Кітапхана түніндегі өткен қызықты іс-шаралардың бірі – өлкелік аңыз, ертегілерге, ауыл-айтқыштарына арналды.
Бұрынырақта шағын ауылдардың өзінде үлкен сахнаға кейіпкер боларлық, болмыс-бітімі, жүріс-тұрысының өзі езу тартқызатын адамдар болушы еді..
Ал бүгін осы тектес адамдар бар ма? Адам өмірін ұзарту үшін екі нәрсе қажет. Оның біріншісі ұйқы, екіншісі-күлкі. Күлдіргі сөздің адам өмірінде алатын орны ерекше. Қалжыңбастық, айтқыштық қасиетті біз бүгін қалай түсінеміз? - деген тақырыпта сөз өрбіді. Бүгінгі қазақы қалжыңның жағдайы, ауыл айтқыштары туралы ой бөлісіп, әркім өз ауылының әзілкештері туралы әңгімеледі. Кітапхана қонақтары - танымал өлкетанушы, бірнеше кітаптардың авторы Советхан Қалиғожин, суретші Г. Құмарғазы, «Нұрорда» халықаралық мектебінің кітапханашысы Мәрияш Мұхамадиева т.б оқырмандар сұхбат құрып, өз өлкеміздегі аңыз –әпсаналарға тоқталды.
Қазақы қалжың мен сөз құдыретін түсіне білген бабаларымыз туралы келелі әңгіме қозғалды. Советхан аға ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ұстаз. Қаламының желi бар, жазу-сызуға құштар жан. Ел iшiн, сырт жерлердi де көп аралаған ол жүрген жерiнде өзi куә болған, жұрт аузынан естiген әрiптестерiнiң қазақы қалжыңдарын қағазға түртiп ала жүреді. Сол жазбаларының бiрқатарын оқырмандар назарына ұсынып, Найман еліне 30 жыл болыс болған Омар Бәйекешұлының тапқырлығы, шешендігі туралы әңгімелеп, талай аңыздың тарихын қаузады. Автор өзінің 2013 жылы жарық көрген «Мықты болсаң күлмей көр» атты кітабымен таныстырды.
2011 жылы «Шығыс –ақпарат» баспасынан шыққан небір әдемі әзілдер топтастырылған «Ауылдың айтқыштары» жинағы т.б. кітаптар оқырмандар назарына ұсынылды.
Бүгінде телеарналардан толассыз көрсетіліп жатқан шетелдік сериалдар жас ұрпақтың санасы мен ұлттық ділінің қалыптасуына кері әсерін тигізуде. Сондықтан шығар қазақы қалжың , ауыл әзілін сағынатынымыз рас. Бүгінгі кездесу сол олқылықтың орын басқандай болды. Кездесу барысында айтылған аңыз-әңгіме, уытты әзілдер жинақталып кітапхана сайтындағы өлкетану журналына қойылып, қалың оқырман игілігіне ұсыну көзделіп отыр.