Балалар жазушысы Кульмай Сембаева «Көңіл толқындары» : Бестерек ауылы ақындарының өлеңдер жинағын кітапхана қорына сыйға тартты.
Қазақстан мемлекетінің киелі жерлерін, біздің жұмбақ жер Ақбауырды зерттеп сақ заманынан қалған ғажап жәдігерлерін, қазақ халқының салт дәстүрін әлемге танытып жүрген, Бестеректе ғылыми-археологиялық мұражайдың ашылуына ұйытқы болған, осы ауылдың тумасы археолог ғалым, профессор, елжанды тарихшы, Ұлан ауданының құрметті азаматы Зейнолла Самашевтың жерлес ақындардың жыр жинағын жинақтап кітап шығару туралы ой тастауы, ұсынысы, тікелей қолдау көрсетіп жол салуы жерлестеріне жақсы жаңалық болды.
Кітаптың бірінші бөліміне Бестерек пен Тоқсанбай ауылдарында және маңайдағы шағын елді мекендерде туып өскен ұстаздардың, қажырлы еңбек еткен, сәл босай қалған кезде шығармашылық жұмыстармен айналысқан қарапайым еңбек адамдарының жүрек жарды өлеңдері жинақталған.
Кітаптың екінші бөлімінде Бестерек ауылының тұрғыны Ғадас Салықов атындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған зейнеткер ұстаз Кульмай Сембаеваның әр тақырыпты қамтып жазған өлеңдері топтастырылған.
Көпшілік өлеңдер туған жерге, елге деген сүйіспеншіліктен туындаған. Кітап көпшілік қауымға, өлең сүйер оқырманға арналған.