Баурайында өр Алтайдың
Тұрған мекен - Шыңғыстайым,
Туып сенде, есейдім де
Кең өмірге қанат жайдым.
Шыңғыстайым - кұт мекенім,
Сен деп қалам тербетемін,
Өзінді ойлап сағынғанда
«Ауылым» деп әндетемін.
Бала шақта кезген талай
Сағындырар орман-тоғай.
Қымбат маған Көбен көлі,
Өзенің де Бұқтырмадай.
Әсем жота Үшкіртаудан
Шаңғы теуіп сайран салғам,
Тау аясы «Көкбұзауда»
Алғаш қолға шалғы алғам.
«Күркіре ме», «Қызыл қайың »
Бұлақтарын мөлдір дәйім,
Дәмін татпай кете алмаймын
Ауылға әр келген сайын.
Шықты өзіңнен аты дардай
Ірі тұлға - Оралхандай,
Ауылсың сен - таланттарды
Тудыруға жаралғандай.
Әбдікерім болыс салған.
Махмұттың ізі қалған
Мектеп мәңгі естен кетпес
Қаншама ұрпақ білім алған.
Жастық шағым жалындаған
Өзіңде өткен мен бір балаң,
Тілеп өтем «мекен бол - деп -
Берекеден арылмаған»!
Автор: Тапғат Кашқынбаев
Өскемен қаласы 2013 ж.