16 қаңтар күні кітапханада "Шығыс Қазақстан кітаптары-2014"деген атпен 2014 жарық көрген жаңа басылымдардың тұсауы кесілді. Тұсаукесерде әдеби жоба «Алтай-Ертіс кітапханасы» сериясының үшінші топтамасы, ауған соғысында қаза тапқан интернационалист-жауынгерлерге арналған «Азалы кітап» пен «Шығыс Қазақстан» энциклопедиясы ұсынылды.
Үшінші топтама Ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойына лайықты сый болатын кітаптармен ерекшеленуде. Мұнда М. Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопэясының томдары, Абайдың барлық өлеңдері мен поэмаларына ғылыми түсініктеме жазған Қ.Мұхамедхановтың еңбегі жарияланған. Сондай‑ақ, профессор Арап Еспенбетовтың абайтану, шәкәрімтану мен сұлтанмахмұттану зерттеулері енген қос томдық, Абай мектебінен тәлім алған дарынды ақын Әріп Тәңірбергеновтың шығармалары жарық көрді. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысына қатысып, қалам мен қаруды қатар ұстаған жерлестеріміздің соғыс тақырыбындағы ерлік пен халықтар достығының ерен үлгісін көрсететін шығармалары жарық көрді. Олар: Халық Қаhарманы Қ. Қайсенов, халық жазушысы Ә. Нұршайықов пен партизан‑жазушы Әди Шәріповтың туындылары.
Ерлік тақырыбын Кеңес одағының батыры І. Айтықов өмірі туралы баяндайтын жазушы М. Құмарбековтың «Тауқымет» романы жалғастырады. Ел басына күн туған сын сағатта шыңдалған халықтар достығы кешегі ауған жерінде өткен арпалыста нығая түсті. Онда қаза тапқан шығысқазақстандық жауынгерлер рухына арналған «Азалы Кітап» та жарық көріп, тұсаукесерде лайықты орын алды. Халықтар достығы мен ұлтаралық келісім – еліміздің өркендеуінің негізі. Тұсаукесерде жаңадан шыққан «Шығыс Қазақстан» энциклопедиясы, өлке тарихының елеулі кезеңін кестелеген Оралхан Бөкей, өлке зерттеушісі Борис Щербаков пен ақын Ғалым Байбатыровтың шығармалары да қонақтар назарына ұсынылды. Сиясы кеуіп үлгермеген жаңа кітаптар жайлы облыс әкімінің орынбасары О.Ж. Мұқашұлы, ақын Ұ.О. Есдәулетов, ғалым‑филологтар А. С. Еспенбетов пен Б. А. Ердембеков, ғалым‑орнитолог Б. В. Щербаков өз лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, құрметті қонақтар арасында жаңа топтамаға енген кітаптардың авторлары, марқұм Қайым Мұхамедхановтың ұлы Қанағат Мұхамедханов, ауған соғысының ардагерлері т.б. зиялы қауым өкілдері болды.
Елбасы жолдауында «Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда», – деген еді. Берекелі де мерейлі жылда жаңадан шыққан өлкетану кітаптары Қазақстан патриотизмі идеясы негізінде жас ұрпақты тәуелсіз еліміздің жаңа адамын қалыптастырып, тәрбиелеуде лайықты рөл атқарады деп сенеміз.
Байланыс тел.: 261333, ішкі 123, Слямова З.М