгісіз еді. 12-14 сағаттық демалыссыз ауыр жұмыстан қалжырағын жұмысшылар, тоя тамақ ішпей, адам басына берілетін 600 гр. нан мен бір мезгіл үсіген капустаны қорек ететін. Сібірдің қақаған аязына шыдамай үсіктен өліп, ауру-сырқауға ұшырағандар да көп болды. Мұндай қорлыққа шыдағанша майдан даласында жауға қарсы күресіп, оққа ұшқанымыз дұрыс деп деп қашқандар да болды. Бірақ қашқындарды ұстап әкеп бұрынғыдан да ауыр жұмыстарға салатын.
Жаумен мылтықсыз майданға қатысып, қақаған аяз, үскірік боранда арпалыса қимылдаған жұмысшылар аянбай демалыссыз жұмыс істеді. Оларға «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!»- деген жалғыз ауыз сөз жігерлерін жанып, келешекке деген сенімдерін арттырды.
Әкем Мырзағұл Абақаевтың еті тірі, орыс тілін жетік меңгерген, әрі қолының шеберлігі де бар болатын. Орыс тілінде жақсы сөйлейтін болған соң, оны бірден зауытқа мылтық жасайтын жерге бірден жұмысқа алады. Қызыл Армияны әскери техникамен, қару-жарақпен тез қамтуды талап етілді. Қыстың қақаған аязына шыдамай, ауру сырқауға ұшырағандар мен өлім –жітім де көп болды. Қырдан келген қазақ жігіттері жұмыстың қыр-сырын түсінбей, тіл білмей, үйренбеген асын жей алмай көп қиналыпты. Алғашында аузына нәр салмай жүре беріпті. Ішер асқа, киер киімге жарымаса да ауыр жұмыстан қашпай еңбек етті. Әкемнің қолының шеберлігі бар дедім ғой, «жалаңаяқ қалған талай жұмысшыларға етік тігіп, жыртықтарын жамап бердім» - деп отыратын.
Соғыс кезіндегі қара жұмыста болған адамдардың зор еңбегі ешуақытта бағаланбады. Жеңіс күні олар ешқандай марапат алмады. Жиындарға шақырылмады. Бірақ олар өздерін қан төгіспен келген Ұлы Жеңістен тысқарымыз деп ойлаған жоқ. Қақаған аяз, қалың қардың астында топырақ қазылмаса, металл қорытатын алып қазандар, танк жасалмаса, жауға атылар оқ уақытында жеткізілмесе, бақайшағына дейін қаруланған жауды жеңер ме едік? Майдан шебін қажетті қару–жарақпен қамтамасыз етіп отырғандар осы еңбек армиясының ерлері емес пе еді? Әкем: «Белка» зауытында қазақтың мықты азаматтары жанталаса жұмыс істеді, жоқшылыққа, ауртпашылыққа қазақтардан төзімді жұрт болмай шықты...т- деп отыратын.
Әкемді әскери билетін қолына бермей, анықтама қағаз ғана беріп еңбек Армиясынан 1945 жылы босатыпты. Елге оралған соң Үлкен–Нарында тағы да тексеру басталды. Өйткені әкем аса құпия зауытта еңбек етіп, қару жасаудың қыр-сырын жақсы меңгерген екен. Сонысы сор боп жабысты ғой. Әкемді ауылға жібермей 7-8 айдай, әскери билетке сұраныс жасалып, келгенше Балғын-Жұлдыз ауылдарының тауларында түрмеге қамады. Күндіз ауыр жұмысқа салды. Тіптен бертінге дейін әкем ҰҚК назарында болды...
Соғыс бітіп, бейбіт заман орнаған соң, әкеміз тоғыз бала өсіріп жеткізді. Жетеуін орысша мектепке берді. Жоғары білім әперді. Біздің бәрімізді жеткізу үшін қар жастанды, мұз құрсанды. Бізді Москва, Алматы-Ташкент сияқты ірі қалаларда оқытып, тәрбиеледі. 1948 жылы туған ағам Серікбекті Мәскеу түсті металл және болат қорыту институтына оқуға жіберді. Бір қызығы сол институтта оқып жүріп, 1974 жылы Серікбек ағам соғыс кезінде әкем еңбек армиясында болған зауытқа практикаға барыпты. Әлі күнге дейін зауыт әскери техника шығарумен айналасады екен. Әкем жүрген жерлерді көріп, қызықты әңгемелер айтып келгені есімде.
«1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды.
Ұлы Отан соғысы біздің халқымыздың барша ұлт өкілдерінің, біздің әкелеріміз бен аталарымыздың биік рухын, ерлігі мен қазақылығын бүкіл әлемге танытқан соғыс. Фашизмді жеңген бабалар даңқы біздің жүрегімізде мәңгі өшпейтін болды.
А. С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана өлкетанушылары «Еңбек армиясына қатысқан шығысқазақстандықтар» атты жобаны қолға алғанын естіп, әкем туралы естелігімді ала жүгірдім. «Игіліктің ерте –кеші жоқ» дейді дана халқымыз. Кеш болса да әкелеріміздің Ұлы Жеңіске қосқан ұлы ерліктері туралы жас ұрпақ білетін болады. Қайсарлық пен төзімділіктің, ұлттық намыс пен жігердің, отанға деген сүйіспеншіліктің орасан зор үлгісін көрсеткен ағалар ерлігі бүгінгі ұрпаққа өнеге.
Естелік жазушы: Абақаева Кулян Мырзағұлқызы