23 сәуір - кітапты және автор құқығын қорғаудың дүниежүзілік күні. Бұл мерекені 1996 жылы ЮНЕСКО Уильям Шекспир (1564-1616), Мигель де Сервантес (1547-1616) және жазушы – тарихшы Инко Гарсиласо де ла Веганы (1539-1616) еске алу мақсатында бекітті. Бұл үш жазушыны біріктіріп тұрған олардың өмірден қайтқан күндері. 1616 жылғы сәуірдің 23-і. Қазір барлық өркениетті елдерде кітап жәрмеңкелері, көрмелер мен фестивальдер өткізіледі
Осы мерекеге орай А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Шығыс Қазақстанның әдеби өмірі» көрме-жәрмеңкесі өткізілді. Жергілікті “Рекламный дайджест”, “Медиа Альянс”, “Шығыс Ақпарат”, “Шығыс Полиграф”, “Наследие” баспалары өздерінің жаңа және өткен жылдардағы маңызды басылымдарымен таныстырды. Баспагерлер өз жоспарларымен бөлісіп, таяуда жарыққа шығатын жаңа кітаптары жайлы әңгімелесе, танымал авторлар Қ. Алтыбай, М. Зүкенұлы, Т. Мағзұмов қоғам өміріндегі кітаптың атқарар ролі жайлы баяндады. Белгілі абайтанушы, сөзжұмбақшы, өлкетанушы Қ. Алтыбай өз кітаптарын ың электрондық нұсқасын жасап, интернетке қою үшін кітапхана әкімшілігімен келісім –шарт жасасты. Кітап күні және автор құқығын қорғау мерекесімен қоса қаламгердің бүгінгі туған күні де назардан тыс қалған жоқ. Кітапхана ұжымы оқырмандар атынан жылы лебіздерін білдіріп, авторға «Шығыс жұлдыздары» атты энциклопедияны сыйға тартты.
Оқырмандар үшін баспа өнімдерімен, авторлармен жақын танысу мүмкіндігі туды. Бірін-бірі сырттай естіп білген қаламгерлер де өзара әңгіме –дүкен құрып, пікір алмасты.