14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні. Бұл мереке 2012 жылдың 14 ақпанынан бастау алған. Кітап сыйлау күнін белгілеп, өткізудің мән-мағынасы – адамдар бір-біріне, әсіресе ересектердің балаларға кітап сыйлау арқылы оларды кітап оқу дағдысына баулу және өзара мәдени сипаттағы жылы қарым-қатынасты дамыту болып саналады.
Аталған халықаралық мереке қарсаңында кітапханамызға Өскемендегі «Достық үйі-Қоғамдық келісім» орталығы жанындағы «Атамұра» ансамбліне жылдар бойы жетекшілік етіп келген жерлесіміз Ерболат Садуақасұлы «Ұлағат» атты кітабын сыйға тартты.
Автордың қолтаңбасымен табыс етілген жинаққа қаламгердің әр жылдары жазылған туыстарға, ауылдастарға анаға-балаға, достарға т.б. ақ тілекпен жазылған өлең жолдары енген. «Асылдан – қасиет, жақсыдан – өсиет» болатын, осы ғибратты туындыны кітапханамыздан алып, оқуларыңызға болады.
Ал, атына заты сай, ұлағатты кітап сыйлаған Ерболат Садуақасұлына шығармашылық табыс, отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тілейміз. Қаламыңыз мұқалмасын!