Ақын Адалбек Ақмәдиұлының жары Жанар Төлегенқызы Рақымжанова А. С. Пушкин атындағы кітапхана қорына «Айжанар», «Аян» атты өлеңдер жинағын сыйға тартты. Жанарға рахметіміз шексіз.
Адалбек Ахмадиұлы 1969 жылы наурыздың 23 жұлдызында Шығыс Түркістанның Алтай аймағы Жеменей ауданында дүниеге келген. 1996 жылы Моңғол асып (арып-ашып) атажұртқа қашып келген. Сол кезде Моңғолияның Нұрбат деген азаматы екі елдің арасында сауда жасайды.
Адалбектің өлеңдерін тыңдап жүрген Нұрбат «Ай қарағым, мынандай талантыңмен жат жерде қор боласың ғой, не болса да елге жетуге тырыс. Мен сенің жүк машинасының бір қуысына тығып шекарадан асырамын, әрі қарай қазақ жеріне табаның тиген соң өлмессің».
Адалбек келісе кетеді. Сөйтіп, қақаған қыстың қақ ортасында киім кешек басқан машинаның қорабына тығылып, ауыр жүктің астында он төрт сағат жатып өлдім-талдым дегенде бір қараға жетеді. «Қауіпсіз аумаққа келдік, бала, енді бері шығуыңа болады,- деген Нұрбат ағасының дауысын естігенде, бұл машинадан секіріп түсіп, топырақты құшып, жылап жібереді. Қазақ деп-Нұрбатты айт, қазақ деп-Адалбекті айт. Сөйтіп біздің қатарымызға тағы ір тамаша ақын қосылды. Адалбек бәріне шыдады, бәріне көнді.... Қазақ болғаны үшін, қазақ ақыны болғаны үшін көнді. Дүниеде қазақ болудан артық қандай бақыт бар! Осындай сезімі болмаса, ол Қазақстанды қайтеді? Қазақстан оны қайтеді?!
Өлеңдері
Түн
Таулардың етегі тыныш табын,
Қалбаң-қалбаң етеді жыныста кім?!
Ай үстінде ақ сүйек арманымды,
Алғаш рет аялап уыстадым.
Елес
Жарық жұлдыздар қашан ақты?
Ай шуағым, сүт сәулем шапағатты.
Шығып кеткен жүректің шеңберінен,
Таппай жүрмін аяулы махаббаттыү.
Түс
Бәрі де бұлыңғыр түске айналды,
Арғы бетте ақ тырнам ұшпай қалды.
Кұте-күте суынған сезімдердің,
Кірпігіне тұңғиық шық байланды.
Таң
Тағы да сағыныш сарсаңы ма?...
Уһ жеттім ау ақыры аңсарыма.
Сақтап келген сабырдың сақинасын,
Жүрегіңнің салайын саусағына!....
Ақынның бұл жинақтарына оның лирикалық өлеңдері мен «Ана» атты поэмасы енді.
Құрметті оқырман кітап сіздің еншіңізде!