2015 жылы 5 ақпанда А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада «2015 жыл-мерейтойлар жылы» атты дәстүрлі өлкетану кездесуі өтті.
Кездесуге келген студенттер, мұғалімдер мен кітапханашылар назарына Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақстан тарихының ғұмырнамасы» ауқымды кітап көрмесі және Ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Біздің Абай» электронды кітапханасы ұсынылды. Абай тақырыбын Семейдің Абай атындағы қорық –мұражайы директорының орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева онлайн түрінде жалғастырып, мұражай тарихынан сыр шертті. Ұлы ақынның 170 жылдық мерейтойына орай өткізілетін мәдени шараларға тоқталып өтті. Елбасы 2015 жылды – Қазақстан халқы Ассамлеясының жылы деп жариялады. Қазақ та, қазақ бауырына тартқан басқа көп ұлттың да көксеген мұраты біреу. Ол - тыныштық. Татулық пен тыныштықты жолдас еткен ШҚ Халықтар достығы үйінің 20 жылдағы тыныс-тіршілігі жайлы А. Жұмаділова айтып өтті. Әзербайжан, еврей этномәдени орталықтарының жұмысы туралы облыстық этнографиялық қорық-мұражайының мамандары Марине Солонец пен Татьяна Свахина әңгімеледі. Шығармашылық ұжымдар өмірінің жарқын беттерін суреттейтін этноауылда өткен мәдени шаралардан түсірілген фотосуреттер көрермен назарына ұсынылды. Облыстық мұрағат қызметкерлері Инна Некрасова мен Анар Манапова Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгер жерлестеріміз туралы мұрағат құжаттарымен таныстырды. Кеңес Одағының батыры Ізғұтты Айтықовтың майданнан отбасына жазған хаты ешкімді де бей-жай қалдырмады. Ұлы Отан соғысына қатысқан, жерлес журналист Меңғали Мусиннің жеке мұрағаты оқырман қауымға майдан ақиқаты туралы тың деректер ашты. Сонымен қатар облыстық мұрағат сайты арқылы соғысқа қатысқан туыстары туралы ақпарат іздеуге болатынын білді.