Поэзия – қасиетті де киелі сөз. Поэзияны үлкен құлып десек, оны ашатын алтын кілт – ақын жүрегі. Ақын халықтың сүйікті де ардақты азаматтарының қатарында тұрады.
Халық қалаулысы болу ақынның тілге шешен болуы ғана емес, сонымен бірге халық тұрмысының шындығын суреттеуі, оның қуанышына бірге қуанып, қайғысына бірге қайғыруы. Сондай ақынның бірі де бірегейі біздің жерлесіміз зайсандық Ұлықбек Есдәулетов биылғы жылы 29 сәуірде алпыс жасқа толды. Алдында Алтайдың асқақ армандары қол бұлғап, өлең өлкесінде өзіндік өрнегімен танымал болған Ұлықбек Есдәулетов.
Ұлықбек Есдәулетов - өз тұстастарынан әдебиетке әлдеқайда ерте келіп, жұрт көзіне ерте іліккен жігіт. Ол шәкірттік мектептен шұғыл түрде өтті де, өлеңдегі өз жолын, өз үнін бірден-ақ белгілеп алды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін бұл ақын өлеңдері де бүгінде бұрынғыдан да ауқымын кеңейтіп, бұрынғыдан да тереңдей түсті. Оның өлеңдері енді қазіргі қазақ поэзиясының принциптері сәттіліктері мен перспективті тенденцияларына арналған еңбектерде сөз бола алатындай деңгейге көтерілді дей аламыз»,-деп баға береді Темірхан Медетбек.
Оның жарқын да кестелі жырлар туғызуына бір себеп – ақынның халық ауыз әдебиетінің бай мұраларымен, өзіне дейінгі ақын-жыраулардың шығармаларымен сусындалып өскендігінде сияқты.
Ұлықбектің лирикаға толы, туған ел мен жерге сүйіспеншілігі жайлы жырлары тек біздің Қазақстанда, Шығыс Қазақстанда ғана емес көрші Қырғыз, Өзбек, Болгария, Румыния елдерінде де тасқа басылып шықты. Бір қызығы, ауылы аралас, қойы қоралас жатқан қырғыз елі Ұлықбекті өз баламыз деп ардақтайды екен. Қырғыздың ақыны Сүйінбай Ералиев ұзақ жылдар бойы Ұлықбектің ән-жырларын қырғыз тіліне аударып жүр. Қазақстанның шығысы мен Қырғыз елінің арасы біршама жер екендігі мәлім. Әйткенмен де, «тау мен тау қосылмаса да, адам мен адам табысар» деген ғой атам қазақ.
Ұлықбек Есдәулетовтің поэзиясын біздің кітапхана оқырмандары сүйіп оқиды. Біздің қорда Ұлықбектің 30 дан астам кітаптары мен жүздеген мақалалары бар. «Талантымен табындырған ақын» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Алпыстың асқар шыңына шығып отырған жерлесімізге шығармашылық табыс, қаламыңыз ешқашан мұқалмай, тартымды өлеңдеріңізбен бізді қуанта беріңіз демекпіз.
Өзіңізге және отбасыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, ырыс пен ынтымақ, бақыт пен береке тілейміз! Шығар шыңдарыңыз әрқашанда биік болғай!