Менің әкем Альт Иван (Иоганес) Яковлевич 1911 жылы 11 қаңтарда Саратов облысы Норки селосында туған. Олар бірнеше ағайынды болатын, менің есімде қалғаны әкемнің ағасы Вильгельм мен қарындасы Катарина ғана. Ұлы Отан соғысы басталғанда олар Сталинград қаласында тұрған. Неміс ұлтын жаппай шығысқа қоныстандыру басталғанда менің ата –анамды Қазақстанға, әкемнің ағасы Вильгельмді Омск облысына жер аударды. Менің екі ағам Андрей 1936 жылы туған, Виктор 1937 жылы туған. Аласапыранда ағайындылар бір бірінен адасып қалып, тек 1966 жылы ғана бір-бірін тауып алған екен. Чердояққа келе салысымен әкемді еңбек армиясына алып кетті. Анам балалармен, әкемнің қарындасы Катямен қалады. Біраздан соң Катяны да еңбек армиясына алып кетті. Оның бір құлағы естімейтін, әрі орыс тілін білмеуші еді. Оны Орск қаласына жұмысқа жібереді. Ал әкем Челябинскнің маңында орманда ағаш құлатып еңбек етті. Статистика бойынша 1941-1945 ж. Алтай өлкесінен майдан қажеттігі үшін 1227 мың м3 ағаш дайындалған екен. Осынау жеңіс жолындағы орасан зор істе менің әкемнің де үлесі бар екенін мақтан етемін.
Еңбек армиясындағылардың тұрмыстық жағдайы өте төмен, тамаққа үсіген картоп пен қалақайдан жасалған борщ ішіп күн көрген. Киер киімге, ішер асқа жарымаса да жеңіс жолында жан аямай еңбек етті.
Суық барақтарда тұрып, ағаш сәкіде жатыпты. Барақтың суықтығы соншалық таңертең тұрғанда шаштары ағаш сәкіге жабысып қалады екен. Таңертең түнімен үсігені бар, ауруы бар өліп қалған адамдарды жинап әкетеді. Әкем жас болғандықтан ғана тірі қалдым деп отыратын. Ағаш дайындап оны өңдеуде әйелдер мен жасөспірімдер де ерлерден қалыспай еңбек етіпті. Тайгада ағаш дайындаудың өз қиындығы бар. Ересектердің қыста белуардан келетін қарды жартылай жалаңаяқ кешіп, құлатқан ағаштарын жасөспірімдер шанаға салып үлкен жолға шығарып отырған. Жазда шыбын –шіркейге жем болмас үшін бет ауыздарын, қолдарын сасық қарамаймен майлап алады екен.
Әкем Еңбек Армиясынан 1947 қаңтар айында оралды. Еңбек армиясындағы тауқыметті өмірі туралы айтуды ұнатпайтын. Мен желтоқсан айында дүниеге келіппін. Әкемнің құжаттарын сақтай алмадым, менің қолымда әкемнің туу туралы куәлігі, бірнеше фотосуреттері бар. Әкемнен қалған жәдігерді көзімнің қарашығындай сақтап жүрмін. Аға- бауырларым өмірден өтіп кетті. Катяның балаларымен хабарласып тұрушы едім, олар да өмірден өтті. 1956 жылы Чердояқтан көшіп кеттік. Ұлтымыз неміс болғандықтан Сталинград қаласына тіркемей, 24 сағатта қаладан кетуімізді талап етті. Қай жаққа барарымызды білмей көп сандалдық. Ата-анамның неміс болып туғаны үшін тартқан тауқыметі, көрген азабы өлшеусіз болды.
Бірнеше ондаған жылдар бойы ешкім ескермеген, елемеген Еңбек Армиясы туралы зерттеу жұмысын қолға алыпсыздар. Сіздерге көп рахмет! Ол кезде мен тым жас болдым, көп нәрсені біле бермеймін. Есіме түскен болымсыз естеліктерді ғана айтып отырмын. Омск қаласындағы католик храмында болғанымда маған естеліктер кітабын көрсетті. Содан әкемнің фамилиясын көрген едім... Бастаған істеріңізге сәттілік тілеймін!
Ольга Орлова-Альт