(1906-1967)
Оразғали Мәкібаев Шығыс Қазақстан (бұрынғы Семей ) облысы Тарбағатай /бұрынғы Ақсуат / ауданы Екпін ауылында 1906 жылы туған
1941 жылы Ұлы Отан соғысының алғашқы айларында-ақ Отан қорғауға аттанады. Бірақ майдан даласына емес, 35 жасар Мәкібаев Оразғали Ресейдің Кузбасс өңіріндегі шахтада еңбек армиясына жұмысқа қалдырылады.
Алғашқыда көмір қабаттарын қазу бойынша дайындық жұмыстарымен айналысады. Кейіннен жер астына түсіп, көмір қазған. Жағдайы қатаң режиммен ерекшеленген, тұрмыстың нашар жағдайында жұмыс жасады. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен, тақыр тақтайда жатып, аштықтың аз - ақ алдында жүрсе де жеңіс жолында аянбай еңбек етті. «Сірә, тозақ деген осындай шығар. Көптеген адамдар аштық пен суықтан, аурудан қайтыс болды. Өз жанымызды күйттемедік. Жеңіс жолында аянбай еңбек ету керек болды. Көмірдің майдан үшін қаншалықты қажет екенін түсіне алдық. Жарқын болашаққа деген сенімінің күштілігінен, фашист басқыншыларын жеңуге деген сенімнің арқасында аман қалдым-ау деймін»- деп отырушы еді.
Бес жыл бойы жер астында көмір қазып, ашқұрсақ жүрген адамда не денсаулық қалсын, 1945 жылы елге оралады.
Атам 1967 жылы 61 жасында өмірден өтті. Ұлы Жеңістің он, жиырма жылдық мерейтойлары атамның тірі кезінде аталып өтіп жатты. Бірақ марапатты қойып, атамды елеп ескеріп, еш жиынға шақырған емес. Тіпті соғысқа қатысқандар есебінде де болған емес. А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапхана еңбек армиясында еңбек еткен жерлестері туралы мәлімет жинастырып жатыр дегенде елең ете қалдым. Герман фашизмін жеңу жолындағы Ұлы Жеңіске менің атамның да қосқан үлесі бар. Темірдей денсаулығын, жастық шағын, бес жыл өмірін ауыр жұмыста жоғалтып, өмірден ерте өтіп кеткен атамның еңбектегі ерлігін ұрпақтары мақтан етеді.
Гүлжан Оразғалиева-Мәкібаев Оразғалидың немересі.